Гүлнәр Бажкенованың үстінен жалған ақпарат тарату күдігімен қылмыстық іс қозғалды
Полиция арыздар негізінде қылмыстық іс тіркеді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы полиция департаменті Орда редакциясының бас редакторы Гүлнәр Бажкеноваға қатысты бірнеше эпизод бойынша қылмыстық іс қозғады. Оны әдейі жалған ақпарат таратты деген күдікпен ұстағаны белгілі болды.
Полицияның хабарлауынша, азаматтардан түскен арыздар негізінде БАҚ өкілінің бірқатар материалында факт бұрмалау белгілері анықталған. Алдын ала дерек бойынша, 2024 жылғы бір жарияланымда құқық қорғау органының қызметкері пара алған сәтінде ұсталды деген ақпарат таратылған, алайда бұл мәліметтің шындыққа жанаспайтыны тексеріс барысында анықталған.
Полиция бұл жарияланым қызметкердің кәсіби беделіне зиян келтіріп, қоғамда жалған түсінік қалыптастырғанын атап өтті. Басқа бір материалда да мүлік дауына байланысты залал көлемі мен себептері дұрыс көрсетілмей, жалған ақпарат берілгені анықталған. Бұл да арызданушының іскерлік беделіне нұқсан келтірген.
Сонымен қатар өткен жылдары жарияланған өзге материалдар бойынша да зардап шеккендердің өтініші тіркеліп, олардағы фактілердің шынайылығы тексеріліп жатыр.
Тергеу аясында Бажкенованың тұрғылықты жері мен жұмыс орнында процессуалдық әрекеттер жүргізіліп, электронды құрылғылар мен материалдарға сараптама тағайындалған.
Қылмыстық істің мән-жайы заң шеңберінде анықталатын болады.
Материал авторы