553

АҚШ архиві ашылды: Путин 2001 жылы Ресейді НАТО-ға қабылдауды сұраған

Путин мен Буштың жасырын диалогы жария болды.

АҚШ архиві ашылды: Путин 2001 жылы Ресейді НАТО-ға қабылдауды сұраған
Ria Novosti/KREMLIN/Vladimir Rodionov/Via REUTERS

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ-тың Ұлттық қауіпсіздік архиві 2001 жылы Ресей президенті Владимир Путин мен сол кездегі АҚШ президенті кіші Джордж Буш арасында өткен келіссөздердің стенограммасын жариялады. Құжаттан сол кезеңде Путин Ресейдің НАТО-ға қосылу мүмкіндігін қарастыруды сұрағаны анық көрінеді. Ол Мәскеу өзін альянстан «шеттетілгендей» сезінетінін айтқан. Бұл туралы dw.com хабарлады.

Әңгіме барысында тараптар Ресейдің әлемдегі орны мен Батыспен қарым-қатынасты талқылаған. Джордж Буш Ресейге Батыстың бір бөлігі ретінде қарайтынын, оны жау санамайтынын жеткізген. Сонымен қатар ол алдағы 50 жылда жаһандық тұрақтылыққа негізгі қауіп Қытай тарапынан тууы мүмкін екенін атап өткен. АҚШ президентінің айтуынша, Ресейдің стратегиялық мүдделері Батыспен тығыз байланысты, ал елдің өзі құқық үстемдігіне, кәсіпкерлікке және баспасөз еркіндігіне негізделген жүйеге ұқсауы тиіс.

Путин өз кезегінде Ресей үшін басты мәселе – оның жау емес екенін ресми түрде мойындау екенін айтқан. Ол Ресейдің де, АҚШ сияқты, еуропалық әрі көпұлтты мемлекет екенін алға тартқан. Буштың «50 жылдан кейінгі әлем» туралы пікіріне тоқталып, сол болашақта Ресей мен АҚШ-ты одақтас елдер ретінде елестете алатынын білдірген.

Ресей президенті тарихқа да жүгініп, 1954 жылы Кеңес Одағының НАТО-ға мүшелікке өтініш бергенін еске салған. Оның айтуынша, ХХ ғасырдың ортасында альянс келтірген бас тарту себептері 2000 жылдардың басында өзекті болудан қалған. Осыған байланысты Путин «мүмкін, Ресей НАТО мүшесі бола алар еді» деп нақты мәлімдеген.

Стенограммада Путин Кеңес Одағының ыдырауын да өзінше түсіндірген. Ол әлемдік тәртіптің өзгеруіне КСРО-ның «ізгі ниеті» себеп болды деп есептейді. Оның айтуынша, Ресей «мыңдаған шаршы шақырым» аумақтан ерікті түрде бас тартқан. Бұл тұрғыда Украина, Қазақстан және Кавказ аймақтары аталады. Сондай-ақ Путин Ресей қоғамының елеулі бөлігі, соның ішінде элита, болған өзгерістерді «алдану» ретінде қабылдағанын, себебі бұл өзгерістер адамдар пайдалана алатыннан да көп еркіндік әкелгенін айтқан.

Кейінгі жылдары Путин НАТО тақырыбына қайта оралды. 2025 жылдың қазан айының басында «Валдай» клубының отырысында ол Ресейдің НАТО-ға екі рет – 1954 жылы және 2000 жылы, АҚШ президенті Билл Клинтонның Мәскеуге сапары кезінде – қосылуға талпынғанын мәлімдеді. Алайда Джордж Бушпен болған 2001 жылғы әңгімені ол бұл жолы атамаған.

Сол сөзінде Путин Украинаға қарсы соғысты НАТО-ның Ресей шекарасына жақындауымен және Киевтің «нақты егемендігін» сақтамауымен байланыстырды. Осы уәждерді ол 2022 жылғы ақпанда толыққанды басып кіруді жариялаған кезде де қолданған.

Соғыс басталғаннан кейін НАТО қатарына Финляндия мен Швеция қосылды. Нәтижесінде Ресей мен альянс арасындағы шекара ұзындығы екі еседен аса өсіп, шамамен 1,3 мың шақырымға ұлғайды. Бұған дейін Путин Хельсинки мен Стокгольмнің НАТО-ға кіруін қауіп деп санамайтынын айтып, «қаласа – кірсін» деген мәлімдеме жасаған.

Материал авторы