434

Тоқаев: Қылмыскерлер ең әуелі шын мұқтаж жандарды тонап отыр

Тоқаев әлеуметтік төлемдер жүйесін теріс пайдаланғандарды сынға алды.

Тоқаев: Қылмыскерлер ең әуелі шын мұқтаж жандарды тонап отыр
Ақорда

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлеріне қарсы күш қолданғандарды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы заңға жыл басында қол қойғанын мәлімдеді. Президенттің айтуынша, мұндай норма ТМД елдерінің көпшілігінде жоқ.

Мемлекет басшысы Қазақстанда азаматтардың тегін медициналық көмек алу құқығы заңмен кепілдендірілгенін атап өтті. Оның айтуынша, өткен жылы ғана 3,6 миллион адам мемлекет есебінен тегін дәрі-дәрмек алған.

Президенттің сөзінше, елде әлеуметтік сақтандыру жүйесі де тиімді жұмыс істеп келеді. Жұмыссыз қалған, асыраушысынан айырылған немесе еңбекке қабілетін жоғалтқан азаматтарға арнайы қолдау көрсетіледі.

Биыл әлеуметтік төлемдер көлемі 10 пайызға ұлғайды. Қазірдің өзінде 660 мыңнан астам азаматқа шамамен 70 миллиард теңге көлемінде қаржылай көмек берілген. Сонымен қатар жәрдемақылардың барлық түрі, базалық және ортақ зейнетақы мөлшері де 10 пайызға артты.

Президенттің айтуынша, бұл – Қазақстанда азаматтарға туғаннан бастап өмір бойы ұсынылатын әлеуметтік қолдаудың бір бөлігі ғана.

Сонымен бірге мемлекет басшысы қоғамда әлеуметтік көмекті міндетті нәрсе ретінде қабылдау үрдісі байқалатынын айтты. Кейбір азаматтар мұндай қолдауды қалыпты жағдай ретінде қабылдап, оның маңызын бағаламайтынын жеткізді.

Халықаралық сарапшылар да үкіметтерге қоғамда иждивендік көзқарастың күшеюі және еңбек белсенділігінің төмендеуі мүмкін екенін ескертіп отыр. Бұл тақырыпта жуырда Илон Маск те пікір білдіріп, әлеуметтік жүйелердің «шектен тыс жомарттығы» қоғамға кері әсер етуі ықтимал екенін айтқан.

Президенттің айтуынша, кейбір алаяқтар заңсыз схемалар арқылы әлеуметтік көмекті иемденіп жүр. Мұндай әрекеттер ең алдымен мемлекеттік қолдауға шын мұқтаж азаматтардың үлесін тартып алады.

Сондықтан әлеуметтік көмекті нақты мұқтаж адамдарға жеткізу үшін жүйені жетілдіруге бағытталған ауқымды жұмыстар жүргізілмек.

Тоқаевтың айтуынша, Қазақстандағы әлеуметтік қолдау деңгейі көптеген шетелдік сарапшыларды таңғалдырады. Өйткені мұндай көлемдегі әлеуметтік көмек барлық елде бірдей қарастырылмаған. Кейбір мемлекеттер тіпті мұндай қолдау көрсетуге дайын емес.

Материал авторы