293

АҚШ Иранмен қақтығыстың алғашқы күндерінде 5,6 млрд доллар жұмсаған

Пентагон операция шығыны туралы мәлімет жариялады.

АҚШ Иранмен қақтығыстың алғашқы күндерінде 5,6 млрд доллар жұмсаған
AP Photo / Alex Brandon

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ әскері Иран аумағына жасалған алғашқы соққыларға екі күннің ішінде шамамен 5,6 млрд доллар жұмсаған. Бұл туралы АҚШ Қорғаныс министрлігі мәліметіне сүйенген The Washington Post хабарлады.

Пентагон дерегіне сәйкес, операция барысында 2000-нан астам жоғары дәлдіктегі оқ-дәрі қолданылған. Олардың қатарында қанатты зымырандар мен басқарылатын бомбалар бар. Нәтижесінде Иран аумағындағы 5000-нан астам нысанаға соққы жасалған.

Алайда мұндай шығындар АҚШ Конгресі мүшелерінің алаңдаушылығын күшейтті. Заң шығарушылар стратегиялық маңызы бар қару-жарақтың, әсіресе әуе шабуылына қарсы қорғаныс зымырандары мен жоғары дәлдіктегі оқ-дәрілердің қоры тез азайып бара жатқанын айтып отыр. Бұл қару түрлері баяу өндірілетіндіктен, олардың тапшылығы басқа ықтимал қақтығыстарға дайындыққа әсер етуі мүмкін.

Қару тапшылығын азайту үшін АҚШ әскері қымбат зымырандардың орнына арзанырақ лазермен басқарылатын бомбаларды көбірек қолдана бастаған. Дегенмен сарапшылар мұндай шешім ұзақ мерзімді мәселені толық шеше алмайтынын айтады.

Ал Дональд Трамп әкімшілігі Иранға қарсы операцияны жалғастыру үшін Конгрестен ондаған миллиард доллар көлемінде қосымша қаржы сұрауға дайындалып жатыр. Демократтар болса соғыс мақсаты мен жалпы шығынына нақты түсініктеме беруді талап етуде.

Өз кезегінде Иран да АҚШ-тың өңірдегі әскери базаларына дрондар мен зымырандар арқылы жауап соққыларын жасауда. Қақтығыстың алғашқы күндерінде жеті америкалық әскери қызметкер қаза тапқаны хабарланды.

Шиеленіс күшейген жағдайда АҚШ басқа аймақтардан жоғары технологиялық қару-жарақты, соның ішінде Patriotжәне THAAD жүйелерін қайта орналастыруға мәжбүр болып отыр. Бұл қадам әлемнің басқа өңірлеріндегі, соның ішінде Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы қорғаныс мүмкіндіктерінің әлсіреуіне қатысты алаңдаушылық туғызды.

Әскери сарапшылардың бағалауынша, егер жоғары дәлдіктегі қару-жарақтың жұмсалу қарқыны осылай жалғаса берсе, олардың қорын қалпына келтіруге бірнеше жыл қажет болуы мүмкін. Ал Иранмен қақтығыс ұзаққа созылса, АҚШ әскери шығындарын тағы да арттыруға мәжбүр болады.

Материал авторы