SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астана қалалық полиция департаменті интернет алаяқтық оқиғаларының саны артқанын хабарлап, азаматтарға ресми ескерту жасады. Соңғы жағдайлардың бірінде Қазақстанның белгілі бизнесмені және «Қазатомпром» компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевтің бейнесі қолданылған дипфейк роликтері пайдаланылған.
Әлеуметтік желілерде, әсіресе YouTube-та «Қазатомпром» акцияларына тиімді инвестиция салуға шақыратын жалған видеороликтер тарауда. Видеода Жәкішевтің бейнесі мен дауысы жасанды интеллект арқылы жасалып, көрермендерге жоғары табысқа кепілдік беретіндей етіп ұсынылады.
Полицияның хабарлауынша, Мұхтар Жәкішевтің мұндай видеолармен ешқандай байланысы жоқ. Бұл – алаяқтық мақсатпен жасалған фейк ролик.
Құқық қорғаушылар мұндай схемалар халықтың танымал тұлғалар мен ірі ұлттық компанияларға сенімін пайдалану үшін ойластырылғанын атап өтті. Жәкішевтің бейнесін және «Қазатомпром» брендін қолдану – жалған жарнаманы заңды әрі сенімді көрсетуге бағытталған әрекет.
Полиция департаменті ескертеді:
Мұндай видеоларға сенуге болмайды;
Ақша аудармау керек;
Рекламалық сілтемелерге өтпей, жеке мәліметтерді бермеу қажет.
Қаржы қауіпсіздігі – әр азаматтың өз бақылауында. Кез келген инвестициялық ұсынысты тек ресми дереккөздер мен лицензияланған қаржы ұйымдары арқылы тексеру керек.
RUS