429

Үкімет «сайлауалды бағдарлама орындалды» деді, ел жаңа сайлауға дайын ба?

Таза суға қатысты ескі жыр аяқталды, жасасын – жаңа жыр...

Үкімет «сайлауалды бағдарлама орындалды» деді, ел жаңа сайлауға дайын ба?
SMARTNEWS.KZ коллажы

Тәуелсіздік таңынан бері тоқтаусыз айтылып келе жатқан бір ұзақ жыр бар. Ол – ауыз су туралы жыр. Жылдар жылжып, бағдарламалар ауысып, қаулылар қабылданып, ұлттық жобалар туып, қайта жойылып жатты. Қалғаны – кәусардан тарығып, таза суды сарғая күткен халық.

Тоқсаныншы жылдардан бері бұл салаға арнап, Үкімет кем дегенде аттай 6 бағдарлама қабылдапты. Соңғы бағдарлама соңына жеткізілмеді, ол ҚР Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы №729 қаулысымен бекітілген «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасына қосылып кетті. Алайда ізінше, Үкіметтің 2023 жылғы 22 қыркүйектегі №828 қаулысымен бұл ұлттық жоба да күшін жойды.

Елді ауыз сумен жарыту жөніндегі Президент қойған міндет те қалды, ол орындалуы керек. Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы алғаш сайлауға түскенде, сайлау алды тұғырнамасында келесі 5 жыл ішінде халықтың100 пайызын таза ауыз сумен жабдықтауға уәде еткен болатын.

Ол кезде бұл көрсеткіш 96%-ды құраған еді: қалаларда – 98%, ауылдарда – 91,8%. Осы орайда президенттік тапсырманың орындалуына тұрақты мониторинг жүргізу үшін сол кездегі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі интерактивті карта әзірлеп, оны «auylsu.kz» порталында орналастырды.

Кейін бұл министрлік таратылды, портал бүгінде істемейді: auylsu.kz баяғыда-ақ «шөлдеп» өшкенге ұқсайды. Қазақстан картасын түртіп, әр өңірдегі әр аудан, қала мен ауылға судың қашан, қалай жеткенін анықтау мүмкін болмай қалды. Демек, ресми ақпаратқа сүйену қалады.

Енді міне, Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен өз отырысында Үкімет «Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елдегі барлық қала мен ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету жобаларын аяқтағанын» жариялады.

«Мемлекет басшысы сайлау алды бағдарламасында Үкіметтің алдына 5 жыл ішінде елді мекендердің барлығын ауыз сумен қамтамасыз ету міндетін қойған болатын. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметі бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылдың соңына дейін халықты ауыз сумен толық қамтамасыз ету жұмыстары аяқталды! Бүгінгі таңда нысаналы көрсеткішке қол жеткізілді: еліміздегі барлық 90 қала мен 7,5 млн тұрғыны бар 6 087 ауылдық елді мекен ауыз сумен жабдықтаудың орталықтандырылған жүйелеріне қосылды», - деп жария етті Үкімет.

Бұл проблеманың шешілуіне жанама бір фактордың да ықпал еткені байқалады. «Қызыл кітапқа» енбей-ақ жер бетінен жойылып кеткен ауылдар әсем есепке үнсіз «үлес қосқандай». Мысалы, ХХІ ғасыр басында, 2003 жылы Қазақстанда 7 689 ауылдық елді мекен болыпты. 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша облыс әкімдіктерінің деректеріне сәйкес, республикада 6 147 ауылдық елді мекен ғана қалған.

Соның нәтижесінде, жиырма жылдан астам уақыт ішінде 1 542 ауыл жабылып қалды. Ауыл жоқ – проблема жоқ. Су да керек емес.

Ауылдардың қаңырап бос қалып, Қазақстан картасынан жойылу үрдісі былтыр жалғасын тапты. Ұлттық статистика бюросы ҚР әкімшілік-аумақтық бірліктеріне қатысты соңғы статистикасын былтырғы тамызда жариялады. Келесі есебін 2026 жылғы 19 ақпанда ғана жария етпек.

Стат органның соңғы дерегінше, 2025 жылғы шілдеде Қазақстанда 6 124 ауылдық елді мекен ғана қалыпты. Оның ішіндегі ірісі – небәрі 2 159. Бұлар – ауылдық округ, яғни, орталық мәртебесін иеленгені және айналасындағы өзге елді мекендерге қызмет ететіні. Мысалы, мектеп, емхана осыларда орналасқан.

Алайда 508 ауылдық округ бүгінде тек 1 ғана ауылдан тұрады. Сопайып соқа басы қалды. Шенеуніктер тағы бес жылдай күте тұрғанда, ауылдардың басым көпшілігі – округтерден басқасы жабылып, ауыз су проблемасы өздігінен шешілуі мүмкін еді.

Үкімет «сайлау алды бағдарлама міндеті орындалды» деп жаһанға жар салғанымен, бұл бағытта түйткілдердің сақталып қалғаны әшкере болды. Қағаз жүзінде бәрі мінсіз: пайыздар толық, көрсеткіштер межеге жеткен, нысаналы мақсаттар жүзеге асқан. Бірақ колонкадан не қараша үйіндегі шүмектен аққан лайды, күлімсі иісі танауды жарған «сұйықтықты» көрген кейбір ауылдықтар бұл көркем мәлімдемеге күмәнмен қарайды.

Біріншіден, әлгінде айтылғандай, су келген кейбір ауылдардың өзінде жұрт «у келгеніне өкінетін» көрінеді. Өйткені су кейде сарқырап емес, сарғайып ағады. Кейде мүлде ақпай қояды. Содан 2025 жылы азаматтардан сумен жабдықтау мәселелері бойынша мемлекеттік органдарға 70 мыңға жуық арыз-шағым түскен!

Бір жағынан, су жеткенімен, сапасы жетпей тұрған ауылдар жетерлік. Екінші жағынан, сумен жабдықтау желілерінің қызметі ақаулы: артынша құбырлар жарылып, жүйелер істен шығып қалған. Содан жұртшылық ұлардай шулап, жоғарыға шағым боратуда. Осыған байланысты Үкімет басшысы «әкімдіктерге әрбір шағым бойынша тексеру жүргізіп, міндетін адал атқармаған ұйымдарға қатаң шара қолдануды» тапсырды.

Екіншіден, «аванстық есеп» деген кесел белең алғанға ұқсайды: шенеуніктер әлі бітпеген жоба жайында бітті деп есеп тапсырған. Салдарынан, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке қызарақтауға тура келді: Олжас Бектенов оған 2026 жыл соңына дейін 142 ауылдық елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейін қайта жақсартуды жүктеді.

Бұл үшін министрлік бюджеттен тағы шығын шығарып, 12 топтық жобаны жүзеге асыруда шара қабылдауға міндетті. 30 шілдеге шейін Түркістан облысындағы Шардара топтық су құбырын пайдалануға беруі қажет. 15 қарашаға дейін Солтүстік Қазақстан облысындағы Преснов және Соколов топтық су құбырларын жаңғырту жұмыстарын аяқтауы тиіс.

Елді таза сумен жабдықтау бір рет шешіліп, сонымен түпкілікті нүкте қойылатын мәселе еместігін Үкімет басшысы да мойындады. Бұл проблеманың күн тәртібінде әрдайым қалатынын сарапшылар да жасырмайды. Себебі, бағдарламалар, ұлттық жобалар аясында бірер жыл бұрын орнатылған су тартқыш имарат (водозаборное сооружение), блок-модуль, басқасы істен шығуы, жаңасын салуды талап етеді, бұрын төселген құбырлар тесіліп, жылдар өте жарамсыз күйге жетеді.

Кейбір елді мекендер жақын жатқан тұщы көлді ішіп тауысуға таяпты. Басқа айдыны ашық ірі су қоймалары жоққа тән. Бұған қоса, кейінгі жылдары Қазақстанды ен жайлай бастаған қуаңшылық та су қоймаларын суалтып, қуартып жатыр. Олардың кәусарын тұтынып келген елді мекендерді болашақта жер асты суларына көшіруге тура келеді. Бұл қосымша инфрақұрылым тұрғызуды талап етеді.

– Елдегі су шаруашылығы инфрақұрылымын одан әрі дамытуға жүйелі түрде қарау маңызды. Халық санының және жалпы экономиканың өсуімен бірге елімізде су тұтыну көлемі де ұлғая береді. Сондықтан таза ауыз су мәселесінің өзектілігі де күн өткен сайын арта түспек! Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қалалар мен ауылдарды сумен жабдықтау жобаларын жүзеге асыру әрине, аяқталды. Дегенмен, ауыз сумен қамтамасыз ету – үздіксіз жүретін процесс! Сол себепті барлық жауапты мемлекеттік органдар бұл мәселені тұрақты бақылауда ұстауы қажет», — деп атап өтті Премьер-министр Олжас Бектенов.

Үкімет жетекшісі 2026 жыл – Қазақстандағы су дефициті жылы болатынын жасырмады. Биылғы вегетациялық кезеңде су тапшылығы рекордқа – 1 миллиард текше метрге дейін жетеді деген болжам бар.

Яғни, осы жылы әсіресе ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын енгізудің маңыздылығын күрт артады. Үкімет сондай-ақ Президент жариялаған «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» аясында мемлекеттік органдарға су саласын цифрландыру жұмыстарын жандандыруды тапсырды.

Алдымен, 2026 жылдың соңына дейін жер үсті және жер асты су көздері туралы деректерді біріктіретін Су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын құру керек. Аталған жобаны жүзеге асыру Ұлттық су балансының картасын қалыптастырып, гидрогеологиялық мониторингті жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар суару каналдарын цифрландыру жұмыстарын жалғастырған жөн.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов халықты таза сумен қамту мәселесі өзекті болып қалатынын және бұл бағытта жұмыс жалғасатынын білдірді. Сондықтан министрлік 2026 жылы 12 жобаны аяқтап, пайдалануға беруді жоспарлауда. Бұл жалпы халқы шамамен 540 мың адамды құрайтын 142 ауылдық елді мекенді сапалы ауыз сумен қамтуды жақсартуға мүмкіндік береді.

Негізгі нысандардың бірі – Шардара топтық су құбыры болмақ, оның құрылысы 2026 жылдың шілдесінде аяқталып, Шардара қаласын жер асты көздерінен ауыз сумен қамтамасыз етеді.

– Осының арқасында Шардара су қоймасындағы су көлемінің азаюы тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз етуге әсер етпейтін болады. Сонымен қатар министрлік елдің үш аймағында – СҚО, Ақмола, Түркістан облыстарында 5 жобаның жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуді жалғастырады. Оның аясында ірі топтық су құбырларының бас құрылыс жайларын салу көзделген, — деп мәлімдеді Нұржан Нұржігітов.

Бірақ қаржы табылса ғана бұл жобалар жүзеге асады. Министрдің түсіндіруінше, ЖСҚ әзірлеуді және сараптама қорытындысын алуды 2026 жылдың І-ші жартыжылдығында аяқтау жоспарлануда, содан кейін ғана оларды қаржыландыру мәселесі қарастырылатын болады. Демек, бұл жобалардың келесі жылға қалу қаупі жоқ емес.

Бюджет тапшылығы кесірінен мемлекет бұл істе бизнеске арқа сүйеуге, алақан жаюға мәжбүр. Министрдің сөзінше, тұрақты сумен қамтамасыз ету шараларын дамыту аясында биылғы жылы Өгем өзенінде гидро электр стансалар каскады бар су құбырын салу жөніндегі инвестициялық жоба бойынша құжаттаманы әзірлеу басталуы керек. Бірақ ол толығымен бюджеттен қаржыландырылмайды, мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) негізінде жүзеге асырылады.

Жобаның құны 191,7 млрд теңге. Жоба жыл сайын 110 млн текше метр ауыз су беріп, 72 МВт·сағ электр энергиясын өндіруді көздейді, бұл аймақтағы энергетикалық қуаттар тапшылығын ішінара жабуға, сондай-ақ Түркістан облысының бес ауданы: Қазығұрт, Сарыағаш, Келес, Жетісай және Мақтаарал аудандарының 1 миллионнан астам тұрғынын таза ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, Атырау және Маңғыстау облыстарында су тапшылығы толық жойылмапты. Бұл аймақтардағы 1,5 миллион халықты ауыз сумен қамту үшін су министрлігі «Көкжиде», «Айшуақ» және «Солтүстік – Айшуақ» жер асты су көздерінен аталған облыстардың елді мекендеріне дейін өнімділігі тәулігіне 170 мың текше метр құрайтын магистральдық су құбырын тарту мәселесін пысықтауда. Алайда қаржыны қайдан алу мәселесі түпкілікті шешілмепті. Әзірге тек мемлекеттік инвестициялық жоба әзірленіп, экономикалық қорытынды алу үшін Ұлттық экономика министрлігіне енгізілді.

Сонымен, бірнеше бағдарлама, үш бірдей ұлттық жоба, қаптаған қаулы, жүздеген есеп – бәрі артта қалды. Десек те, су – бір рет жариялап, жаба салатын тақырып емес. Ол – тіршіліктің тамыры, өмірдің нәрі. Ауыз сумен қамту – үздіксіз мемлекеттік саясатты талап ететін стратегиялық мәселе. Сондықтан бұл жырдың соңғы шумағы әлі жазылған жоқ.

Материал авторы