Астанада түнгі клуб маңындағы төбелестен 18 жастағы бозбала қайтыс болды
Жанжал адам өлімімен аяқталды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада түнгі ойын-сауық орнының маңында 18 жастағы қала тұрғыны пышақ жарақатынан көз жұмды. Қалалық полиция департаменті қылмысқа қатысы бар деген күдікпен екі адамды ұстағанын хабарлады.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, аталған дерек бойынша «денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, абайсызда адам өліміне әкеп соғу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Полицияның ресми хабарламасында, күдікті ретінде екі азаматтың ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғаны айтылған. Алдын ала анықталғандай, түнгі клубтардың бірінің маңында жастар арасында сөзге келу орын алып, ол төбелеске ұласқан. Қақтығыс салдарынан 18 жастағы жігіт ауыр жарақат алып, оқиға орнында қаза болған.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр. Полицейлер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, қылмыстың нақты себептерін тексеруде.
Полиция өкілдері ойын-сауық мекемелеріне келушілерді қоғамдық тәртіпті сақтауға және жанжалдан аулақ болуға шақырды. Құқық қорғау органдары кез келген заңсыз әрекет үшін заң аясында жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.
Материал авторы