Аутизмі бар қызметкерге қысым көрсеткен менеджерлер жұмыстан босатылды
Burger King-та екі менеджер жұмыстан шығарылды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстандағы Burger King Kazakhstan желісінде аутизмі бар қызметкерге қысым көрсетілді деген дау бойынша екі аумақтық менеджер жұмыстан босатылды. Компания бұл шешімді ресми парақшасында жариялап, ішкі қызметтік тексеріс әлі жалғасып жатқанын хабарлады.
Компанияның мәлімдеуінше, Сергей мен Анастасия есімді басқарушылар енді Burger King Kazakhstan құрамында жұмыс істемейді. Басшылық кез келген кемсітуге, ар-намысқа тиетін әрекеттерге және құрметсіз қарым-қатынасқа жол берілмейтінін атап өтті.
Сонымен қатар компания әлеуметтік кәсіпкер әрі аутизм мәселелері бойынша сарапшы Жанат Қаратаймен тікелей байланысқа шыққанын растады. Компания өкілдері жағдайды шешу жолдарын талқылауға дайын екенін және барлық қызметкер үшін қауіпсіз әрі тең еңбек ортасын қалыптастыруды жалғастыратынын мәлімдеді.
Оқиғаға байланысты мәселені Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бақылауға алды. Ведомствоның хабарлауынша, компанияда қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр, ал оның аясында басшылық құрамындағы бір қызметкер уақытша жұмыстан шеттетілген.
Бұған дейін Жанат Қаратай Threads әлеуметтік желісінде аутизмі бар ұлы Алибек Қаратайдың еңбек жағдайына қатысты жазба жариялаған. Оның айтуынша, ұлы бұл желіде шамамен төрт жыл аспаз болып жұмыс істеп, ұжымға бейімделіп, тұрақты табыс тауып келген. Алайда басшылық ауысқаннан кейін жұмыс орнында қысым күшейіп, соның салдарынан Алибек өзін жайсыз сезіне бастаған.
Жазбада жаңа менеджмент келгеннен кейін «көзге көрінбейтін қысым» басталғаны, ұлының жұмысқа деген көзқарасы өзгергені және ақырында жұмыстан кетуге мәжбүр болғаны айтылған.
Компания бұл тұста «Әлібек Қаратай жұмыстан шығарылды» деген ақпаратты жоққа шығарды. Burger King Kazakhstan мәліметінше, қызметкер әлі де компания штатында, ал жұмыстан шығу туралы ресми өтініш қызметкердің өз қолымен жазылмаған. HR департаментіне тек демалысқа шығу ниеті туралы хабарлама түскен.
Компания өкілдері қызметкерге басқа мейрамханаға ауысу мүмкіндігін қоса алғанда, бірнеше балама ұсыныс жасалғанын және отбасы мүшелерімен әрі қарайғы қадамдарды талқылауға дайын екенін мәлімдеді.
Материал авторы