1317

Әкімдердің «Бермуд үшбұрышы»: Алматы – мансап шыңы ма, әлде шекара асудың алғышарты ма?

Алатау бөктеріндегі елдің ең ірі мегаполисі – лауазымды шенеуніктер үшін экс-астананың жұрты ғана емес, экзистенциалды жол айырық іспетті. Сарапшылар мынадай бір қызықты құбылысқа назар аударады: қала тізгінін ұстағандардың траекториясы ерте ме, кеш пе, Алматының апортынан гөрі Альпінің бөктеріне немесе Мәскеудің кремльдік қақпасына жақындай түседі екен.

Әкімдердің «Бермуд үшбұрышы»: Алматы – мансап шыңы ма, әлде шекара асудың алғышарты ма?
SMARTNEWS.KZ коллажы

Статистика мен тарихқа сүйенсек, бұл қаланы басқару – көбінесе мемлекеттік қызметтің соңғы аялдамасы болады немесе халықаралық деңгейдегі «ерікті-еріксіз» саяхаттың бастауына айналады.

Эмиграциялық эстафета: Храпуновтан Сағынтаевқа дейін

Сонымен, Алматы әкімі креслосына отырған адамның мансабы көп жағдайда Отаннан тыс жерде аяқталатын көрінеді.

Бұл «дәстүрдің» көшбасшысы — Виктор Храпунов (1948 жылы туған). Ол 1997-2004 жылдары қаланы басқарғанда, шаһардың гүлденуіне емес, өз әулетінің активтеріне көбірек көңіл бөлсе керек: ақыры 2018 жылғы 8 қазанда Алматы қаласының мамандандырылған аудандық соты оның «еңбегін» тиісінше бағалады. Бюджеттік қаржыны ұрлағаны және пара алғаны үшін 17 жылға сырттай бас бостандығынан айыру және барлық мемлекеттік марапаттарын тәркілеу туралы үкім шығарылды. Храпуновтың қылы қисайған жоқ, жаза да тартқан жоқ. Швейцарияда өмірін жалғастырды.

Иманғали Тасмағамбетовтің (1956 ж.т.) жолы «дипломатиялық» сипатта өрбіді. 2004-2008 жылдары Алматыны басқарған «сегіз қырлы» саясаткер содан соң да «елбасы» тұсында мемлекеттік қызметте қала берді. Ақыры бәрібір Қазақстаннан аулақтатылып, Мәскеуден бір-ақ шықты. 2023 жылғы 1 қаңтардан Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының Бас хатшысы болды. НАТО-ға бәсекелес бұл ұйымның штаб-пәтері мен хатшылығы Мәскеуде орналасқан.

ҰҚШҰ Бас хатшысы болып жүріп, Тасмағамбетов Украинаның санкциясына ілікті: украиналық «Миротворец» базасының «қара тізіміне» енгізілді. База сайтында «Иманғали Тасмағамбетов Ресейдің Украинаға қарсы агрессиясын толық қолдайды» деп жазылған, деп хабарлады қазақстандық bes.media.

Сурет: myrotvorets.center

2025 жылдың 27 қарашасында Тасмағамбетов қызметсіз қалды: ҰҚШҰ Бас хатшысы лауазымында оны Қырғызстан өкілі алмастырды. Бірақ ол қазақстандық саяси сахнаның төрін емес, гольф алаңдарының саясындағы тыныштығын таңдаса керек. Тасмағамбетов кезінде Назарбаевтың қолдауымен құрылған Гольф федерациясын басқаратын көрінеді. Білетін жұрттың айтуынша, қашықтан басқарады.

Ахметжан Есімов (1950 ж.т.) Алматыны 2008-2015 жылдары басқарды. Ол үшін бұл кезең мемлекеттік қызметтегі мансаптың ең жоғары сатысы, нағыз апогейі болды десек қателеспейміз. Әкімдіктен соң ол квази мемлекеттік секторға ауысты. Бұл – Қазақстандағы тәжірибелі шенеуніктер үшін жиі қолданылатын «жұмсақ қону» траекториясы немесе «алтын парашют».

Есімов «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы болды. Кейін ол 2021 жылға дейін «Самұрық-Қазына» қорының басшысы қызметін атқарды. Сөйтіп, саясаттан біржола кетті.

Бүгінде Ахметжан Смағұлұлы зейнеткерлікке шыққан. Ардагер ретінде саясатқа қайта оралатын түр байқатпайды. Билік дәліздеріндегі жағдайды білетін адамдардың айтуынша, кезінде оған ұсыныстар болыпты. Оның аппараттық салмағы әлі де аңыз ретінде айтылады.

Бауыржан Байбек (1974 ж.т.) «жастар саясатының» жарқын үлгісінен «инвестор-саяхатшыға» тез айналды. Саясаттан жап-жас кетті. Тағы да қасиетті Алматының киесі емес пе? 2015-2019 жылдары Б.Байбек Алматының әлеуметтік желідегі ең танымал әрі ең даулы әкімдерінің бірі болды. Ол әкімдікке жаңа стиль, жаңа медиялық белсенділік әкелген тұлға ретінде есте қалды. Алайда оның саяси мансабы да әкімдік кезеңінен кейін біртіндеп бәсеңдеді.

2025 жылғы жағдай бойынша Байбек үлкен саясатпен айналыспайды. Оның АҚШ-та жүргені туралы хабар тарады, Кипр мен Германияда бой көрсеткені де айтылды. Қазір ол өзін халықаралық инвестор ретінде таныстырады. Соңғы бір жарым жылда, қолда бар мәліметтер бойынша, Байбек қиырдағы Жапонияда жүріп, шетелдік инвестициялар тартумен айналысып жатыр.

Сурет: instagram.com/bakordamems

Бақытжан Сағынтаев (1963 ж.т.) Алматыны 2019-2022 жылдары басқарды. Ізінше қазақстандық саясаттан алшақтады. Әкімдігі «Қанды қаңтардың» ызғарымен аяқталды. 2022 жылғы 31 қаңтарда қызметінен кеткен Сағынтаев 2024 жылғы ақпаннан Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы ретінде Мәскеуге қоныс аударды.

Бұл — қазақстандық шенеуніктер үшін ең қолайлы «экспорттық» нұсқа: елден жырақ, бірақ билікке жақын. Соның нәтижесінде Алматы әкімдерінің тағдырында мәскеулік бағыт тағы бір рет қайталанды.

Ерболат Досаев (1970) Алматы тізгінін 2022-2025 жылдары уысында ұстады. Оның кезеңі туралы алматылықтардың пікірі әлі күнге ала-құла. Қазір Досаев Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары.

Алайда ол ақпараттық кеңістікте сирек көрінеді. Сиректігі сонша, кейде журналистердің өзі ақпараттық вакуумнан шошып, бір-бірінен: «сол өзі Қазақстанда ма?» деп сұрастырып жатады. Ақорданың ресми сайтында да ол туралы жаңалық жоқтың қасы: тек 2025 жылғы 19 қыркүйектегі «Е.А.Досаевты тағайындау туралы» жарлық тұр.

Қалай болғанда, Досаевтың аты жаңалықтарда жиі атала бермейді. 2026 жылдың қаңтарында оның «Бәйтерек» холдингінің директорлар кеңесіне кіргені белгілі болды. Бұл кеңесте премьер-министр Олжас Бектенов те бар. Бұл «үнсіздік» жаңа биікке дайындық па, әлде кезекті «көрінбейтін қызметке» ысыру ма — уақыт еншісінде.

Жаңа әкім және ескі сұрақтар

2025 жылғы 24 мамырдан Алматыны экономика ғылымдарының кандидаты Дархан Сатыбалды (1974 жылы туған) басқарады. Екі айдан соң мегаполиске басшылық еткеніне бір жыл толады екен.

Оның тұсында қала асқаралы асуларды алып, биік белестерді бағындырып, күрт өрледі ме? Ресми статистикаға қарасақ, бұл сұраққа «иә!» деп пафосты жауап беру қиын.

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, Сатыбалды кезеңінде Алматы демографиялық тұрғыдан тынысы тарыла бастағандай. Қаладағы табиғи өсім құлдырап барады. 2025 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында табиғи өсім небәрі 19 432 адамды құрады — бұл соңғы жылдардағы өзіндік антирекорд. Салыстыру үшін: алдыңғы жылдың дәл осы кезеңінде өсім 22 401 адамға жеткен еді.

2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Алматы халқының саны 2 млн 347,9 мыңнан асты. Бірақ 2025 жылдың толық қорытындысы бойынша 31 949 сәби ғана туылған. Ұлттық статистика бюросы хабарлағандай, туу көрсеткіші 2024 жылдың қаңтар-желтоқсанымен салыстырғанда бірден 7,6%-ға құлапты. Жаңа әкім келгелі алматылық қыз-келіншектер бала тууды қойып бара ма? Бас шаһарымыз демографиялық депрессиядан қашан құтылмақ?

Шошынтатыны сол, алматылықтар жиірек өле бастапты. ҰСБ ресми мәліметінше, Алматыда қайтыс болғандар саны өсті. 2025 жылы бұл қайғылы статистика 12 517 адамға жетті — өткен жылмен салыстырғанда 2,7%-ға ұлғайған.

Қалалық экономиканың кейбір секторларында да салқындау, тіпті стагнация белгілері байқалады екен. Мәселен, Ұлттық статбюросының дерегі бойынша, 2026 жылғы қаңтарда ауыл шаруашылығы өнімдері мен қызметтерінің жалпы шығарылымы 382,3 млн теңгені құрады. Өсім 2025 жылғы қаңтармен салыстырғанда 0,9%. Формалды түрде өсім бар, бірақ ол статистикалық ағаттық шегінен аса қоймайды.

2026 жылғы қаңтарда Алматыда барлық көлік түрлері бойынша жүк айналымы 9,6%-ға құлдырады, дейді Ұлттық статистика бюросы. Оның хабарлауынша: «жүк айналымы бар болғаны 4 912,1 млн т-км болды (коммерциялық тасымалмен айналысатын жеке кәсіпкерлердің бағалау деректерін қоса есептегенде), бұл 2025 жылғы қаңтармен салыстырғанда 90,4%». Сауданың күретамыры саналатын қала үшін бұл — дабыл сигналы.

Тұрғын үй құрылысында да тіксінтетін жайт жетерлік: 2026 жылғы қаңтарда пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы ауданы небәрі 2,3%-ға өсіп, 231,4 мың шаршы метрді құрады. Ал жеке тұрғын үйлердің пайдалануға берілген жалпы ауданы керісінше 14,3%-ға қысқарып, 27,2 мың шаршы метр ғана болды.

Инвестициялық динамика бұдан да қарапайым. «Инвесторлардың қалаға деген сенімі мұздап қалған жоқ па?» деген сауал туындайды. ҰСБ мәлімдеуінше, 2026 жылғы қаңтарда негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 127 817,6 млн теңгені құрады. Өсім 2025 жылғы қаңтармен салыстырғанда бар болғаны 1,1%.

Аудиттің ауыр қорытындылары

Жақында Жоғары аудиторлық палата Алматы қаласына қатысты ауқымды аудитінің қорытындысын жариялады. Бюджет қаражаты мен активтерді пайдалану тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудит 2020 жылғы 1 қаңтардан 2025 жылғы 17 қыркүйекке дейінгі кезеңді қамтыды. Қорытындыларды жұмсақ айтқанда, оптимистік деп айту қиын.

«Бүгінгі таңда Алматы республикадағы ең ірі экономикалық орталық болып қала берді. Ел халқының 11%-дан астамы тұратын қала елдің жалпы ішкі өнімінің шамамен 22%-ын қалыптастырады. Алайда қала экономикасы сол бұрынғыдай негізінен сауда мен қызмет көрсетуге бағдарланған. Ал өрлеуге серпін бере алатын өндірістік және инновациялық секторлар әлдеқайда баяу дамуда. Бұл Алматының өсу қарқынын тежейді», — деген шешімге келді ЖАП.

Сурет: gov.kz

Тексеру барысында мемлекеттік аудиторлар жоспарлау, басқару және бақылау жүйесінде төбе шашты тік тұрғызар қаптаған кемшіліктерді және заңбұзушылықтарды әшкереледі.

Мысалы, 2021-2025 жылдарға арналған Алматының даму жоспарына тоқтаусыз түзету енгізіп отырғанына қарамастан, ол сол бойы қаланы басқарудың тиімді құралына айнала алмапты. Аудиторлар жоспарланған іс-шаралардың толық қаржыландырылмайтын керітартпа тәжірибесін анықтады. Соның салдарынан бірқатар мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізілмеген.

Президент Қ.Тоқаев Үкіметтен және әкімдерден барлық жобаға халық қаржысын, бюджет қазынасын шаша беруді тоқтатуды талай тапсырып еді. «Тілазарлардың» көшін Алматы әкімдігі бастағандай. ЖАП хабарлауынша, басты мегаполисте бюджет есебінен жүзеге асырылатын инвестициялық жобалардың саны кему орнына, керісінше, өскен: 2022 жылы бюджеттің мойнына масыл болған 365 жоба болса, 2025 жылы олардың саны күрт артып, 529-ға жеткен.

Алайда жобалар санының артуы олардың тиімді жүзеге асуына кепіл бола алмады, дейді аудиторлар. Ел қаржысы миллиардтап талан-тараж болуда екен.

Материал авторы