Трамп Қазақстанға төрдегі орынды уақытша ғана ұсынуы мүмкін
Ал, тұрақты отыру үшін 1 миллиард доллар ақыны бәрібір төлеуге тура келетінге ұқсайды.
Ақорданың баспасөз қызметі сүйіншілегендей, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «жаһанның жаңа патшасы» АҚШ Президенті Дональд Трамптың падишахтық пейілмен жасаған үлкен шақыруын қабыл алып, Давосқа жұмыс сапарымен барып қайтты. Сапардың басты мақсаты — Трамп мырзаның жаңадан ойлап тапқан «Бейбітшілік кеңесі» атты тың құрылымының жарғысына қол қою рәсіміне қатысу болды.
Оқиға желісіне зер салсақ: 16 қаңтарда Дональд Трамп әлемді жалт қаратып, «Бейбітшілік кеңесі» деген жаңа халықаралық ұйым құратынын жариялады. 19 қаңтарда Қасым-Жомарт Тоқаев бастапқыда Газа қырғынын тоқтатуды тірек еткен осы кеңестің құрамына кіру туралы ресми шақыруды қабыл алғаны белгілі болды.
Ал 22 қаңтарда Қазақстанның көшбасшысы Қ. Тоқаев Трамптың бастамасымен дүниеге келген кеңестің Жарғысына салтанатты түрде қол қойып та үлгерді. Қазақстан Президентімен иық тірестіріп, бұл тарихи қағазға тағы 18 елдің басшылары мен өкілдері сияларын тамызып, қолтаңбаларын қалдырды.
Алайда, бұл «бейбітшілік» тіпті де тегін емес сияқты. Құрылтайшылар Трамптың қалтасына қомақты сома салуға міндетті болуы мүмкін. АҚШ лидері «тұрақты мүше» болғысы келетіндерге 1 миллиард доллар аудар деген нық «такса» белгілеп қойғаны мәлім.
«1 миллиард доллар — бұл Кеңесте тұрақты орын алғысы келетін елдердің бір жыл ішінде аударуға тиіс жарнасы», — деп жазды DW басылымы.
Өз кезегінде Ақорданың баспасөз қызметі Қазақстанның «Бейбітшілік кеңесіне» миллиардтаған жарна төлемей-ақ мүше болғанын мәлім етті. Бұл туралы Tengrinews.kz хабарлады.
Ақорда атап өткендей, Бейбітшілік кеңесіне кіру — мемлекеттің айрықша егемен шешімі болып табылады. Кеңес құрамына қабылданған сәттен бастап мемлекеттің онда болу мерзімі 3 жылды құрайды.
Ақордада Жарғыда көрсетілген 1 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі ерікті жарнаның мүшелікке қабылдаудың міндетті шарты емес екені түсіндірілді. Бұл — әрбір қатысушы мемлекеттің өз еркіндегі мәселе. Егер мұндай жарна алғашқы жыл ішінде төленсе, мемлекетке «Бейбітшілік кеңесіндегі» мүшелігін белгіленген 3 жылдық мерзімнен ұзарту мүмкіндігі беріледі. Яғни, төрдегі орны тұрақты болады.
«Қазақстан Бейбітшілік кеңесіне ешқандай қаржылық жарнасыз кірді, бұл Жарғының ережелеріне толық сәйкес келеді», — деп атап өтті Ақорданың баспасөз қызметі.
Сірә, мемлекеттерге өз бюджетінен қаржы тауып, миллиардер Трамптың жаңа құрылымына осы жомарт жарнаны төлеуге үш жыл мерзім беріліп отырған сыңайлы.
Бұл ретте Путин мырза Трамптың кеңесіне Ресейдің активтерінен 1 миллиард доллар бере салуға дайын отыр. Мұнда бір қулық бар: Deutsche Welle хабарлағандай, әккі Владимир Путин Батыста бұғатталып қалған ресейлік қаражаттың 1 миллиард долларын осы кеңеске сыйға тартып, қалған ақшаны Украинадағы соғыстан қираған аумақтарды қалпына келтіруге жұмсауға болады дейді.
Ресей Президенті 21 қаңтарда өткен РФ Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Трамптың «Бейбітшілік кеңесіне» ресейлік бұғатталған активтерден ақша аударуға ниетті екенін жариялады. Оның айтуынша, «Ресей және Украина арасында бейбіт келісім жасалғаннан кейін ол активтерді әскери қақтығыстардан зардап шеккен аумақтарды қалпына келтіруге пайдалануға болар еді».
Бірақ Путин ол аймақтарға қайсысы кіреді деп меңзеп отырғанын (Киевтің бақылауындағы ма, әлде Мәскеу иеленген жерлер ме?) нақтыламады. Десек те, Ресейдің бұл кеңеске мүше болуға асығып отырғаны да байқалмайды. Давостағы қол қою рәсімінде Путиннің төбесі көрінбеді.
Бұған дейін Путин РФ СІМ-іне жаңа ұйымның құжаттарын зерттеуді тапсырған еді.
«Біз алдымен өзіміздің стратегиялық серіктестерімізбен ақылдасып аламыз. Тек содан кейін ғана біз шақыруға нақты, түпкілікті жауап бере аламыз», — деген Кремльдің қожайынының сөзін «Интерфакс» таратты. Алайда РФ-тің стратегиялық серіктесі саналатын Қазақстанның лидері Тоқаев Давосқа аттанбас бұрын Путинмен ақылдасты ма, бұл белгісіз, жұмбақ күйінде қалды.
Трамптың «Бейбітшілік кеңесі» БҰҰ-ны талқандай ма?
Палестина – Израиль, Ресей – Украина және басқа да әлемнің әр түкпіріндегі қарулы қақтығыстарды тоқтатумен Біріккен ұлттар ұйымы айналысуға тиіс еді. Оның мойны жар бермеді, қауқары жетпеді немесе жүрегі дауаламады. Осы вакуумды Трамп толтырмақшы.
Аталған «Бейбітшілік кеңесі» бастапқыда Газа секторындағы бейбіт реттеу жоспарын қамтамасыз ету мақсатында құрылған. Алайда оның жарғысымен танысқан байқаушылар бұл органның өкілеттігі әлдеқайда кең болуы мүмкін екенін, тіпті уақыт өте келе БҰҰ-мен бәсекелеске айналатынын аңғарып, жағаларын ұстап жатыр.
Кеңестің тізгінін Дональд Трамптың өзі басы байлы ұстайды және ешкімге бермейді: ол өзін өзі Бейбітшілік кеңесінің төрағасы етіп тағайындады. Төраға лауазымы басқа елге көшпейді, келесі тұлғаға тегіннен тегін ұстата салатын ауыспалы қызмет емес.
Ал, оның атқарушы комитетінде АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио, Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер және Британияның бұрынғы премьері, алпауыт бай-бағыланға (соның ішінде Назарбаевқа) кеңесші болуымен танылған Тони Блэр секілді «сенімді серіктестер» жайғаспақ.
Германия үкіметі бұл бастамаға секеммен қарайды. «Қосымша халықаралық институттарға деген қажеттілік жоқ. Бізде БҰҰ бар, жаңасын ойлап табудың орнына соны нығайту керек», — деді Германияның вице-канцлері Ларс Клингбайль.
Бұл «кеңестен» кімдер бас тартты?
АҚШ бұл жиынға 60-қа жуық елді шақырған болатын. Бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, Қазақстан, Аргентина, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Мажарстан, Марокко, БАӘ, Вьетнам және басқа да елдер Трамптың ұсынысына бірден «ләббай» деді. Жалпы алғанда, 35 ел Трамптың қанатының астына кіруге келіскен.
«Біздің бірнеше дерек көзіміз кейбір елдердің Трамптың “қаһарына ұшырамау үшін” қатысуға келісуге мәжбүр болғанын айтты. АҚШ Президенті бастамасымен құрылған “Бейбітшілік кеңесіне” шамамен 35 ел қосылуға келісті. Шақырулар Ресей, Беларусь және Қытайды қоса алғанда, 60-қа жуық мемлекет басшыларына жіберілді. Олардың кейбірі адуынды Трамппен қарым-қатынасты бұзудан қауіптеніп, меселін қайтаруға батпады», — деп хабарлады Reuters Ақ үйдің аты аталмаған жоғары лауазымды қызметкеріне сілтеп.
Бұл тұжырымды Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форумда агенттікпен тілдескен Латын Америкасы, Таяу Шығыс пен Еуропаның 16 делегаты айғақтапты.
«Кейбір өңірлердің шенеуніктері жеке әңгімелерде Трамптың “Бейбітшілік кеңесіне” кіруді таңдау емес, амалсыз қажеттілік ретінде қабылдап отырғандарын нақтылады», — делінген жарияланымда. Батыс делегаттарының бірі Вашингтонның жоғары тарифін, Иран, Венесуэла және тіпті Гренландия мәселесін меңзеп, Трамппен ойнау отпен ойнауға теңелетінін ескертті.
Reuters нұсқауынша, кейбір еуропалық көшбасшыларды «Бейбітшілік кеңесінің» жарғысына сәйкес шешім қабылдау өкілеттігінің барлығы дерлік жаңа ұйым төрағасы — Дональд Трамптың қолында шоғырланатыны алаңдатып отыр. Жарғы бойынша Трамп бұл қызметті өмір бойы атқара алады.
Шамасы тарихтағы тұңғыш «Әлем басы» болады. Өйткені оны қызметінен босату тек өзінің қалауы бойынша немесе атқарушы комитет мүшелерінің бірауызды шешімімен ғана жүзеге асуы мүмкін. Ал, комитетте кімдер отырғанын жоғарыда айттық. Кілең туыс-туған, жора-жолдасы.
Сонымен қатар, агенттіктен аты-жөнін атамауды сұраған еуропалық дипломаттың мәліметінше, Еуроодақ елдері «кеңеске» кіру мәселесін ары қарай өзара талқыға салып жатыр, алайда соңғы шешімді әр мемлекет ұлттық мүддесіне қарай жеке-жеке қабылдайды.
Франция Президенті Эмманюэль Макрон батыл болып шықты, ол Трамптың кеңеске құрылтайшы болу туралы шақыруын кері қайтарып тастады. Франция СІМ басшысы Жан-Ноэль Барро жаңа жаһандық ұйымға мүше болу елдің БҰҰ алдындағы міндеттемелеріне қайшы келетінін алға тартты.
Швеция мен Норвегия да «Бейбітшілік кеңесінен» бас тартты. Италия мен Германия әлі де ой үстінде.
Сонымен, кеше Давоста Трамп өзі басқаратын «Бейбітшілік кеңесін» ресми түрде құрды. Ол бұл ұйымның БҰҰ-ға бәсекелес болмайтынына сендірді. Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитт: «Жарғы күшіне енді, Кеңес — енді ресми халықаралық ұйым!», — деп салтанатты түрде жариялады.
Жарғыға қол қою рәсіміне 19 елдің лидерлері, соның ішінде Қазақстан, Әзербайжан, Армения, Өзбекстан, Пәкістан, Индонезия және Мажарстан басшылары қатысты. Трамптың сойылын соғуға келіскенімен, рәсімге келе алмағандардың қатарында Александр Лукашенко болды. Кеңес Жарғысы кейін қосыламын, ақысын төлеймін деген елдерге ашық.
Материал авторы