Таразда үш тұрғын спорт кешені директорын бопсалағаны үшін сотталды
Facebook-тағы жазбаны өшіру үшін 2,5 млн теңге талап еткендерге үкім шықты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Тараз қаласында спорт кешені директорының үстінен қысым көрсетіп, әлеуметтік желідегі жазбаларды өшіру үшін ақша талап еткен үш тұрғынға қатысты қылмыстық іс қаралды.
Сотта анықталғандай, 2025 жылғы ақпанда айыпталушылар спорт кешенінің ғимаратына қатысты сын жазылған жарияланымдарды Facebook әлеуметтік желісінен өшіріп тастау үшін мекеме басшысынан 2,5 миллион теңге талап еткен. Сонымен қатар олар бір қызметкерді қайта жұмысқа алуды және комплаенс-қызмет өкілін жұмыстан шығаруды да шарт ретінде қойған.
Жәбірленуші тарап қысымнан кейін күдіктілердің біріне талап етілген соманы және екі жылдық абонементті берген.
Сот отырысында айыпталушылардың кінәсі іс материалдары мен куәлардың айғақтарымен дәлелденді. Прокурор үш адамға 4 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын сұраған. Айыпталушылардың екеуі кінәсін мойындамай, ақтауды талап етсе, үшіншісі өз кінәсін толық мойындап, бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұраған.
Сот Қылмыстық кодекстің 194-бабының 2-бөлігі бойынша үшеуін де кінәлі деп таныды. Нәтижесінде бір адам 3 жылға бас бостандығынан айырылды, ал қалған екеуіне 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Жеңілдететін мән-жай ретінде екі айыпталушының бұрын сотты болмауы және кәмелетке толмаған балаларының бар екені, ал үшіншісінің кінәні толық мойындауы ескерілді. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Материал авторы