1766

Қаңтар оқиғаларына триггер болған фактор қайта оралмай ма?

Көгілдір отын: рецидивке жеткізбеу үшін бұқараның мұқтаждығы және баға арасындағы теңгерімнің сақталғаны маңызды.

Қаңтар оқиғаларына триггер болған фактор қайта оралмай ма?
ЖИ иллюстрациясы

Көркем есеп пен сол есептерді беруге шебер ведомстволардың ақ қағаздан аса бермейтін жеңіс-жетістіктерін көргенде, көкейде бір мазасыз сауал қылаң береді: Қазақстан «қанды қаңтар» оқиғасына түрткі болған сол баяғы құрылымдық теңгерімсіздікті жоя алды ма?

Дағдарыстың іргетасын қалаған үш таған — газға деген өсіп жатқан ішкі сұраныс, ескірген инфрақұрылымдық мүмкіндіктер және жасанды баға саясаты арасындағы алшақтық бүгінде одан әрі тереңдеп, жүйелі қауіпке айналмауы қажет. Елдегі тұрақтылықты ойлаған, бейбіт өмірді қалаған әрбір азаматтың қалағаны осы болса керек.

Президенттік меже мен бюрократиялық арифметика

Ұлттық құрылтайдың соңғы 5-ші отырысында (жаңа Конституция жобасына сәйкес бұл құрылым Қазақстан халқы ассамблеясымен бірігіп, «Халық кеңесі» атты жаңа ұйымға айналады) сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев халықты газбен қамту мәселесіне арнайы тоқталды. Ол газ мәселесі стратегиялық басымдық екенін тағы да қадап айтты.

Халықты газбен қамтамасыз ету — жай ғана әлеуметтік жайлылық емес, ұлттық қауіпсіздік нысаны. Президент елдің энергия ресурстарына деген сұранысы тоқтаусыз өсіп бара жатқан жағдайда геологиялық барлау жұмыстарын жандандыру, көмірсутек кен орындарын игеру және ірі газ өңдеу зауыттарын уақтылы іске қосу міндетін қойды.

Энергетика министрлігіне «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп мұнай мен газдың перспективалы кен орындарын игерудің егжей-тегжейлі жоспарын әзірлеу тапсырылды, ал Қорға газ өңдеу жобаларының іске асырылу кестесін қатаң бақылауда ұстау жүктелді.

Басқаша айтқанда, мемлекет мәселенің уақытша емес, жүйелі сипатқа ие екенін мойындайды. Әңгіме жекелеген іркілістер туралы емес, ішкі сұраныс тұрақты өсіп отырған жағдайда ресурс базасы мен өңдеу қуаттарын кеңейту қажеттігі жайында болып отыр.

Әйтпесе, мұндай тұтыныс қарқынымен кеңес заманында барланған газ қорын таусып тастайды. Энергетика министрлігі өз кезегінде газдандыруды мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі ретінде айқындағанын мәлімдеді.

«Бүгінде Қазақстанда 13 млн адам көгілдір отынға қол жеткізді, ал 2026 жылдың қорытындысы бойынша елді газдандыру деңгейі өткен жылдың басындағы 62,4%-бен салыстырғанда 64,3%-ға дейін өсіп, сенімді динамика көрсетеді!», — деп хабарлады министрлік.

Егер мұны бюрократиялық тілден экономикалық шындық тіліне аударсақ, екі жыл ішінде шамамен 2 пайыздық қана өсім қосылады деген сөз. Бұл — дағдарысты еңсеретін қарқынды серпіліс емес, «ақсаңдай» басқан қарқын.

2025 жылы газ 94 елді мекенге жеткізіліп, 354 мың тұрғынның өмір сүру сапасын жақсартты. Биыл небары 10 (!) ірі ауылда 40 газдандыру жобасы жүзеге асырылып, 32 мың адам көгілдір отынға қосылмақ. Қарқынның мұншалықты күрт бәсеңдеуі ресурс базасының тарлығын немесе қаржының тапшылығын меңзесе керек.

Сурет: gov.kz

«Құбырдағы» иллюзия

Елорданы газдандыру процесі аяқталуға жақын. «Шұбар», «Өндіріс», «Garden Village» сияқты аймақтар көгілдір отынға қосылу арқылы қала экологиясына балғын дем бермек.

Алайда, әлеуметтік саясат тұрғысынан жеңіс болып көрінгенімен, әрбір жаңа абонент – макроэкономикалық тұрғыдан магистральдық желіге түсетін қосымша салмақ.

«Бейнеу – Бозой – Шымкент» құбырының екінші желісінің өткізу қабілеті 15 млрд текше метрге дейін ұлғайтылатын болды. Бұл инфрақұрылымдық тығырықтан құтқаратын жол болар, бірақ бір нәрсені ұмытпаған жөн: құбыр газ өндірмейді, ол тек бар ресурсты таратады.

Ресурс тапшы болса, бос құбырдың кімге керегі бар? Сондықтан Үкімет амалсыз, газды Ресейден тасу амалдарын қарастыруда. Бұл империялық қызуы көтерілген соғысқұмар елге тәуелділіктің артуын білдіруі мүмкін. Сарапшылар Мәскеу Қытайға тегін дерлік (ресейлік ішкі тарифпен) егіл-тегіл беріп жатқан газы үшін Қазақстаннан жоғары баға сұрап отырғанын жазып жүр.

«Әділ баға» бүгінгінің ащы шындығы

Осыдан төрт жыл бұрын төмен тұрмыстан титықтаған бұқара газ бағасының еселеп қымбаттауын ауыр қабылдаған еді. Содан бері билік көгілдір отынның бағасын тежеп келді. Алайда шенеуніктер енді бұл ресурстың бағасы бірте-бірте босатыларына халықты дайындап жатқандай.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің аузынан саланың ең сезімтал, талмау тұсына қатысты «әділ баға белгілеу» туралы тіркес шықты. Оның айтуынша, ішкі қажеттілікті толық өтеу үшін геологиялық барлау мен жаңа кен орындарын игеру қарқынын бірнеше есе арттыру міндет. Сондай-ақ министр «учаскелерді аукцион арқылы ашық бөлу және жаңа қуаттарды енгізу үшін әділ баға белгілеу» қажеттігі атап өтілді.

Бұл — маңызды жайт. Энергетика саласында «әділ баға» әдетте әкімшілік жолмен төмендетілген тарифтерден экономикалық негізделген тарифтерге біртіндеп көшуді білдіреді. Дәл осы тұста негізгі тәуекел туындайды: әлеуметтік тұрақтылықты сақтай отырып, инвестицияға ынталандыру жасау әрекеті көп жағдайда тарифтік реформаны талап етеді.

Өзге де ірілі-ұсақты шенеуніктер халық үшін «арзан газ (автогаз)дәуірінің аяқталып» қалғанын қайталай бастады.

Сала реформаға «толғақ»

2022 жылдың қарсаңында Мәжіліс «Газ және газбен жабдықтау туралы» заңына түзетулер енгізіп, бұл тауарды биржа арқылы саудалауға шығарған еді. Содан биржадағы алыпсатарлар бағаны аспанға ұшырды.

2026 жылы Мәжіліс газға қатысты жаңа заң қабылдап отыр. Газбен жабдықтау және газды үнемді тұтыну мәселелері бойынша заң жобасында газға сараланған тарифтерді институционалдық деңгейге көтерудің алғашқы қадамы жасалған.

Нақтылағанда, Мәжіліс өзі бастамашы болып, өзі «ақ батасын» берген жаңа заң жобасы халық пен бизнеске арнап, тұтыну нормаларын енгізуді көздейді. Енді «квотадан» асқандар электр мен су сияқты, газ үшін де жоғары тарифпен төлейтін болады.

Экономикалық тұрғыдан бұл — нағыз прагматизм: заң автоларының пікірінше, артық тұтынуды субсидиялау – тапшылыққа апаратын тікелей жол. Енді кім ресурсты үнеммен жұмсаса, сол ғана ұтады. Басқасы шығынға батады.

Бірақ саяси тұрғыдан бұл «миналанған алаңмен» жүгіргенмен бірдей емес пе? Ертең көп балалы отбасыларға, немесе қыста жаурап, газ конфоркасын жағып қоюға мәжбүр болған отбасыларға бір ай үшін жүз мың теңгеден асатын квитанция келіп, елді шошынтпай ма?

Заң жобасының тағы бір жаңалығы тұтынушыларды бағасы қымбат «ақылды» есептегіштерді орнатуға міндеттеу. Мұны депутаттар «цифрландырудың игілігі» деп отыр. Алайда, халықтың төлем қабілеті мен энергия бағасының арасындағы үйлесім табылмаса, бұл техникалық жаңартулар әлеуметтік кернеуді ғана арттыруы мүмкін.

Егер ішкі тұтыну қарқыны жаңа қуаттарды енгізуден озып кетсе, ал тарифтерді көтеру халықтың табысымен қабыспаса, Қазақстан тағы да сол баяғы тұйық шеңберге тап болуы мүмкін.

Билік үш ұстындыгаз өндірісінің қарқынын, тарифтің қолжетімділігін және геологиялық барлаудың басын біріктіре алса ғана газ саласындағы іс-қимылдар тұрақтылыққа қызмет етеді. 

Материал авторы