346

Алматы облысында 19 жыл бұрынғы кісі өлтірген қанішер-таксист сотталды

2006 жылғы кісі өлтіру ісі бойынша соңғы күдікті сотталды.

Алматы облысында 19 жыл бұрынғы кісі өлтірген қанішер-таксист сотталды
pexels.com / Ваня Мартинцев

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы облысында шамамен 19 жыл бұрын жасалған адам өлтіру ісі бойынша үшінші күдіктіге үкім шықты. Тергеуден ұзақ жылдар бойы бой тасалап келген ер адам енді түрмеге жіберілді. Бұл туралы Алматы облысының прокуратурасы хабарлады.

Қылмыс 2006 жылдың қыркүйегінде Алматы қаласында болған. Тергеу материалдарына сәйкес, өзін такси жүргізушісі ретінде таныстырған үш ер адам Қырғызстан азаматын көлікке отырғызып, кейін оны тұншықтырып өлтірген. Марқұмның жеке заттары тоналып, мәйіті Алматы – Қапшағай тасжолының бойына тасталған.

2007 жылы қылмысқа қатысы бар екі адам ұсталып, сотталған. Ал үшінші күдіктіге қатысты іс өндірісі тоқтатылып, материалдар іс жүзінде мұрағатқа «көмілген». Кейін анықталғандай, бұл іс тіпті бұрынғы жылдардағы ашылмаған кісі өлтіру деректерінің тізіміне де енгізілмеген.

Істің қайта қозғалуына прокуратура қызметкерлері Аида Иманалиева мен Әлия Сарсекееваның ескі қылмыстық істерді талдау барысында негізсіз тоқтатылған өндірісті анықтауы себеп болған. Дерекқорларды салыстыру және қосымша мәліметтерді тексеру нәтижесінде күдіктінің осы уақыт бойы Қарасай ауданында жүргені белгілі болды.

Тергеу қайта жанданып, іс ерекше бақылауға алынды. 2025 жылдың шілдесінде күдікті ұсталды. Барлық дәлелдер жиналған соң, араға небәрі он тоғыз жыл салып, іс сотқа жетті.

2026 жылғы 24 ақпанда сот ер адамды кінәлі деп танып, 16 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор