Қазақстан билігі «ұялып» айтпағанды Өзбекстан ашық жайып салды
Өзбек ағайында жетпісінде «піскен» әкелер көбейіп келеді.
Аталардың «ат жалын» тартып мінуі
Оңтүстік көршіміздің демографиялық майданында соңғы кездері қызықты құбылыс белең алуда: жетпісті алқымдап, сексенге секіргелі тұрған «ақсақал-әкелердің» қатары сирейтін емес. Біздің Қазақстан билігі мұндай «нәзік» тақырыптарға қатысты статистиканың бетін бүркеп қойғанды жөн көрсе, өзбектер жетпісінде «піскен» әкелерін түгендеп, әлемге жар салып жатыр.
Шерхан Мұртаза «жетпіс» сөзін «жет және піс» деп екі сөздің қоспасы ретінде тәпсірлегені бар еді. Бұл — ер адамның ақылы толысып, парасаты пісетін ғана емес, белінің де қуаты сыналатын кезең болса керек.
Баяғыда жетпіске келгенде перзент сүйген қариялар баласының атын ырымдап «Жетпісбай» қоятын. Бұл есім тек нәрестеге емес, сол отағасының «статусына», оның әлі де сапта екенін паш ететін ерлігіне берілген баға еді.
Өкінішке қарай, бүгінде Қазақстанда «Жетпісбай» және одан егде жастағы белі мықты азаматтардың әлеуетін паш ететін есімдер жоғалып кетті. Бұл есімдер тарих қойнауына, шаң басқан архивтерге кетіп барады. Рухы мен белі мықты азаматтардың есімін ескіліктің қалдығы санау — ұлттық ПОТЕНЦИАЛды бағаламау емес пе?
Threads-тегі «шайқас»: Бишімбаев синдромы ма, әлде жасамыстардың күндеуі ме?
Жақында Threads әлеуметтік желісінде жетпістегі аталардың әке атануы туралы нағыз «сөз соғысы» бұрқ ете қалды. Пікір білдірушілердің басым бөлігі бұл құбылысқа мұрнын шүйіріп, теріс қарайтынын аңғартты.
Бәлкім, бұл қарт азаматқа шыққан қызды тек қана бақытсыз етіп бейнелейтін Кеңес заманындағы «социалистік реализмнің» салқыны, санаға таңған «моральдық қыспағының» салдары ма? Әлде қоғамды тұрмыстық тауқыметтен алаңдату үшін қазіргі биліктің онлайн-трансляциямен жаһандық деңгейге дейін ушықтырған «бишімбаевшылдықпен» күрестің жанама әсері ме? Өйткені пікір білдірушілердің кейбірі жаңылысып, бұл құбылысты әй-шәйға қаратпай, «тұрмыстық зорлық-зомбылыққа» жатқыза салуға асығыпты.
Әйтеуір, «репродуктивті, яғни, бетінің қызылы ойнаған, бала туатын жастағы қыз-келіншек өз еркімен жетпістегі шалдан бала тумайды» деп есептейтіндер жетерлік әрі белсенді болып шықты.
Желідегі жұрттың уәжі де алуан түрлі:
«Кәрі шалдар бар жас қыздарға қарап, қырындайтын. Ұялмайсыздар ма сонда? Аралары 10-35 жас кіші қызыңдай, қарыңдасыңдай қызбен жүретіндер. Ужас енді. Мен осы нәрсені түсінбей-ақ қойдым»;
«Қызыңдай баламен көңіл қосу — нағыз сұмдық!»;
«Себебі жас қыздар аңғал болады, әлі толық санасы қалыптаспаған. Сол үшін қыз баласын оқыту, мамандық игерту керек. Ақыл тоқтатып жан-жағын білетіндей. Шалдарға алдану оңай оларға»;
«Алдыңғы президент 70-тен асқан шағында «мисс Қазақстан» атанған жас қызды алғанда ешкім үндемеді. Ағайыны да қанша жас қызды алды»;
«Менің түсінігім бойынша адамның жасы үлкен рөл ойнамайды. Жас айырмашылығы құндылықтар бірлігіне, өмірлік кезеңдер мен жауапкершілікке әсер етпейді. Тек қыз 18-ден асқан болуы керек!Онда айыптауға еш негіз жоқ», — дейді аталған желіде айтысқан қазақстандықтар.
Қоғамдық пікірдің екіге жарылуы — елдегі ұрпақтар сабақтастығы мен құндылықтар жүйесінің трансформацияға түсіп жатқанының айқын белгісіндей.
Қазақстандық статистика: үнсіздік — ненің белгісі?
Содан ба, тіпті мемлекет және ол үшін статистика жүргізетін орган үшін де бұл тақырып «табу» сияқты.
Ұлттық статистика бюросының ресми сайтында перзентті болған әкелердің жасы бойынша деректер жоқ болып шықты. Тек «Ананың жасы бойынша туғандар (жылдар бойынша)» статистикасын жүргізеді екен. Ал, әкелердің жасын жіпке тізгеннен не әбестік байқағаны беймәлім.

Дереккөз: bala.stat.gov.kz
Сонымен, Қазақстанда билік басына Қасым-Жомарт Тоқаев келгелі, 50-54 жас аралығында бала туған алтынқұрсақ аналардың саны еселеп өскен көрінеді:
2018 жылы — 33;
2019 жылы — 51;
2020 жылы — 27;
2021 жылы — 53;
2022 жылы — 58;
2023 жылы — 86;
2024 жылы — 85.
2025 жылы осы жас аралығында бірінші немесе кезекті рет «ана»атанған әйелдер туралы дерек кешірек шығады.
Алпыспай, Жетпісбай, Сенсенбайларды дүниеге әкелген аналар да бар дейді статистикашылар. Олардың саны да өскен.
55 және одан жоғары жаста бала туған әйелдердің саны:
2018 жылы — 5;
2019 жылы — 7;
2020 жылы — 6;
2021 жылы — 6;
2022 жылы — 10;
2023 жылы — 10;
2024 жылы — 15 (2025 жыл қорытындысы әлі шықпаған).
Алдыңғы жылы кейуана жаста сәбиге өмір сыйлаған батыр аналардың көбі немесе алтауы — Алматы қаласында, бесеуі — Астана қаласында, біреуі — Шымкент қаласында, біреуі — Атырауда, біреуі —БҚО-да, біреуі — ШҚО-да тұрып жатыр.
Астана мен ең ірі мегаполис мысалы — жақсы жағдай жасаса, медициналық қызмет жоғары деңгейде болса, аналар үшін қай жаста да алынбайтын қамал жоқтығын көрсетсе керек.
Аналардың жасы ұлғайған сайын бала тууы — медицинаның жеңісі ме, әлде өмірге деген шексіз құштарлық па? Қалай болғанда да, бұл сол аналардың қасындағы қосағы — ер азаматтардың да «қауқарына» тікелей байланысты екені анық.
Өз-ағамыздың «ерлігі»: жетпіс – ердің жасы
Қазақстан қымсынып, деректерді жасырып отырғанда, Өзбекстан «жалған ұятты» ысырып тастап, нақты цифрларды жария етті. Өзбекстандық Ұлттық статистика комитеті 70 жастан асқан әкелердің санын есептеп шығып, елді дүр сілкіндірді.
Дереккөз: stat.uz
Оның ресми түрде хабарлауынша, бір ғана 2025 жылы 48 ер адам 70 жастан асқан шағында әке атанды.
Көрші елдің статорганының мәліметтеріне сәйкес, 2025 жылы Өзбекстанда 879 599 баланың дүниеге келуі тіркелген.
Әкелердің жас ерекшеліктері бойынша «парады» мынадай:
25 жасқа дейін — 97 917 адам (әке болуға жаралғандар);
25—39 жас — 718 798 адам (негізгі күш);
40—59 жас — 62 246 адам (орта буын);
60 жас және одан жоғары — 638 ержүрек,
70 жастан асқандар — 48 қарт батыр.
Бұл статистика кейінгі жылдары экономикалық өсім бойынша Қазақстанды қатты артқа тастаған еңбекқор өзбек ағайындардың ұрпақ өрбітуді де ұмытпай, бұл бәйгеде де жарау аттай алдына жан салмайтынын көрсетеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Өзбекстанда 12 мыңнан астам әйелдің 40 жастан кейін ана атанғаны хабарланған болатын!
Дегенмен, жалпы демографиялық ахуалда сәл салқындау бар: көршіде 2025 жылы 884 500 бала дүниеге келді — бұл 2024 жылмен салыстырғанда (926 400) 5,3%-ға аз.
Сонымен қатар, Өзбекстанда неке қию саны да азайған. 2025 жылы 267 100 неке тіркелді — бұл соңғы 15 жылдағы ең төменгі көрсеткіш, яғни 2024 жылмен (271 800 неке) салыстырғанда 1,7%-ға аз.
Жастар некеден қашып, жалпы туу көрсеткішін азайтқанымен, 70-тегі «гвардияның» саптан шықпауы — өзбек демографиясының мықтыбекінісіндей және ұрпаққа ұлағатты үлгісіндей көрінеді.
Материал авторы