«Темір тұлпар» мінген киллерлер: жолда қауіпті жүргізушілердің неге қаптағаны анықталды
Жүргізуші куәлігі — мемлекеттік құжат па, әлде кісі өлтіруге берілген ресми «лицензия» ма?
Куәлік сатқан жемқорлар кісі өлтіруге қашанғы жәрдемдеседі? Бүгінде еліміздегі мамандандырылған ХҚО-лардың айналасындағы ахуал осы екіұдай сауалды көлденең тартады.
Бұл сұрақтарға қаншама құзырлы орган жұмылып, жөнді жауап таппай жатқандай. Іздегендеріне, іс-қимыл жасағандарына ұзақ жыл өтті.
Бір қолымен пара алып, екінші қолымен өлімге жолдама таратып отырған шенділердің «бизнесі» болса, тоқтар емес. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және Бас прокуратураның соңғы деректері жаға ұстатады: қазақстандық жолдарда білімімен емес, «бармақ басты, көз қыстымен» куәлік алған «жылпостар» қаптап кеткен.
САУ БАСТЫ САУДАҒА САЛУ: білім емес, бір бума ақша сөйлегенде
Қазақстанда көлік тізгінін ұстау — тәуекелдің ең биік шыңына айналды.Көлікпен бірге оны басқару куәлігін де сатып алған, жол жүрісі ережелерінен мақұрым кейбір жүргізуші кез келген мезетте кез келгенбұрыштан атып шығуы мүмкін. «Темір тұлпардың» бүйірі жапырылуымен іс бітсе, бір сірә, оның соңы адам өліміне ұласып жатады.
Сарапшылар бұған автомектеп бітірмей-ақ, автоцоннан жүргізуші куәлігін сатып алушылардың қаптауы кінәлі екенін айтып жүр. Бұл тұрғыда сол куәлікті сатып, «болашақ киллерлерді» дайындауға атсалысқан жемқорлар жанама түрде болса да «кісі өлтірушіге» айналады.
Осыған байланысты Ұлттық қауіпсіздік комитеті мамандандырылған ХҚО-лардағы коррупциямен күреске білек сыбана кіріскенін білдірді.
«ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы сыбайлас жемқорлықты анықтау және жолын кесу бойынша жұмысты жалғастыруда. 2026 жылдың басынан бері Астана қаласында, Ақмола және Павлодар облыстарында автомектептердің қызметін ұйымдастыру және жүргізуші куәліктерін ресімдеу кезінде заңсыз сыйақы алу және өкілеттіктерді теріс пайдалану фактілері анықталды», — деп хабарлады атауынан ат үркетін мекеме.
Комитеттің мәліметі бойынша Астана қаласында Мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығы (автоцон) басшысының бұрынғы орынбасары жүйелі түрде пара алу арқылы азаматтарға емтихан тапсыруға және жүргізуші куәлігін алуға жәрдемдескен.

Сурет: ҰҚК
Жалпы сомасы 100 млн теңгеден асатын 60-тан астам факті процестік түрде құжатталды. Есептей беріңіз: орта есеппен бір жүргізуші куәлігі 1,6 миллион теңгеден және одан қымбатқа саудаланған. Бұл — білімнің емес, қалтаның қалыңдығы шешетін қаралы «аукцион».
Сондай-ақ, ҰҚК Көкшетаудағы автоцонның және Екібастұз қаласындағы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ филиалдары басшыларының заңсыз әрекеттерінің жолын кесті. Олар жалған тұлғалар арқылы емтихан тапсыруды ұйымдастырғаны үшін ақша алуды кәдімгі конвейерге қойғаны әшкереленді.
АВТОЦОНДАҒЫ «АЖДАҺА»: Мусин кетті, мафия қалды ма?
Кезінде Цифрлық даму министрлігін ұзақ жыл басқарған (автоцондар мен мемкорпорация соған қарайды) Бағдат Мусин қарапайым адамның кейпіне еніп, автоцондарды аралап, «құпия сатып алушы» рөлдік ойынын ойнап, ермектенген, шолу мен шоу жасаған еді.
Содан кейін ол жаппай цифрландыру арқылы куәлік сату бойынша көлеңкелі бизнесті жойғанын, сөйтіп, жемқорлықтың тамырына балта шапқанын сүйіншілегені де мәлім. Бірақ, бүгінгі жағдайға қарасақ, не министр арзан ұпай жинау үшін халықты алдаған, не автоцондардағы «мафия» басын шапсаң, орнына жаңасы өсетін аждаһаға айналған.
Жалпы, қай өңірде де жағдай мәз емес. Автоцонның бірқатар басшысы жалған тұлғалар арқылы емтихан тапсыруды өндірістік деңгейге көтерген. Демек, рульде отырған адамның жол ережесін білу-білмеуі емес, оның бума-бума ақшаны уақытылы жеткізуі маңызды болған.
«Астана, Шымкент және Тараз қалаларындағы «Азаматтарға арналған үкімет» мемкорпорациясы филиалдарында жылжымайтын мүлікті қайта тіркеу және ауыртпалықтарды алып тастау кезінде өз өкілеттіктерін теріс пайдаланған лауазымды тұлғалардың заңсыз баю фактілері анықталды», — деп мәлімдеді Ұлттық қауіпсіздік комитеті.
Аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде екен. «Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды» дегенді қосты ҰҚК.
КҮРЕСКЕРЛЕРДІҢ ӨЗАРА КҮРЕСІ: кім кімді әшкереледі?
Қызық болғанда, «үш әріптің» бұл мәлімдемесіне «автоцон қожайыны» өкпелеп қалғандай кейіп танытып, төл мәлімдемесін таратты. Тоқетері: жемқорларды комитет емес, «Азаматтарға арналған үкімет» мемкорпорациясының өзі тапқан әрі құзырлы органдарға «ұстап берген».
«Аталған заң бұзушылық фактілерін мемлекеттік қызметтердің көрсетілу сапасына жүргізілген ішкі мониторинг пен бақылау аясында тікелей мемкорпорацияның өзі анықтады! Барлық материалдар бірлесіп зерделеу және тиісті процестік шешімдер қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданды. «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністеріне нөлдік төзімділік қағидатын ұстанады», — деді мемкорпорацияның баспасөз қызметі.
Мәселен, тек 2025 жылы оның қызметкерлері 100-ден аса материалды өздері әшкерелеп, құқық қорғау органдарына бағыттапты. Мұны өздері «құқық бұзушылықтардың алдын алу мен жолын кесу бағытындағы жүйелі әрі проактивті жұмыстың нақты көрінісі» деп санайды.
Сонымен қатар, «Азаматтарға арналған үкіметте» жүргізуші куәліктерін заңсыз берудің алдын алу және көлік құралдарын басқару құқығына емтихан қабылдау саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға бағытталған жүйелі шаралар кешені іске асырылуда. Негізгі басымдық цифрландыруға, рәсімдердің ашықтығына және адами факторды болдырмауға берілген.
Сонымен, не істеп, не қойды?
Біріншіден, «ХҚКО 2.0» интеграцияланған ақпараттық жүйесімәліметтерді тек электронды форматта қабылдайтын «Автомектеп» автоматтандырылған ақпараттық жүйесімен интеграцияланыпты. Соның нәтижесінде куәлік алуға кандидаттың автомектепті аяқтау туралы жалған куәліктер ұсыну мүмкіндігі жойылды, дейді мемкорпорация.
Екіншіден, Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелерімен интеграция-кіріктіру жүргізілген. Соның нәтижесінде кандидаттар ұсынған 073/у нысанындағы жалған медициналық анықтамалардың түпнұсқалығын автоматты тексеру жолға қойылған, жалған медициналық анықтамаларды пайдалану мүмкіндігі жойылған.
Себебі, шизофрения, эпилепсия сияқты кейбір дерті-кемістігі бар, тіпті бойы 150 см төмен адамдарға жүргізуші куәлігін беруге тыйым салынды. Көлік құралдарын басқаруына тыйым салатын медициналық қарсы көрсетілімдер тізбесімен мына жерден танысуға болады.
Үшіншіден, автоцондардағы емтихан сыныптары ҰБТ сияқты «қаруланыпты»: метал іздегіштермен, радиотолқындарды басу құрылғыларымен және тыйым салынған заттарды анықтау датчиктерімен жабдықталған екен.
Төртіншіден, емтихан сыныптарындағы компьютерлерге деректердің таралуын болдырмау үшін қашықтан қол жеткізуді бұғаттайтын жүйе (DLP) орнатылған.
Бесіншіден, жүйе әкімшілері тарапынан емтиханға араласудың алдын алу мақсатында артықшылықты пайдаланушылардың әрекеттерін бақылау жүйесі (PAM) енгізілді.
Алтыншыдан, алғашқы жүргізуші куәліктерін алу үшін «ЦОН» мобильді қосымшасы арқылы онлайн жазылуды енгізу арқылы кезек бойынша жасалатын манипуляциялар жойылды.
Жетіншіден, қоғамдық бақылау тетігі енгізілді: мамандандырылған ХҚКО-лардың күту залдарында және ресми YouTube-арнада теориялық емтихандар нақты уақыт режимінде трансляцияланады. Кімнің қалай тапсырып жатқанын, шпаргалка қолданған-қолданбағанын кез келген адам көріп, хабарлай алады.
Сегізіншіден, «ЦОН» мобильді қосымшасы арқылы мамандандырылған ХҚКО-ға бармай-ақ, міндетті биометриялық сәйкестендіруден өтіп, алғашқы жүргізуші куәлігін алуға өтініш беру мүмкіндігі іске асырылды.
Бірақ, осыншама «цифрлық қорған» тұрғанда, 1,6 миллион теңге төлеген адамдар қалайша куәлікті қалтасына басып кете береді? Мәселе жүйеде ме, әлде сол жүйені басқаратын «жүйесіз» адамдарда ма?
ЖОЛДАҒЫ РЕЦИДИВИСТЕР: ереже бұзудан жарыс
Алайда қабылданып жатқан шараларға қарамастан, қазақстандық көшелер және жолдар бәрібір қауіпті болып бара жатқандай. Бас прокурор Берік Асыловтың айтуынша, жол апаттарының негізгі себебі — жол қозғалысы ережелерін сақтамау. Көптеген жүргізуші оларды егжей-тегжейлі біле бермейді. Жолдарда «рецидивистер» қаптап кеткен.
«Талдау көрсеткендей, апатқа кінәлі болған жүргізушілердің 81%-ы бұған дейін де жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін бірнеше рет жазаға тартылған! Бұл қайталану деңгейінің жоғары екенін дәлелдейді. Мәселен, ШҚО-да бір жүргізуші бір жыл ішінде 32 рет ереже бұзыпты.Оның 13-і — жылдамдықты арттыру фактілері. 8 қаңтарда ол қарсы жолаққа шығып кетіп, салдарынан өзі және екі жолаушысы қаза тапты. Мұндай жағдайлар жыл сайын қайталанады», — деді Б.Асылов.
Бұл статистика нені көрсетеді? Бұл — айыппұл төлеуді «жол ақысы» деп түсінетін сорақы психологияның бір көрінісі. Бас прокурор енді мұндай жағдайларды жай ғана апат емес, қоғам үшін қауіп төндіретін фактор ретінде қарастыруды тапсырды. Өйткені жүргізуші куәлігін заңсыз алу — қоғамға қарсы жасалған қылмыс.
Сондықтан Берік Асылов жүргізуші куәліктерін беру процесіне бақылауды қатайту, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою және рәсімнің ашықтығын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
Материал авторы