1328

Теріскейдің теріс кеткен тағдыры: Солтүстік Қазақстанды жемқорлық жегідей жеп жатыр ма?

Облыс түгіл, оның орталығында да адам қалмай барады.

Теріскейдің теріс кеткен тағдыры: Солтүстік Қазақстанды жемқорлық жегідей жеп жатыр ма?
ЖИ иллюстрациясы

Шекаралас аймақтың асты қазына, үсті береке болса да, бүгінде өңірден құт қашып, үрей үйіріле бастағандай. Тарихтың талай тарпаң кезеңінде қазақтың қайсар хандары мен Алаш арыстары басын бәйгеге тіге жүріп сақтап қалған бұл киелі топырақ қазіргі «жұмсақ кресло иелерінің» қырсыздығынан иесіз қалудың аз-ақ алдында тұр.

Статистика сөйлесе, сүйек сырқырайды: халық саны сиреп, бизнес безіп, бюджет қаржысы «көлеңкелі схемалардың» құрбанына айналып жатқанға ұқсайды.

ТАРИХИ ТЕГЕУРІН ЖӘНЕ ҚАЗІРГІ КЕЙІП: 
Тәшенов қорғаған жерді кімдер қор қылды?

Шекарада, Ресейдің Қорған, Түмен және Омбы облыстарымен иық тіресіп жатқан Солтүстік Қазақстан облысы ежелден солтүстіккөршінің сұқ көзінің құрты, іңкәрлігінің ермегі, сес көрсетуінің нысаны болғаны жасырын емес. Бұл өңір шөбін тартса майы шығатын құнарлы қара топырағымен ғана емес, стратегиялық маңызымен де құнды.

Сонау патша заманында, Кеңес өкіметінің қанқұйлы дәуірінде бұл жерді бөліп алуға тырысқандар аз болған жоқ. Әріде қазақ хандары мен батырларының, беріде қазақтың соңғы ханы Кенесарының, күні кеше Алаш арыстары мен Қазақ КСР Министрлер кабинетінің төрағасы Жұмабек Тәшенов сияқты ұлтжанды азаматтардың ерен ерлігінің, айбатты арпалысының арқасында ғана бұл аймақ алпауыт көршінің жұмырығына жұтылып кетуден аман қалды.

Өкінішке қарай, бабалар қанымен қорғалған жерді бүгінгі шенеуніктердің «салақтығы» әлде «ашқарақтығы» құрдымға итермелеп барады. Мұны мемлекеттік статистика растайды.

ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ «ДЕФОЛТ»
Астананың бір ауданына татымайтын облыс орталығы

Ұлттық статистика бюросының ресми мәліметінше, ауыл-аудан түгіл, СҚО орталығының өзінде тұрғындар саны кеміп келеді. Тәуелсіздіктің таңы атқан 1991 жылы Петропавлда 245,6 мың тұрыпты. 2025 жылға қарай олардың қатары селдіреп, 222,1 мың адам ғана қалыпты.

Салыстыру үшін айтсақ: елордамыз Астананың бір ғана бөлігінде Алматы ауданында 443 мыңнан астам халық тұрады. Яғни, тұтас бір облыс орталығы бас қаланың бір ауданының жартысына әзер жетеді. Бұл ирония емес, ұлттық трагедия. Дәл шекарада тұрған өңірді қорғайтын жергілікті жұртшылық қалмай барады.

Облыс деңгейіндегі ахуал тіпті сорақы. Солтүстік Қазақстан облысын 1991 жылы 917,9 адам мекен етіпті. 2026 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша соның 513,6 мыңы ғана қалды.

Отыз бес жылдың ішінде өңір халқының жартысына жуығы буынып-түйініп, көшіп кеткен немесе өмірден өткен. Қазіргі тұрғындардың тең жартысы дерлік қалада (258 мың адам немесе 50,2%), қалғаны ауылда (255,6 мың адам немесе 49,8%) күн кешуде. Бірақ ол «тіршілікті» бақытты өмір деуге ауыз бармайды.

«ӨЛМЕСТІҢ КҮНІ»: 
Бесік жыры сиреп, азалы үн көбейген өңір

Шенеуніктер мінберден «реформа» пен «даму» туралы әдемі ертегілер айтқанымен, өмір шындықты шыжғырып басады. 1991 жылғы «аласапыранда» СҚО-да 17 064 сәби дүниеге келсе, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заман делінетін 2025 жылы небары 4 585 бала ғана туылған. Туу көрсеткіші төрт есеге жуық қысқарған!

Керісінше, өлім-жітім көрсеткіші көбейіп тұр. Тоқыраулы 1991 жылы облыста 8 380 солтүстікқазақстандық қайтыс болса, шенеуніктер жоқшылықты «тоқшылық» деп бүркемелейтін 2025 жылы облыста 5 963 адам жан тапсырған. Тиісінше, бұл қаралы көрсеткіш өңірде халық санының едәуір азайғанына қарамастан, пропорционалды түрде жоғары болып қалуда.

Солтүстікқазақстандықтардың өз болашағына сенбейтіндігін паш ететін тағы бір көңілсіз көрсеткіш бар: жаңа отау құру тиыла бастапты. Статорган дерегінше, 1991 жылы «некелесудің жалпы коэффициенті» әр мың тұрғынға шаққанда 9,4 некені құраса, қазіргісі 5,56 неке ғана.

Некелер саны 90-шы жылдары 5 973 болса, 2025 жылы бірнеше есе кеміп, 2 880 межесіне құлады. Жарқын болашағынан үмітін үзе бастаған халық бесік тербетуден де, неке қиюдан да безіп отыр.

ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДЕМІГУ:
бизнес безіп, инвестиция ауды

Құлдырау барлық салада байқалады. Ұлттық статбюро 1998 жылы СҚО-да 6 жоғарғы оқу орны жұмыс істегенін еске салды. Бүгінде содан екеуі ғана қалған. Білім іздеген жас кетті, жұмыс іздеген маман кетті.

Тізе берсе, өңір бүкіл ел болып еңірейтін жағдайда сияқты. Қараң қалған өңірден ел ауа көшетіні жасырын емес. Солтүстікқазақстандықтар облыстан ғана емес, бүкіл Қазақстаннан көңілі қалса керек, қырғын соғыс жүргізіп жатқан Ресейге кетуде.

Бюро хабарлауынша, СҚО-да кезекті рет көші-қонның теріс айырмасы қалыптасып, тек 2026 жылдың қаңтарында ғана облыстан 383 адам біржола қоныс аударған.

Дереккөз: stat.gov.kz

Өңір ежелден сауда жолдарының тоғыз жолдың торабында орналасқан. Алайда жүк айналымы құлдырауда. 2026 жылғы қаңтар-ақпанда оның көлемі небары 1 млрд 589,5 млн. ткм құрады. Бұл 2025 жылғы қаңтар-ақпандағыдан -1,6% кем.

Пайдалануға берілген жеке үйлердің жалпы ауданы 2,7% азайды: 12,3 мың шаршы метр ғана.

2026 жылғы қаңтар-ақпанда негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 35 млрд 99,4 млн теңгені ғана құрады немесе 2025 жылғы қаңтар-ақпанмен салыстырғанда -11%-ға құлдырады.

Бұл облыстан қарапайым тұрғын түгіл, бизнес қашып жатқандай.

«Тіркелген заңды тұлғалар саны 2026 жылғы 1 наурызда 11 017 бірлікті құрап, өткен жылғы ұқсас мерзіммен салыстырғанда -1,7%-ға азайды. Облыста тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік кәсіпорындарының (заңды тұлғалар) саны 8 196 бірлікті құрап, өткен жылғы сәйкес кезеңнен -2,1% азайды», деп хабарлады статбюро.

Халықтың тұрмысы да, табысы да мәз емес. 2025 жылғы III тоқсанда нақты жалақы индексі минус 1,9% болып қалыптасты. 2025 жылғы III тоқсанда СҚО мамандарының орташа жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табысы бағалау бойынша 207 мың теңгені құрады.

Көрсетілген кезеңдегі нақты ақшалай кіріс индексі минус 8,1% құрады. Бұл екі жүз мың теңгеге қазіргі қымбатшылықта тек «өлместің күнін» кешуге болады деген сөз.

КӨРШІГЕ КІРІПТАРЛЫҚ:
экспорт тұсалып, импорттық өнім төрге шықты

Ең сорақысы Солтүстік Қазақстан облысының Ресейге экономикалық тәуелділігі артып бара жатқандай. Бұл ретте көрші елдерге сататыны қатты кеміп кеткен, одан таситыны қарқынды өсуде.

Алдын ала деректер бойынша 2026 жылғы қаңтарда Еуразиялық одақ елдерімен (негізінен, Ресеймен) өзара саудасы 33,2 млн. АҚШ долларын құрап, 2025 жылғы қаңтар салыстырғанда, 12,2% өсті.

Алайда соның ішінде солтүстікқазақстандық экспорт небары 3,6 млн доллар болып, бірден 26,2%-ға құлдырады. Ал, арбалаған импорты 29,6 млн долларға жетіп, тағы 19,7% артқан. Мұның астары, әрине, үрейлі. Бұл өңірге өзін-өзі асырай алмай, көршіге телміріп қалу қаупі төнуі мүмкін екенін аңғартқандай.

АУДИТОРЛАР «ҮКІМІ»: 
миллиардтардың былығы

Өңірде сонда не дамуда? «Солтүстік Қазақстан облысына бөлінген бюджет қаражаты мен мемлекет активтерінің пайдаланылу тиімділігіне мемлекеттік аудит» жүргізген мемаудиторлар жаға ұстап, шошынды.

«Аудит қорытындысы бойынша СҚО-да жалпы сомасы 28 миллиард286,6 млн теңгенің қаржылық бұзушылықтары әшкереленді. Сомасы 112 миллиард 409,1 млн теңгенің бюджет қаражаты тиімсіз шығындалып кеткен. Сомасы 7 миллиард 990,6 млн теңгенің ықтимал шығындары және жіберіп алған пайда анықталды. Сондай-ақ рәсімдік сипаттағы 336 бұзушылық, 18 жүйелі кемшілік анықталды», деп мәлімдеді Жоғары аудиторлық палата.

Дереккөз: @auditpalatasy

ЖАП-тың жалпы «үкімі»: «өңірдегі нақты өмір сүру сапасын көрсететін жағымсыз үрдістер байқалады». Білім беру саласында үш ауысыммен оқытатын және авариялық жағдайдағы мектептер проблемалары шешілмеген күйінде қалып отыр, дейді аудиторлар.

Әлеуметтік тұрғын үй құрылысының төмендеу үрдісі байқалады. Бұл ретте елдің оңтүстік өңірлерінен қоныс аударушылар үшін республикалық бюджеттен нысаналы трансферттер есебінен сатып алынған 126 үй бос тұр!

Өңірдің ЖӨӨ-сінде шағын-орта бизнес субъектілері өндірген өнімнің төмендеуі байқалады: «ЖӨӨ-дегі ШОК үлесі» 1,4 пайыздық тармаққа, «ЖӨӨ-дегі экономикадағы шағын кәсіпкерліктің үлесі» 3,5 пайыздық тармаққа, «ЖӨӨ-дегі экономикадағы орта кәсіпкерліктің үлесі» 0,4% пайыздық тармаққа кеміген.

ЖАП ел қаржысының «бармақ басты, көз қысты» схемалармен талан-таражға түсіп жатқанын әшкереледі. Мысалы, мемлекеттен демеуқаржы алғаннан кейін компания жабылып қалады екен.

«Жалпы сомасы 824,3 миллион теңгеге мемлекеттік қолдаудың қаржылық шаралары гранттар, бюджеттік кредиттер, сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау, ішінара кепілдік беру көрсетілген 72 кәсіпкерлік субъектісі қызметін тоқтатқан», деді палата.

«Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясында даму стратегиясының болмауы және бірлескен кәсіпорын құру жолымен іске асырылмаған жобалар сомасы 929 млн теңге мемлекеттік ресурстар мен инвестициялардың тиімсіз пайдаланылуына алып келген.

ӘКК-нің бейінді емес активтерді (қонақ үй, қонақжай үй) ұстаудан шеккен шығыны барлығы 610 млн теңгені, өңірлік тұрақтандыру қорларының қаражатын пайдаланудан шеккен шығыны 298 млн теңгені құрады. Бухгалтерлік есепті жүргізу саласында сомасы 25 млрд 131,3 млн теңгеге елеулі бұзушылықтар анықталды.

Солтүстік Қазақстан облысындағы жағдай – жай ғана статистика емес, ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Аудиторлық тексерістен кейін бар болғаны 10 шенеунік: бір әкім, негізінен басқармасы басшыларының орынбасарлары «тәртіптік жауапкершілікпен» құтылыпты.

Материал авторы