494

Көрші елдің 2042 жылы жасағалы отырған ісі елді дүрліктіріп жатыр

Масқара болғанда, ЖІӨ-ге шаққандағы Ресейдің мемлекеттік борышы өздері мазақ ететін Американың қарызынан да асып кеткелі тұр.

Көрші елдің 2042 жылы жасағалы отырған ісі елді дүрліктіріп жатыр
ЖИ иллюстрациясы

Ресейде «2042 жылға дейінгі кезеңге арналған Бюджет болжамы» күшіне енді. Оған РФ Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин қол қойған.Болжамды әзірлеу барысында билік президент белгілеген ұлттық даму мақсаттарына қол жеткізу, әлеуметтік міндеттемелерді орындау, сондай-ақ ұлттық жобалар мен мембағдарламаларды жүзеге асыру мақсаттарын негізге алған екен.

РФ Экономикалық даму министрлігі дайындаған Бюджет болжамы базалық және консервативтік 2 сценарийден тұрады. Бұл жердеконсервативтік үрейлі нұсқасы негізінен (№3 және №5 қосымшалар) құпияландырылған. Федералдық бюджет шығыстарының үрейлі сценарийі жарияланбады, шамасы, билік халықтың психикалық саулығын ойласа керек.

Ал, базалық сценарий көрші бюджетінің кірістерінің 2026 жылдан ары қарай жылына орта есеппен 2,1%-дап қана жоғарылауын қарастырады. Федералдық бюджетінің шығыстары болса, адам шошырлық қарқынмен өседі және 2042 жылға қарай 2019 жылғы деңгейдегіден 2 еседен астамға өседі. Мұны «Ведомости» басылымымәлімдеді.

Бірақ бұл тек сұрапыл майдан алдындағы жаттығу сияқты ғана екен. Ұзақмерзімді бюджеттік болжамға сәйкес, 2042 жылы федералдық бюджетінің шығыстары 125,8 триллион (!) рубльден асып түсуі мүмкін. Үкімет осылайша ресейлік бюджеттің болашақта созылмалы тапшылыққа ұшырайтынын ашық мойындайды. Соғысқа дейінгі жылдары ол профицитті болғанымен, енді тапшылық тұрақты әрі жүйелі сипатқа ие болады.

РФ Федералдық бюджеті дефицитінің болжамды көлемі:

2027 жылы – минус 3 трлн 186 млрд,
2028 жылы – минус 3 трлн 514 млрд,
2029 жылы – минус 3 трлн 289 млрд,
2030 жылы – минус 3 трлн 460 млрд,
2031 жылы – минус 3 трлн 864 млрд,
2032 жылы – минус 4 трлн 895 млрд,
2033 жылы – минус 6 трлн 15 млрд,
2034 жылы – минус 6 трлн 881 млрд,
2035 жылы – минус 8 трлн 151 млрд,
2036 жылы – минус 9 трлн 895 млрд,
2037 жылы – минус 10 трлн 995 млрд,
2038 жылы – минус 12 трлн 773 млрд,
2039 жылы – минус 14 трлн 503 млрд,
2040 жылы – минус 16 трлн 978 млрд,
2041 жылы – минус 19 трлн 416 млрд,
2042 жылы – минус 21 трлн 622 млрд рубль.

Бюджет болжамындағы жұртқа жаға ұстатқан тағы бір жайт мемлекеттің берешегінің еселеп өсетіні. 2025 жылдың қорытындысыбойынша Ресейдің мемлекеттік қарызы 38,5 трлн рубль ғана болған еді. Кремлшіл сарапшылар осыны алға тартып, билікті мақтап жүр және ЖІӨ-ге шаққандағы ресейлік мемборыштың әлемдегі ең азы екенін дәріптеумен келеді.

Бұл тек басы ғана көрінеді. Алда бәрі өзгеретінге ұқсайды. Бюджет болжамында жазылғандай, 2042 жылға қарай ол адам сенбес ауқымға 450 триллион рублге жетеді.

Консервативтік сценарий бойынша РФ мемлекеттік борышы келесі 2027 жылғы – 50 триллион 562 миллиардтан 2042 жылы 452 триллион 903 миллиард рублге дейін аспандайтын түрі бар.

Ресейлік белгілі сарапшы, экономика ғылымдарының докторы Игорь Липсицтің пікірінше, Ресей қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт, тоқшылық жылдары жинаған қоңының көбін «жеп» қойды. Ақша жетіспеушілігінің өршігені соншалық, тіпті бүкіл ұлттық қорының өзі бюджет жыртығының жартысын ғана жамай алады.

«Төрт жыл бойы үздіксіз соғыс жүргізу кез келген экономиканың ыңыршағын айналдырып, тұралатып, титықтатып тастайды. Оның үстіне РФ-тың алтын-валюта резервтерінің едәуір бөлігі шетелде бұғатталды. Ал, ел ішінде қалған қаржыны соғыс қажеттілігінеқарқынды жұмсап тастады. Мысалы, 2021 жылғы 1 желтоқсанда РФ Ұлттық әл-ауқат қорында (ФНБ) көлемі 13,9 трлн рубль қор жатқан еді, енді одан тек жұрнақ қана қалды бар болғаны 4 трлн шамасында. Яғни, бүкіл қор өткен жылғы бюджет тапшылығының 7,3 трлн рублдіңжартысын ғана өтей алады», деді экономист.

Ол РФ үкіметінің 2042 жылға дейінгі консервативтік болжамы жүзеге асса, Ресейдің ЖІӨ-ге шаққандағы мемлекеттік қарызы АҚШ-тан да көп болатынын мәлімдеді. Өйткені мемлекеттік берешегі ЖІӨ-сінен 2 еседей асып түседі.

Ресейлік экономикалық шолушы әрі публицист Максим Блант Бюджет болжамындағы кейбір болжамдық көрсеткіштердің ақылға қонбайтындай «дәлдігіне» назар аудартады: дәл бір Мишустинніңкомандасы 2042 жылға «саяхаттап» барып, қаттап-шоттап қайтқан ба дерсіз.

«Немесе шектен тыс қиялданып, қиялиланып кеткен. Мәселен, доллар бағамын алайық. 2030 жылы ол Ресейде тура 104 рубль 90 тиынды құрайды деп көрсетілген. Артық та емес, кем де емес! 2036 жылыбағам 118 рубль 20 тиын болады. 2042 жылы 133 рубль 10 тиынды құрайды. Ресейлік мұнайдың әлемдік нарықтағы бағасы 2030 жылы барреліне 69 доллар деңгейінде қалай «орнығып» алса, сол күйі келесі 12 жыл бойы жаһандық нарықта желіммен жабыстырғандай қозғалмай тұрады екен. Бүгінде РФ мұнайының құны 40 доллар маңайында ғана», деді ресейлік сарапшы.

Енді байыппен қарасақ, Бюджет болжамындағы шындыққа көбірек ұқсайтын жалғыз тұсы мынау «игеріліп қойған кен орындарындағы қорлардың сарқылуына және инвестициялардың жеңілдікті кен орындарына ауысуына байланысты бюджеттегі мұнай-газ кірістерінің үлесі біртіндеп азаяды» деген тұжырым.

Бірақ тіпті мұнай-газ кірістері жөніндегі болжамды жасағанда да, құжатпен айналысқан шенеуніктер әлемнің көптеген елдері қабылдаған декарбонизация саясатына көз қиығын да салмапты.Еуропа түгіл, басты серіктесі Қытай мен Қазақстан парниктік газдардың нөлдік шығарындысына ие төмен көміртекті экономикаға көшу стратегияларын қабылдап қойды. Ресейлік ұзақ мерзімді құжатта бұл ескерілмеген.

«Бұл құжатта сондай-ақ үкімет 2040-шы жылдары Ресей экономикасы бетпе-бет келетін, әрі қазірдің өзінде азды-көпті дәл болжауға болатын сын-қатерлерге де жауап іздемепті. Мысалы, қазіргі балалардың санына, 2042 жылға қарай еңбекке жарамды жасқа жететіндердің және сол уақытта зейнетке шыға бастайтындардың арақатынасына қарасақ, демографиялық дағдарыстың жаңа толқыны туралы батыл айтуға болады. Бұл жағдайды үкіметтің ешбір әрекеті, көп балалыотбасыларға берілетін ешқандай жеңілдіктер, тіпті жүкті мектеп оқушыларына төленетін төлемдер де өзгерте алмайды. Өйткені ертеңнен бастап фертильді жастағы әрбір ресейлік әйел бір бала туса,келесі әрбір жылда келесі балаларын тұрақты дүниеге әкеліп отырса, бұл балалардың ешқайсысы 2042 жылға қарай еңбекке жарамды жасқа жетпейді», деді экономикалық шолушы Максим Блант.

Бұл енді миграциялық кризиске серпін.

Материал авторы