Атақты Эпштейн ісіндегі хаттардан Өмірзақ Шөкеевтің есімі табылды
Хат алмасуларда Шөкеев пен халықаралық тұлғалар туралы сөз қозғалған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ Әділет министрлігі даулы қаржыгер Джеффри Эпштейн ісіне қатысты жаңа құжаттарды жариялады. Құжаттарда Қазақстанның бұрынғы жоғары лауазымды тұлғасы — «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының экс-басшысы Өмірзақ Шөкеевтің есімі аталады.
АқЖайық редакциясының мәліметінше, жарияланған материалдардағы жеке хат алмасулардың бірінде Шөкеевке қатысты талқылау бар.
Атап айтқанда, хаттар норвегиялық дипломат, Эпштейннің жақын танысы Терйе Рёд-Ларсен, халықаралық қатынастар жөніндегі сарапшы Андреа Пфанцельтер және Эпштейннің өзі арасында жүрген. Сол хаттарда ол кезеңде «Самұрық-Қазына» қорын басқарған Өмірзақ Шөкеев туралы сөз қозғалған.

Тағы бір жазбада Өмірзақ Шөкеевтің АҚШ-тың бұрынғы қаржы министрі Лоуренс Саммерспен кездесулері аталады. Саммерс Эпштейннің жақын ортасында болған тұлғалардың бірі ретінде көрсетіледі. Ал Лоуренс Саммерс 2025 жылғы қарашада Джеффри Эпштейнмен байланысына байланысты барлық қызметінен кеткен.

Айта кетейік, АҚШ тарапы жариялаған құжаттарда Өмірзақ Шөкеевтің аты-жөні қандай да бір құқықбұзушылық фактісімен тікелей байланыстырылмайды. Дегенмен, оның есімі халықаралық деңгейдегі резонансты істің материалдарында аталып отыр.
Материал авторы