Астанада құқық қорғау қызметкерін атып кетті
Әкесінің мылтығынан оқ атқан 21 жастағы күдікті ұсталды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, елордада аңшылық мылтықтан оқ атқаны үшін 21 жастағы күдікті ұсталды. Полиция департаментінің хабарлауынша, атыс салдарынан зардап шеккен азамат – құқық қорғау органының қызметкері. Оқиға болған сәтте ол еңбек демалысында жүрген.
Тергеу дерегінше, күдікті автокөлік жүргізушісіне бағыттап оқ атқан. Оқиғадан кейін ол із суытып үлгергенімен, жедел-іздестіру шаралары барысында ұсталып, қару тәркіленді. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Белгілі болғандай, пайдаланылған аңшылық мылтық күдіктінің әкесіне тиесілі. Ол қаруды сақтау талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Әлеуметтік желілерде тараған нұсқада ер адам жолға шығып, қозғалыстағы көлікке оқ атқан, ал жүргізуші өзін қорғау мақсатында шабуылдаушыны қағып кеткені айтылады. Алайда бұл ақпарат ресми түрде расталған жоқ.
Тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жарияланбайды.
Материал авторы