Ақтөбеде жоғалған жасөспірім мен ер адам өлі күйінде табылды
Екі ақтөбелік суға кеткен күйінде табылғаны анықталды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбеде 30 қарашада хабар-ошарсыз кеткен екі тұрғын – 16 жастағы мектеп оқушысы мен 27 жастағы ер адам – іздестіру барысында өлі күйінде табылды. Бұл ақпаратты облыстық ТЖД мен полиция растады.
1 желтоқсанда өңірлік полиция басқармасынан 112 қызметіне екі адамның жоғалғаны туралы жедел хабар түскен. Іздеу жұмыстарына ТЖД күштері, ТЖМ-нің 20982 әскери бөлімі, полиция қызметкерлері, кинологтар, су астында іздейтін мамандар және жылуіздегіштермен жабдықталған дрондар жұмылдырылды.
ТЖД мәліметінше, іздеу кезінде алдымен жасөспірімнің денесін су астынан тапқан. Марқұм сот-медициналық сараптама жүргізу үшін полицияға тапсырылды. Ертеңінде құтқарушылар екінші жоғалған азаматты жағадан шамамен 30 метр қашықтықта дрон арқылы анықтап, судан шығарған.
Полиция екі адамның өз үйлерінен 30 қарашада шығып кеткенін, телефондары кейін өзен жағасынан табылғанын хабарлады. Алдын ала дерек бойынша, денелерден зорлық белгілері анықталмаған. Оқиғаның нақты себептері мен мән-жайы тергеу барысында белгілі болады.
Жасөспірім мен 27 жастағы ер адамның бір-біріне қандай қатысы болғаны әзірге жарияланған жоқ.
Материал авторы