SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбе облысында Темір қаласының әкімі Еркін Далмағамбетов қаза тапты. Қайғылы оқиға 20 желтоқсан күні кешкі сағат тоғыздар шамасында болған. Әкімнің мәйіті өз үйінен табылған. Марқұм 46 жаста еді.
Аталған деректі Темір аудандық әкімдігі растады. Аудан әкімі Алмас Жақсылықовтың айтуынша, оқиғаға байланысты қазір жан-жақты тексеру жүргізіліп жатыр.
«Мәйіт тұрғын үйден табылды. Қазіргі уақытта барлық мән-жай анықталуда. Марқұмның артында балалары қалды», – деді ол.
Еркін Далмағамбетовтың екі некеден алты баласы бар екені белгілі. Ол Темір қаласының әкімі қызметіне өткен жылдың маусым айында тағайындалған. Бұған дейін мемлекеттік қызметтің түрлі сатыларында еңбек еткен.
Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаға қатысты тергеу басталғанын хабарлады.
«Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу жүргізілуде. Қосымша ақпарат жария етілмейді», – деп мәлімдеді ведомство өкілдері.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбе облысының Алға ауданында Бестамақ ауылының әкімі Қанат Дәулеталиннің өзіне қол жұмсамақ болғаны туралы ақпарат тараған еді.
RUS