Алматыда коррекциялық орталық қызметкері балаларға күш көрсетті деген күдікпен ұсталды
Ерекше қажеттілігі бар балалар орталығындағы оқиға тергеліп жатыр.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы қаласында коррекциялық орталық қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ер адам балаларға күш қолданды деген күдікпен ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полиция мәліметінше, жедел-іздестіру шаралары барысында күдікті анықталып, қамауға алынған. Қазір тергеу тобы оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған процессуалдық әрекеттерді жүргізіп жатыр. Бейнебақылау камераларындағы жазбалар зерделеніп, куәлар мен іске қатысы бар тұлғалардан жауап алынуда.
Алматы қалалық полиция департаменті тергеу барысы департамент басшылығының ерекше бақылауында екенін мәлімдеді.
«Тергеу қорытындысы бойынша күдіктінің әрекетіне Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқықтық баға беріледі», – делінген полиция таратқан ақпаратта.
Бұған дейін Алматыда ерекше қажеттілігі бар балалар тәрбиеленетін «Феникс коррекциялық орталығы» төңірегінде қатыгездік деректері туралы ақпарат тараған болатын. Ата-аналардың айтуынша, орталықта балаларға күш қолданылған, бұл жайттарды ересектер өз көздерімен көрген.
Қазіргі таңда оқиға бойынша тергеу жалғасып жатыр.
Материал авторы