401

Сарандағы өрт: демалыстағы полицей бала мен зейнеткерді құтқарды (ВИДЕО)

Қарағанды облысында полиция сержантының ерлігі камераға түсті.

Сарандағы өрт: демалыстағы полицей бала мен зейнеткерді құтқарды (ВИДЕО)
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қарағанды облысының Саран қаласында полиция сержантының ерлік әрекеті жедел басқару орталығының бейнебақылау камераларына түсіп қалды.

Оқиға кешкі уақытта көпқабатты тұрғын үйдің бір пәтерінде балкондағы қысқа тұйықталу салдарынан өрт шыққан кезде болған. Сол сәтте демалыста жүрген полиция сержанты Дамир Оразалин досы Николай Тарасовпен бірге жақын маңда серуендеп жүрген.

Түтінді байқаған олар бірден оқиға орнына жүгіріп жеткен. Алдымен бірінші қабаттағы пәтерлердің терезелерін қағып, тұрғындарды қауіп туралы ескерткен. Подъездің есігі ашылған сәттен бастап Дамир Оразалин адамдарды эвакуациялауға кіріскен.

Бейнежазбада сержанттың әуелі кішкентай баланы сыртқа шығарып, кейін қайта оралып, қозғала алмайтын зейнеткер әйелді қолына көтеріп алып шыққаны анық көрінеді.

Осы уақытта Николай Тарасов пен өрт шыққан пәтердің иесі балкондағы әйнектерді сындырып, өрт ошағын қармен басуға тырысқан. Олардың әрекеті оттың әрі қарай таралуына жол бермеген.

Ведомство мәліметінше, полиция қызметкері мен оның серігінің жедел әрі батыл қимылының арқасында адам шығынына жол берілмей, өрт салдары дер кезінде ауыздықталған.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор