290

Ерболат Құдайберген 15 тәулікке наркологиялық мекемеге жатқызылды (ВИДЕО)

Әншіге қатысты ресми ақпарат жарияланды.

Ерболат Құдайберген 15 тәулікке наркологиялық мекемеге жатқызылды (ВИДЕО)
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, әлеуметтік желіде наркологиялық орталық маңында түсірілген бейнежазба тарағаннан кейін, әнші Ерболат Құдайбергенге қатысты ақпаратқа ресми түсініктеме берілді.

Видеода полицейлер ер адамды ұстап жатқан сәт және оның ағаштардың арасынан бірдеңе іздеп, бейәдеп сөздер айтқаны көрінеді. Жазба авторлары кадрдағы адамды Ерболат Құдайберген деп көрсеткен.

Алайда әншінің менеджері Айдана Ахметбек бұл ақпаратты жоққа шығарып, желіде тараған мәліметтің шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеген болатын. Ал ресми дерек бойынша, жағдайға Алматы қалалық полиция департаменті түсініктеме берді.

Полиция мәліметінше, көпқабатты тұрғын үй тұрғындарынан көршілерінің бірі агрессивті мінез танытып, қоғамдық тәртіпті бұзып жатқаны туралы шағым түскен. Учаскелік инспектор оқиға орнына барып, ақпараттың расталғанын анықтаған.

«Ер адам өзін ерсі ұстап, агрессия танытып, айналасындағылардың тыныштығын бұзған», – деп хабарлады полиция.

Тексеру барысында азамат медициналық сараптамаға жіберілген. Сараптама оның психоактивті заттардың әсерінде болғанын көрсетті.

Полицияның мәліметінше, медициналық көрсеткіштерді және құқықбұзушылықтың қайталану қаупін ескере отырып, ер адам 15 тәулікке мамандардың бақылауындағы арнайы медициналық мекемеге орналастырылған.

Сонымен қатар ол Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің бірнеше бабы бойынша жауапкершілікке тартылды. Атап айтқанда:

– азаматтардың тыныштығын бұзу;
– психоактивті заттарды қолданған күйде қоғамдық орында жүру;
– тіркеусіз тұру;
– қоғамдық орындарда азаматтарға тиісу.

Полиция дерегінше, бұл азамат бұрын да қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылған.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор