234

Жаңа Конституция жобасы Ұлттық архивте талқыланды

Сенаторлар жаңа Ата заңның қоғамға әсерін түсіндірді.

Жаңа Конституция жобасы Ұлттық архивте талқыланды

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары — Бибігүл Жексенбай мен Дархан Қыдырәлі Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві ұжымымен кездесіп, «Жаңа Конституция жобасының» мазмұны мен қоғам үшін маңызын талқылады.

Кездесуде сенаторлар жаңа Ата заң жобасын елдің саяси-құқықтық жүйесін жаңғыртуға бағытталған стратегиялық құжат ретінде бағалады. Олардың айтуынша, құжат мемлекеттілікті нығайтып, басқару тетіктерін заман талабына бейімдеуге жол ашады.

Бибігүл Жексенбай жаңа Конституция жобасы азамат пен билік арасындағы қоғамдық келісімнің жаңа моделін қалыптастыратынын айтты.

«Жаңа Ата заң – тек құқықтық құжат емес, ол қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді қайта бекітетін негіз. Реформа азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кеңейтіп, мемлекеттік басқаруды заманауи стандарттарға жақындатуға бағытталған. Дербес деректердің қауіпсіздігі, жеке өмірді қорғау, балаларды және қоғамды зиянды ақпараттан сақтау – құжаттың басты қағидаттарының бірі. Бұл нормалар әр азаматтың күнделікті өміріне тікелей әсер етеді», – деді сенатор.

Оның сөзінше, референдум әрбір азаматқа елдің болашағына қатысты шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ архив қызметкерлері тарихи құжаттарды сақтаумен ғана емес, қоғамның рухани жадын қалыптастырумен айналысатын маңызды кәсіби қауым екені атап өтілді.

Дархан Қыдырәлі өз кезегінде Ұлттық архивтің реформаларды іске асырудағы рөліне тоқталды.

«Мұрағат ісін цифрландыру, деректер қорын кеңейту, материалдық-техникалық базаны нығайту, құжаттардың қауіпсіздігі мен қолжетімділігін қамтамасыз ету – жаңа заң жобасының нақты әрі маңызды бағыттарының бірі. Бұл жұмыс реформаның практикалық нәтижесін қалыптастырады», – деді ол.

Кездесу соңында депутаттар 15 наурызда өтетін республикалық референдумның ел үшін маңызын атап өтіп, азаматтарды саяси науқанға белсенді қатысуға шақырды.