Альмира Тұрсын Ақан Сатаевтың бұрынғы әйелі жасаған даулы мәлімдемелерге жауап берді
Актриса желідегі өшпенді пікірлерге жауап қайтарды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, «Томирис» фильміндегі басты рөлі арқылы кеңінен танылған актриса Альмира Тұрсын режиссер Ақан Сатаевтың бұрынғы жары Назира Бақаеваның қоғамда үлкен резонанс тудырған сұхбатынан кейін мәлімдеме жасады. Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында қазақстандықтарды өзгенің жеке өміріне араласпауға және асығыс қорытынды жасамауға шақырды.
Альмира Тұрсынның айтуынша, біреудің тағдыры мен ішкі күйі көпшілік талқылайтын тақырып болмауы тиіс. Актриса желідегі пікірлердің шектен шығып бара жатқанын атап өтіп, сырттай үкім айтудың оңай екенін еске салды.
«Желіде не болып жатқанын қарасаң – нұсқа мен жорамал көп, өшпенділік, қарғыс та жетеді… Біреудің жаны – тұңғиық, біреудің өмірі – көпшілік талқылайтын алаң емес. Біз адамның нені бастан өткергенін білмейміз. Неге дәл сондай таңдау жасағанын да білмейміз. Не туралы ойлайтынын, не деп дұға тілейтінін де… Сырттан қарап үкім айту оңай. Сұрамаған кеңесті беру де оңай. Өзің өмір сүрмеген жағдайдағы шешімдерді талқылау да оңай», – деп жазды ол.
Өнер иесі әр адамның өз жолы, өз тағдыры бар екенін атап өтті. Оның пікірінше, әркімге өз өмірін өзі қалағандай сүруге мүмкіндік беру қажет.
«Алайда әркімнің өз жолы бар. Өз қатесі, өз жеңісі бар. Көргеніңнің бәрі сенің пікіріңді талап етпейді. Түсінбегеніңнің бәрі түсіндіруді қажет етпейді. Адамға өз өмірін сүруге құқық беріңіз – сізге “дұрыс” көрінетін өмірді емес. Баршаңызға тыныштық, мейірім, махаббат және бақыт тілеймін. Өз өміріңіз өзгелердікінен де қызық болсын!» – деп түйіндеді актриса.
Еске салайық, бұған дейін Назира Бақаева 25 жыл отасқан режиссер Ақан Сатаевпен ажырасуына Альмира Тұрсын себеп болғанын айтып, ашық сұхбат берген еді. Кейінірек Ақан Сатаев та бұрынғы жұбайының мәлімдемесіне жауап қатты.
Материал авторы