SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбе облысындағы Темір қаласының әкімі Еркін Далмағамбетовтің қазасы қоғамда ауыр күйзеліс тудырды. Оның өмірден өз еркімен кеткені туралы ақпарат 22 желтоқсан күні таңертең тарады. Бұл деректі облыстық полиция департаменті растады.
Қайғылы хабарды Темір аудандық әкімдігі де растады. Әріптестері мен жергілікті билік өкілдері марқұмды жауапты, талапшыл әрі сабырлы басшы ретінде сипаттап отыр.
Темір ауданының әкімі Алмас Жақсылықовтың айтуынша, Еркін Далмағамбетов қала әкімі қызметін бір жылдан астам уақыт атқарып, өз міндетін адал орындаған.
– Бұл – баршамыз үшін ауыр қаза. Біз өз әріптесімізден айырылдық. Ол жұмысқа өте жауапкершілікпен қарайтын, жинақы, ұстамды, мақсатшыл адам еді. Әріптестері де, қала тұрғындары да оны құрметтейтін, – деді аудан әкімі.
Еркін Далмағамбетов 1979 жылы Ақтөбе облысының Темір қаласында дүниеге келген. 2001 жылы Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата атындағы университетті «инженер-координатор» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын облыстық жер ресурстарын басқару комитетінде жетекші маман ретінде бастап, кейін жер қатынастары саласында, сондай-ақ жекеменшік ұйымдарда қызмет атқарған.
2024 жылдың 3 маусымынан бері Темір қаласының әкімі қызметін атқарып келген. Темір – қала мәртебесі болғанымен, халқы екі мыңнан сәл асатын шағын елді мекен.
Қазіргі таңда қайғылы оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды.
RUS