737

Жап-жас Олимпиада чемпионы зейнетке шығыпты — 100 мың доллар алады

Мұзайдыннан басталған «миллиондар шеруі»: сарапшылар чемпиондардың қалтасына түскен ақшаны санап жатыр.

Жап-жас Олимпиада чемпионы зейнетке шығыпты — 100 мың доллар алады
SMARTNEWS.KZ коллажы

Олимпиададағы алтын медальдың салмағы тек граммен емес, банктегі нөлдердің санымен өлшенетіні анықталды. Жаһандық қоғамдастық жеңістің барлық жұртта бірдей қадірленбейтініне, дамушы елдердің бюджеттік жомарттығы мен батыстық прагматизмнің арасындағы терең шыңырауға куә болды.

Шайдоровтың байлық айсбергі

Осы аптада отандық жанкүйерлер мен салық төлеушілер мәнерлеп сырғанаудың техникалық элементтерін емес, оның қаржылық архитектурасын зерттеуге көшті. Оған себеп ҚР Туризм және спорт министрлігінің миллиондап жалақы алатын шенеуніктері жұрттың назарын өзінен өзгеге бұрғандай, Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровтың табыс көзі туралы мәліметті ашық жариялап тастады.

Ведомство бұл бала биік мұраттарға жетуі үшін мемлекеттік қазынаның қақпасын айқара ашып қойғандарын, енді қажет болса, ол үшін есікті топсасынан суырып алып лақтыра салуға дайын екенінмеңзеді.

Қысқаша айтқанда: Михаил Шайдоровтың жылдық жалақысы шамамен 34 миллион теңге, оның жеке бапкерінің жылдық табысы 26 миллион теңгеден асады. Тіпті Мишаның билейтін биін ұйымдастырушылар да айына екі миллиондап табады екен.

«Нысаналы мемлекеттік қолдаудың көрнекі үлгісі қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровты даярлау үдерісі. Олимпиадалық циклді оның мысалында егжей-тегжейлі талдағанда, жоғары деңгейдегі спортшыны сүйемелдеудің барлық тетіктері толық көлемде іске қосылғанын атап өткен жөн», деп мәлімдеді министрлік, мемлекеттік пафостың салтанатты ырғағын сақтай отырып.

Ведомство деректеріне сәйкес, 2025 жылы спортшы мен оның мамандар командасын жеке бапкер, кеңесші-бапкер, бас бапкер, массажист, психолог, хореографтарды ұстап тұруға бағытталған қаржының жалпы көлемі 263 394 581 теңгені құраған. Бұл жай ғана цифр емес, бұл мұздағы әрбір сәтті секірістің артында тұрған мемлекеттік қолдаудың монументалды ескерткіші.

Оның ішінде 19 оқу-жаттығу жиынына (8-і Қазақстанда, 11-і шетелде) 47 миллион теңге жұмсалса, халықаралық 5 жарысқа барып қайтудың өзі 16 миллион теңгені «жеп» қойған. Жұрт төрт жылда бір-ақ рет көретін спорттағы асқақтықтың астары тиянақты бухгалтерия мен толассыз банктік аударымдардан тұратынын министрлік мақтанышпен мәлімдеді.

«Жалпы алғанда, 2025 жылы спортшының жалақысы (министрлік, федерация, әкімдік желісі бойынша) 33 989 000 теңгені құрады. Спортшының жеке бапкері Алексей Урмановтың 2025 жылғы жалақысы (министрлік, федерация желісі бойынша) 26 миллион теңгеден асты. Хореограф Иван Регинидің жалақысы шамамен 23 миллион теңге болды», деп нақтылады ҚР Туризм және спорт министрлігі.

Бұдан бөлек, жарыс бағдарламаларын қою, екі костюм тіктіру (иә, мұздағы сәннің де өз бағасы бар) және авторлық құқықтарды сатып алу шығындары қосымша қаржыландырылған. Бұған дейін спортшы әлем чемпионаты мен Азия ойындарындағы жоғары нәтижелері үшін 6 694 581 теңге көлемінде біржолғы төлем алған, ал бапкерлер штабына қосымша 1 506 040 теңге төленген.

Жеңістің жемісі мұнымен таусылмайды. Сонымен қатар, Шайдоровқа Олимпиададағы жетістігі үшін бірнеше автокөлік сыйға тартылды, бюджеттен 250 мың доллар және үш бөлмелі пәтер берілуде. Оған қоса федерация мен демеушілердің сыйақылары тағы бар.

Қысқасы, спорттағы жеңіс тек медальмен ғана емес, материалдық игіліктердің мол қоржынымен де өлшенеді екен. Біздің елде чемпион болу тек абырой емес, сонымен бірге өте тиімді инвестициялық жоба екені даусыз.

Өзге жұрттың «жомарттығы» қай деңгейде?

Олимпиадашылар әлі күнге дейін жаппай үйлеріне оралып жатыр. Бірақ тек кейбірін ғана 2026 жылғы Ойындарда алған медальдары үшін қомақты чектер күтіп тұр жүздеген мың доллардан бастап төл зейнетақы қорына дейін.

Біреулерге үстіне пәтер, көлік, гауһар тас немесе өмір бойы тегін жол жүру билеті қосылады. Ал кейбір мемлекеттер Олимпиада марапатының өзі-ақ атлетке даң пен дәулет әкеледі деп есептеп, бюджеттен қосымша төлем жасауды артық санайды. Асқақ идеализм мен есепшіл прагматизмнің нәзік тепе-теңдігі осындай.

Алтын медаль үшін қомақты сыйақыны дәулетті азиялық елдер уәде етті. Егер Шайдоров Сингапур туы астында өнер көрсеткенде, оның «алтыны» екі есе қымбат бағаланатын еді: арал-мемлекет 789 000 доллар төлеуге дайын болған. Күміс медаль сыйлағанға 395 000, қолаға 197 000 доллар табыстамақ болды. Алайда Сингапур қоржыны «0» медальмен шектелді, демек, уәде тегін.

Дәл сол секілді өзін жұтқан Қытайдан тек спорт сайыстарына ғана азат қатыса алатын Гонконг алтын үшін 767 мың доллар ұсынды. Бұған қоса жергілікті тұрғын ерекше бағалайтын аңсарлы бонус өмір бойы метроға тегін жүру құқығын ұсынуға даяр еді. Сән-салтанат пен қарапайымдылықтың мұндай синтезі тек Азияға тән болса керек. Бірақ тағдырдың таразысы бұл жолы үнсіз қалды. Бірде бір өрені олжа салмады.

Өз тарихындағы ең жоғары бонустарын биыл Польша ұсынды. 2026 жылғы Олимпиада чемпионы Польша Олимпиада комитетінен 250 000 злотый (70 000 доллар) қолма-қол, стратегиялық серіктестен 250 000 злотый көлемінде цифрлық активтер токендер, сондай-ақ Спорт министрлігінен шамамен 100 000 злотый (28 000 доллар) алатын еді.

Алайда бұл спортшыларға тек арман болып қалды. Нәтижесінде Польша құрамасы 3 күміс және 1 қола медалді місе тұтып, Қазақстаннан да төмен түсті.

Бұдан бөлек, әрбір жеңімпазға Варшаваның астаналық ауданынан екі бөлмелі пәтер, Toyota Corolla Cross автокөлігі, гауһар тас, поляк суретшісінің картинасы және сән-салтанатты демалысқа ваучер берілер еді. Айтпақшы, Польша криптобиржамен серіктестік арқасында Олимпиада сыйақыларының бір бөлігін криптовалютада төлеу ниетін жариялаған алғашқы мемлекет атанды. Жалпы алғанда, пәтер мен мемлекеттік бонусты қоса есептегенде, жергілікті чемпионның жиынтық чегі 350 000 доллардан асар еді.

Бай елдердің «сараңдығы»: Атың үшін тер төк!

Қызығы сол, қысқы спорттың нағыз алпауыттары өз чемпиондарына бюджеттен бір тиын да төлемейді. Олардың философиясы қарапайым: Олимпиада медалі бұл бренд. Егер сен мықты болсаң, демеушілердің өзі-ақ есігіңді қағады. Жарнамадан, сұхбат беруден, жеке блогыңнан және басқасынан күреп кіріс көресің. Мемлекет Олимпиадаға қатысуыңды қамтамасыз етті, соған риза бол!

Өз спортшыларының мол медаль алатынына шынайы сенген елдердің ішінде ең жоғары сыйақыны тек ойын иесі Италия белгіледі алтынға 213 мың, күміске 106 000, қолаға 71 000 доллардан сәл артық. Нәтижесінде италиялықтар қысқы Олимпиадалар тарихындағы ең үздік көрсеткішіне қол жеткізіп, 30 медаль (10 алтын, 6 күміс, 14 қола) иеленді. Алтын саны бойынша 10 марапатпен Нидерландпен үшінші орынды бөлісті, тек Норвегия мен АҚШ-қа жол берді.

Словения алтынға 163 000 доллар, күміске 134 000, қолаға 114 295 доллар уәде етті. Қысқы маусымда ол негізінен шаңғы трамплинінен секірушілерге сенім артты. Төрт медальдің барлығы дәл осы спорт түрінен алынды. Екі алтын да Домен Превцтың қатысуымен жеке және аралас командалық сында. Қорытындысында Словенияда 2 алтын, 1 күміс және 1 қола бар.

Алайда аса жомарт сыйақылар Еуропа мен Солтүстік Американың дамыған елдері үшін сирек құбылыс. Көп медаль күтпейтін елдер көбірек уәде бере алады. Мәселен, Испания негізінен жаңадан енген ски-альпинизмге сенім артты. Енді алтын үшін 112 мың доллар және екі қола үшін 35,5 мың доллардан төлейді. МиланКортина Олимпиадасында Испанияның қоржынында 1 алтын және 2 қола бар.

Франция медаль есебінде алғашқы алтылықты түйіндеп, спортшыларына 2026 жылғы Ойындарда жеңіс үшін 95 000 доллар, күміске 48 500, қолаға 24 000 доллар төлейді. Нәтижесі 8 алтын, 9 күміс, 6 қола.

Үштікті жапқан Нидерланд бірінші орынға 36 000, екіншіге 18 000, үшіншіге 9 000 доллар бөледі. Ел қоржынында 10 алтын, 7 күміс және 3 қола бар.

Құрама рейтингінде бесінші орын алған Германия чемпиондарына небәрі 22 мың доллар беруге «жомарттық» танытты, өйткені Олимпиада медалін спортшының жеке брендингін капиталдандыру құралы деп санайды. Нәтижесі 8 алтын, 10 күміс, 8 қола.

Дәл осындай ұстанымды Норвегия, Швеция және Ұлыбританияның спорт басшылығы да қолдайды: бұл елдерде Олимпиада жүлделері үшін ешқандай сыйақы қарастырылмаған. Олардың пайымынша, төртжылдықтың басты додасында жүлдеге ілігу демеушілер мен серіктестерді өзі-ақ тартады.

Сурет: Antonio Calanni / AP

Жалпы есепте жеңіске жетіп, алтын медаль саны бойынша рекорд орнатқан Норвегия (18 алтын) бюджеттен бір тиын да жұмсамайды. Швеция да солай 18 медальмен оралды, оның 8-і алтын.

Осыдан «ақша мотивация ма?» деген мәңгілік сұрақ қайта жаңғырды. Мықты мотивация болса, біздің спортшылар елге тонна-тонна алтын әкелетін еді. Енді бүкіл қазақ жалғыз Миша Шайдоровтың тілеуін тілейтін түрі бар.

Америка әрине, грейт агейн...

Айтпақшы, АҚШ та медальдар үшін астрономиялық қаражат төлеуге дайын емес алтынға 37,5 мың, күміске 22,5 мың, қолаға 15 мың доллар берді, соған рахмет айт.

Бірақ бұл ел өзгеде жоқ өз соқпағын салды: тарихта алғаш рет АҚШ құрамасының барлық спортшылары өз болашағы мен зейнетіне алаңдамайтын болды. Миллиардер Росс Стивенс 100 миллион доллар аударып, Stevens Financial Security Awards бағдарламасын іске қосты.

Сурет: instagram.com/sportico

Бағдарлама бойынша АҚШ құрамасының әрбір қатысушысы өзі қатысқан әрбір Ойын үшін жалпы сомасы 200 мың доллар болатын төлем пакетін алады. Алайда алғашқы 100 мыңын спортшы 45 жасқа толғанда немесе дебютінен 20 жыл өткен соң ғана иелене алады.

Бұл спорттық мансаптан кейін жинақсыз қалатын атлеттер арасындағы кедейлік мәселесін шешіп, оларға тұрақты өмір сүруге мүмкіндік беруді көздейді. Міне, «жұлдызды-жолақты» атлеттерге арналған зейнетақы деген осы. Тағы 100 мың доллар спортшылардың отбасылары үшін сақтандыру төлемі ретінде қарастырылған. Егер спортшы ерте өмірден өтсе, отбасы далада қалмауға тиіс.

Бірақ бұл көмек шын мәнінде мұқтаж жандарға арналған, сондықтан жылдық табысы 1 миллион доллардан асатын жұлдыздар бұл төлемдерді алмайды. Бұл, әсіресе, NBA баскетболшыларына, NHL хоккейшілеріне немесе үздік теннисшілерге қатысты.

Өз кезегінде Италия, Германия және Израиль чемпиондарын заңнамалық деңгейде қолдап, Олимпиада сыйақыларын салықтан толық босатты. Ал Малайзия мен Хорватияның алтын жүлдегерлері белгілі бір жасқа жеткенде өмір бойы мемлекеттік стипендиялар мен зейнетақыларға ие болады.

Осылайша, Олимпиада медалі бір елде тек қаңылтыр мен матаның қосындысы ретінде қабылданып, отбасылық мақтанышқа арқау болса, біз секілді елдерде ол пәтердің кілтіне, люкс көліктің тетігіне, өмір бойғы қаржылық бақуаттылықтың кепіліне және кейін жұмсақ креслоғаайналады. Спорттағы ұлылық пен күнделікті тұрмыстың арасындағы бұл нәзік тепе-теңдік әлі талай талқылауға өзек болары анық.

Сіз қалай ойлайсыз, біздің спортшылар табысы төккен теріне лайықты ма, әлде бюджетке тым қымбатқа түсіп жатыр ма?

Материал авторы