297

Баланың қолын қайырған: Алматыдағы түзету орталығының қызметкеріне қатысты іс қозғалды

Әлеуметтік желіде тараған видеодан кейін тергеу басталды.

Баланың қолын қайырған: Алматыдағы түзету орталығының қызметкеріне қатысты іс қозғалды
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы қаласындағы балаларға арналған түзету орталықтарының бірінде болған оқиға қоғам талқысына түсті. Әлеуметтік желіде жарияланған видеода орталық қызметкерінің баланың қолын қайырып ұстап тұрған сәті көрінеді.

Видео Instagram желісіндегі egovpress парақшасында жарияланған. Кадрлардан ересек адамның баланы күшпен ұстап тұрғаны байқалады. Баланың ата-анасы бұл жағдайды орталықтағы қызметкердің әрекеті ретінде сипаттаған.

Оқиғаға Алматы қаласының бала құқықтары жөніндегі уәкілі
Диана Ерлан пікір білдірді. Оның айтуынша, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

«Мен баланың анасымен байланыстамын. Оған Алматы қаласының психологиялық қолдау орталығында және Балалардың құқықтарын қорғау орталығында көмек ұсынылды», – деп жазды омбудсмен әлеуметтік желідегі парақшасында.

Редакция сондай-ақ Алматы қалалық полиция департаментіне ресми сұрау жолдаған. Материал жарияланған сәтке дейін полициядан жауап келмеген.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор