278

Желіде ақшаға «жазалау қызметі» ұсыныла бастады

Қорқыту, ұрып-соғу, өртеу туралы жарнамалар көбейді.

Желіде ақшаға «жазалау қызметі» ұсыныла бастады
Telegram скриншот

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, отандық Telegram арналарда заңсыз «жазалау қызметін» ұсынатын күмәнді хабарландырулар тарады. Белгісіз адамдар ақшаға қорқыту, ұрып-соғу және мүлікке зиян келтіру сияқты қылмыстық әрекеттерді орындауға дайын екенін ашық жазған. Бұл туралы Tengrinews.kz жазды.

Хабарландыру авторлары «мәселені басқа тәсілмен шешуді» ұсынып, «жай сөз өтпеген жағдайда көмектесеміз» деп сендірген. Сондай-ақ құпиялылыққа кепілдік берілетіні және әр клиентке «жеке тәсіл» қолданылатыны көрсетілген.

Жарнамалар негізінен Telegram желісінде тараған.

Ұсынылған «қызметтердің» тізімі ашық түрде жазылған. Олардың қатарында:
– телефон арқылы қорқыту;
– ұрып-соғу;
– пәтердің кіреберіс есігін өртеп жіберу;
– автокөлікті өртеу;
– жәбірленушіні қала сыртына алып кетіп, күш қолдану әрекеттері бар.

Қосымша ақыға «жазалау процесін» бейнежазбаға түсіріп беру де уәде етіледі.

Бағалар бірнеше ондаған мың теңгеден бастап, жүздеген мың теңгеге дейін көрсетілген. Кейбір хабарландыруларда «ұрып кету» қызметінің құны небәрі 150 мың теңге деп жазылған.

Аталған фактілерге байланысты редакция хабарландырулардың скриншоттарын қоса тіркеп, ресми сауал жолдады. Бұған жауап берген Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі интернет кеңістігі тұрақты түрде бақылауда екенін мәлімдеді.

Министрліктің жауабында:
«Өз құзыреті шеңберінде ішкі істер органдары интернет кеңістігін бақылап, құқыққа қайшы мазмұндағы жарияланымдарды анықтайды және оларды бұғаттау жөнінде бастама көтереді. Жиналған материалдар заңнамаға сәйкес құқықтық баға беру және процессуалдық шешім қабылдау үшін тиісті бөлімшелерге жолданады», – делінген.

ІІМ киберқылмысқа қарсы жүйелі жұмыс жалғасып жатқанын атап өтіп, азаматтарды қырағылық танытуға және кез келген заңсыз әрекет туралы дереу құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырды.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор