348

Депутат FlyArystan-ды «құлдық ережелері» үшін сынға алды

Мұрат Әбенов әуе компаниясын заң бұзды деп айыптады.

Депутат FlyArystan-ды «құлдық ережелері» үшін сынға алды
Мәжіліс

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов FlyArystan әуе компаниясын жолаушыны рейске отырғызбау оқиғасынан кейін қатаң сынға алды. Даудың өзегі – овербукинг салдарынан билеті мен тіркеуі бар жолаушының ұшаққа жіберілмеуі.

Оқиға Өскемен – Астана бағыты бойынша рейсте болған. Жолаушының айтуынша, оның анасы тіркеуден өтіп, қолында жарамды билет болғанына қарамастан, ұшаққа кіре алмаған.

Әбенов бұл жағдайды «барлық заңдардың бұзылуы» деп бағалады. Оның пікірінше, әлемдік тәжірибеде овербукинг бар болғанымен, жолаушы құқықтары нақты қорғалады. Егер артық сатылған билет салдарынан адам ұша алмай қалса, оған қомақты өтемақы төленеді.

Депутат Қазақстандағы жағдайды мүлде басқа деп сипаттады. Ол FlyArystan компаниясының басшысы Питер Фостердің саясатын «құлдыққа жақын ережелер» деп атап, мұндай тәжірибе жолаушылардың құқығын аяққа таптайтынын мәлімдеді.

Әбенов Азаматтық авиация комитеті мен вице-министр Талғат Ластаевтан шұғыл шара қабылдауды талап етті.

Ал әуе компаниясы бұл жағдайды техникалық себептермен түсіндірді. FlyArystan мәліметінше, Airbus A320 ұшағына жоспардан тыс қызмет көрсету мерзімі ұзартылып, оның орнына сыйымдылығы аз басқа ұшақ пайдаланылған. Соның салдарынан расталған броньдар саны орын санынан асып кеткен.

Компания жолаушыларға балама рейстер немесе билет құнын толық қайтару ұсынылғанын, сондай-ақ ваучер түрінде өтемақы берілгенін хабарлады. Әуе тасымалдаушы мұндай шешімдер рейстердің ұзақ кешігуін болдырмау және қауіпсіздікті сақтау үшін қабылданатынын атап өтті.

Материал авторы