Жетісуда пәтер тонаушылар тобы әшкереленді
13 пәтерді тонаған күдіктілер ұсталды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жетісу облысында бірнеше ай бойы тұрғындарды әбігерге салған пәтер ұрылары қолға түсті. Күдіктілер кемінде 13 ұрлыққа қатысы бар деген күдікке ілініп отыр.
Полицияның мәліметінше, 29 және 35 жастағы екі ер адам желтоқсаннан бері өңірде жүйелі түрде пәтер тонаумен айналысқан. Қылмыстар 2026 жылдың 19 наурызына дейін тіркелген.
Ұрлықтардың географиясы бірнеше ауданды қамтыған: Ескелдіде – 6 дерек, Алакөлде – 3, Көксу мен Ақсуда – екі-екіден жағдай анықталған. Барлық эпизодта бір тәсіл қолданылған – күдіктілер пластикалық терезелерді бұзып кіріп, үй иелері жоқ сәтті пайдаланған.
Жалпы келтірілген шығын 23 млн теңгеден асқан. Ұстау кезінде күдіктілерден ұрланған алтын бұйымдар тәркіленді.
Полиция өкілдері мұндай қылмыстардың жазасыз қалмайтынын атап өтті. Қазір іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр, күдіктілердің басқа да ұқсас деректерге қатысы тексерілуде. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Өңірде қоғамдық қауіпсіздікті күшейту шаралары жалғасып жатыр.
Материал авторы