345

Ет жегісі келетін қазақстандықтардың есін шығарар жаңалық жарияланды

Қазақстандық азық-жемді қытайлық мал жеп қойғандықтан, қазақстандық сиырлар ашығуда дейді сарапшылар.

Ет жегісі келетін қазақстандықтардың есін шығарар жаңалық жарияланды
Mücahiddin Şentürk / Getty Images via Canva

2025 жыл Қазақстанның астықшылар үшін берекелі болды: диқандар 20,3 миллион тонна бидай орып, тарихи рекордты қайта жаңғыртты. Мұндай «тау-тау» астықты ел-жұрт бұған дейін тек сонау 2011 жылдың еншісіндегі 23 миллион тонналық көрсеткіштен ғана көріп еді.

Бірақ ғажабы сол, бидайдың ұлан-ғайыр көптігі де, оның негізінен нашар болып, сапасының «ақсап» тұрғаны да бағаның құлдырауына сеп бола алмады. Күздің соңында 3-ші сұрыпты бидайдың тоннасы ҚҚС-пен қоса есептегенде 90 мың теңгеден, 4-ші сұрыптысы 80 мың теңгеден табжылмай, түспей тұрып алды. Салыстыру үшін айтсақ, дәл осындай жағдай орын алған өткен жылы баға бұдан 50 пайызға құлдырап еді.

Бұл «таңғажайыптың» басты сәулетшісі жемазықтық ұн өндірісінің қарқынды дамуы және фермерлердің сол өнімін Қытайға экспорттауға басымдық беруі болды. Қазіргі кезде қазақстандық бидайды Қытай қабылдамайды, тіпті одан өндірілген аппақ азық-түліктік ұнға жоғары импорттық баж салып, жасанды тосқауыл қойып тастады.

Есесіне, қазақтың бидайынан тартылған, бірақ малдың жеуіне ғана арналған ұнға ҚХРің құшағы ашық: аспанасты елінің нарығына еш кедергісіз, емін-еркін кіріп жатыр.

Өткен маркетингтік жылда Қытайға 2,6 миллион тонна жемдік ұн жөнелтілсе, биыл бұл көрсеткіш ең кем дегенде тағы 2 есе өсетін түрі бар. Өйткені елімізде қытай малының арандай ашылған тәбетін өтеу үшін былтырғы бидайдан жемазықтық ұн жасайтын жаңа кәсіпорындар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай ай сайын іске қосылып жатыр. Күз айларында жемдік ұнның көршіге тиелуі айына 300 мың тоннаға жетті.

Оның үстіне Үкіметтің 2025 жылдың басында енгізген көлік-тасымал субсидиялары бағаның отына «май құя» түсті. Бұл субсидия қазақ бидайын алыс нарықтарға жеткізу шығындарын бюджеттен өтеп береді. Аталған ақшалы тәжірибе 2026 жылға да ұзартылды, демек, Үкімет сол арқылы «басыартық» астықты нарықтан дер кезінде сыпырып алып, шетел асыратын, сөйтіп, егін саласының алпауыттары үшін «әділ», қымбат бағаны ұстап тұра беретін болады.

Масқарасы сол, бұл медальдің екінші бетінде малшылардың мұңы тұнып тұр екен. Мемлекет, соның ішінде «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» да, нарық ойыншылары да астық бағасын көтеру үшін қолға алған тегеурінді, пәрменді шаралар мал шаруашылығына сұрапыл соққы болды. Диқанды қуантқаны бақташыны қуартты.

Салдарынан, былтырдан бері мал шаруашылығымен айналысатындар үшін нағыз «тар жол, тайғақ кешу» заманы туындады. Жемдік ұн мен арпаның Қытайға арқырай ағындауы Қазақстанның өз ішіндегі жем-шөп бағасын ғарышқа бір-ақ ұшырды. Аяқ астында жататын қарапайым кебектің кілті енді аспанда: бағасы былтырғы 45 теңгеден 110 теңгеге дейін «секіріп», ақылға сыйымсыз деңгейге жетті. Жалпы, мал азығының барлық түрі — шөп те, жем де, шрот та бірден 2 есе қымбаттапты.

2025 жылдың алғашқы жартысында фермерлер бұл шығынды тірі мал бағасының өсуімен өтеп келді. Жас малдың бағасы да екі есеге жуық артып, тірілей салмақта бір келісі 2 100 теңгеге жетті. Яғни, бұрын 150 келілік бұқашықты 300–350 мың теңгеге алсаңыз, жазда оның бағасы 600–650 мың теңгеге бірақ шықты. Сиыр және бұқаны 1-1,5 миллионға сатып жатқандар бар.

Нәтижесінде, сиыр етінің бағасы да шығандап, келісі үшін 5–6 мың теңгеден бір-ақ шықты. Бұған шыдай алмаған Үкімет ет бағасын әкімшілік қысыммен ауыздықтауға көшуде:

– 2025 жылғы сәуір айының соңында бұқашықтарды экспорттауға тыйым салынды (оған дейін жарты жыл бойы 85 мың басқа арналған экспорттық квотамен шектеп келген), 

– қыркүйектің басында сиыр етінің экспортына да шектеу қойды. 

– сиыр етін шетелге тек квота аясында ғана шығаруға рұқсат, бірақ ол квота тек төл ет комбинаты мен кемінде 5 мың басқа арналған бордақылау алаңы бар ірі компаниялар арасында таратылды, салдарынан, басқасына экспорттауға тыйым салынды.

Бұл жаңашылдықтар мал өсірушілердің төбесінен жай түсіргендей етті. Бұған қоса, Үкімет ет экспортына шектеу қоя сала, отандық ет комбинаттары малды сатып алу бағасын 20 пайызға, яғни, сойылған салмақтың келісін 3700 теңгеден 3100 теңгеге дейін түсіріп тастады.

Енді жас малды және жемді қымбатқа алып, ал, бордақылаған малын әділ бағамен сата алмаған бордақылау алаңдарына шығынға белшесінен бату және банкрот болу қаупі төніп тұр. Шенеуніктер жағдайдың соған жетеріне сенбейді. Олар жаңа бағдарламадан үмітті.

Үкімет кеше, Премьер-министр Олжас Бектеновтің басшылығымен өткен кеңесте «Мал шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспарының» жобасын мақұлдады.

Кешенді жоспарда мал басын өсіруге, өнімділікті арттыруға және экспорттық әлеуетті кеңейтуге бағытталған саланы мемлекеттік қолдаудың тәсілдері мен тетіктері қаралды.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, мал шаруашылығы ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 39%-ын құрайды. Ірі қара мал басының 2,4%-ға және ұсақ мал басының 1,6%-ға шамалы өсуі байқалады. Сүт өндірісі 5% өсіммен шамамен 3,8 млн тоннаны құрады, ет өндіру көлемі 1,2 млн тоннаға жетті, бұл өткен жылғы деңгейден 2,6%-ға жоғары.

Алайда, жалпы өнімнің жыл сайынғы өсімі 2-3% деңгейінде сақталуы саланың әлеуетін толық ашпай отыр. Кешенді жоспарды жүзеге асыру ірі қара мал санын 7,9 млн-нан 12 млн басқа және ұсақ мал санын 20,2 млн-нан 28 млн басқа дейін ұлғайтуды көздейді. Сондай-ақ, ет өндірісінің 1,2 млн-нан 1,8 млн тоннаға дейін өсуі және оның экспортының 82 мыңнан 165 мың тоннаға дейін екі есе ұлғаюы күтілуде.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, Кешенді жоспардың басты басымдығы саланы қолжетімді қаржылық ресурстармен қамтамасыз ету. Соның ішінде, біріншіден, ауыл шаруашылығы жануарларының барлық түрлері бойынша асыл тұқымды мал сатып алуға жылдық 6% мөлшерлемемен ұзақ мерзімді жеңілдетілген кредиттеу бағдарламасын іске қосу жоспарлануда.Қаржыландыруға деген жылдық қажеттілік бұл бағытта 300 млрд теңгені құрайды. Бұл шараны жүзеге асыру табынның жаңаруын жеделдетуге және мал шаруашылығының генетикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Екіншіден, мал шаруашылығы бағыттары бойынша айналым қаражатын толықтыру үшін жалпы сомасы 225 млрд теңгені құрайтын, жылдық мөлшерлемесі 5% болатын жеңілдетілген кредиттеу бағдарламасын іске қосу жоспарлануда. Қаржыландыруды қолжетімді ете түсу үшін «Даму» қоры арқылы қарыздарға кепілдік беру тетігін қолдану көзделген.

Бұл қаражат жем-шөп, жанар-жағармай материалдары, ветеринариялық препараттар сатып алуға және өзге де ағымдағы қажеттіліктерге бағытталуы мүмкін. Аталған тетік 2025 жылғы қыркүйектен бері бордақылау алаңдары мен құс фабрикаларында сәтті қолданылып келеді екен.

Үшіншіден, ауыл шаруашылығы министрі көшпелі, шалғайдағы мал шаруашылығын дамытуға және жайылымдық инфрақұрылымды қалыптастыруға назар аударуға сөз берді. Пайдаланылмай жатқан жайылымдық жерлерді айналымға тарту мақсатында биыл қаржыландыру көлемі 50 млрд теңгені, жылдық мөлшерлемесі 6%-ды құрайтын бірыңғай жеңілдікті кредиттік өнімді іске қосу жоспарлануда.

Қаржыландыру жайылымдарды суландыруға, инфрақұрылымды дамытуға, мобильді вагончиктер сатып алуға және басқа да қажетті шараларға бағытталады. Қазіргі таңда мұндай жобалар Қостанай облысында және Ұлытау облысында табысты іске асырылып жатқан көрінеді.

Қосымша 50 млрд теңге көлемінде мал азығын дайындау техникасы мен жабдықтарын сатып алуға жылдық мөлшерлемесі 5%-бен жеңілдікпен қаржыландыру қарастырылып отыр. Қаржыландыруға қолжетімділікті кеңейту үшін өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды белсенді тарту көзделіп отыр.

Саланың өнімділігін арттыру мақсатында құжатта заманауи селекциятехнологияларын дамыту қарастырылған. Атап айтқанда, ірі қара малдың эмбриондық көбейтуіне арналған мамандандырылған зертхана құру пысықталуда.

Сонымен, көкжиектен 2030 жылға дейінгі жаңа стратегия «Кешенді жоспар» сағымдай бұлдырайды, бұл мал шаруашылығының соңғы үміті. Күндердің күнінде нарықтағы апай-топай басылып, әділдік пен тепе-теңдік қатар орнайтын, байтақ Ұлы дала өз перзенттерін де өгейсітпей, алыс-жақын жаһандық нарықтарды да жатсынбай, барлығын асырап, баршасын тойдыратын, соның ішінде өз төсіне төрт түлік өрбітетін малшысын да, өз бауырына егінін салатын диқанын да өкпелетпей, несібесін тең бөліп беретін құт-берекелі заман туар деген сенім ғана демеу болып тұр.

Материал авторы