Әйелі жоқ кезде өгей баласын қорлап келген ер адам сотталды
Павлодар өңірінде баланы азаптау дерегі әшкере болды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Павлодар облысында өгей әке кәмелетке толмаған баланы жүйелі түрде ұрып-соқты деген күдікпен жауапқа тартылды. Қылмыс фактісі кең ауқымды профилактикалық айлық аясында анықталды. Іс-шараға прокуратура, полиция департаменті және жергілікті атқарушы органдар қатысқан.
Павлодар облысы прокуратурасының ресми мәліметіне сәйкес, Аққулы ауданында жүргізілген тексеру барысында кәмелетке толмаған балаға қатысты күш қолдану дерегі әшкереленген. Анықталғандай, мектепалды сыныпта оқитын бала анасы уақытша Алматы облысына кеткен кезеңде өгей әкесінің соққысына ұшыраған.
Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 110-бабы — «Азаптау» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары дереу басталды.
Сонымен қатар профилактикалық іс-шаралар барысында құқық қорғау органдары мемлекетаралық іздеуде жүрген 9 азаматты анықтады. Бұл олардың заң алдындағы жауапкершіліктен жалтаруына тосқауыл қоюға мүмкіндік берген.
Материал авторы