440

Уақытынан бұрын ашылған бүршік: балалықпен ерте қоштасу көбейді ме?

Қазақстанда жүкті оқушылардың саны 10 мыңнан асты. Жүкті жасөспірімдердің 75%-ы — Ақтөбе тұрғындары дегені шын ба?

Уақытынан бұрын ашылған бүршік: балалықпен ерте қоштасу көбейді ме?
SMARTNEWS.KZ коллажы

Қоғамда жасөспірімдер жүктілігі мәселесі талқыға түскенде, көбіне эмоция мен байбалам алға шығады. Алайда ресми статистика мен медициналық пайым бұл құбылыстың астары тереңде екенін аңғартады.

БАЛАНЫҢ БАЛА СҮЮІ: өңірлердің қайсысы көш басында?

Ұлттық статистика бюросы Әділет министрлігінің Азаматтық хал актілерінің және Денсаулық сақтау министрлігінің Халық тіркелімініңдеректерін талдай келе, елең еткізерлік статистиканы жария етті.

Оған сәйкес, шынашақтай жасында ана атанғанжастар саны жыл санап... азайып келеді. 2009 жылдан бері екі еседей кеміпті. Яғни,жасөспірімдердің жүкті болып қалуы жиіледі деп,шу көтерген сарапшысымақтар арзан ұпай жинап жүргенге ұқсайды.

Сонымен, жүкті болған жап-жас қыздардың саны келесідей:

2009 жылы 21 826,

2016 жылы 15 449,

2021 жылы 14 491,

2022 жылы 13 231,

2023 жылы 12 664,

2024 жылы 11 999,

2025 жылы 10 477.

Бұл ретте ауылдағы оқушы қыздар тезірек ана болуға асығатын көрінеді.

Ауылда ерте ана болған бойжеткендер:

2021 жылы 8 124,

2022 жылы 7 205,

2023 жылы 6 954,

2024 жылы 6 555,

2025 жылы 5 524.

Қала тұрғындары санатынан ана болғанқыздар:

2021 жылы 6 367,

2022 жылы 6 026,

2023 жылы 5 710,

2024 жылы 5 444,

2025 жылы 4 953.

СТАТИСТИКАЛЫҚ ДҮРБЕЛЕҢ: сөйлеген цифрлар не деді?

Кеше ақпарат құралдары «Жүкті жасөспірімдердің 75%-ы — Ақтөбе тұрғындары!» деген дүрбелең деректі желдей есітті. «Сенсацияның» төркіні қайда? Көбі жергілікті«Диапазон» басылымына сілтеді.

2025 жылы Ақтөбе облысында 99 жасөспірім қыз жүкті болыпты. Бұл қыздардың көпшілігі 1718 жаста, бірақ арасында одан кіші мектеп оқушылары да бар, деп хабарлады газет.Салдарынан, оқырманда кәмелет жасына жетпей «қағынған» қыздар бір өңірде ғана шоғырланғандай әсер қалды.

Алайда Ұлттық статистика бюросының ресми дерегі бұл байбаламның негізсіз екенін көрсетіп берді. Өзге құрбылары оқуын жалғастыруды, колледж не университетке түсіп, маман болуды армандап жатқанда сәби сүйіп, жөргек ауыстырумен басы қатқан жас қыздар негізінен батыста емес, оңтүстікте көбірек көрінеді. Таратқанда, 2025 жылы:

Шымкент қаласында 1 049,

Қарағанды облысында 1 025,

Алматы қаласында 1 005,

Түркістан облысында 724,

Атырау облысында 642,

Астана қаласында 635,

Жамбыл облысында 628,

Ақтөбе облысында 603,

Павлодар облысында 593 қыз бала ертеана атанған.

Қалған өңірлердің әрқайсысында 500-ге жетпейді.

Бұл мәліметтер мәселенің анық-қанығына жетпей, бір өңірді «сексқұмар» оқушы қыздардың мекені ретінде көрсетудің қаншалықты этикаға жатпайтынын дәлелдесе керек.

«ОВЕРСАЙЗ» КИІМ: жалған ұят пен үнсіздік қабырғасы

Гинеколог С.Тубулбаеваның пайымынша, жасөспірімдер арасындағы жүктіліктің кеш анықталуына заманауи сән үлгісі де «үлес» қосып отыр.

«Жақындары баланың жүктілігі туралы кеш біліп жатады. Өйткені бойжеткендер көбіне ұл балаларша кең пішінді (оверсайз) киімдер киеді. Ал, жүрегі айнып, құсып жатса, оны асқазанның бұзылуына балап, мән бермейді. Қазіргі оқушылар дұрыс тамақтанбайды, көрінген нәрсені, көбіне денсаулыққа зиянын азық етіп, тұтынады. Мұндай қыздар біздің қабылдауымызға тек жүктіліктің 2021-ші апталарында ғана түседі», — дейді балалар гинекологы Салтанат Тубулбаева.

Сурет: opc.aktobe

Бұл тек медициналық емес, моральдық та мәселе. Отбасындағы орынды жыныстық тәрбиенің, сондай-ақ ата-ана мен балаарасындағы ашық әңгіменің жоқтығы жасөспірімді тығырыққа тірейді.

Тіпті жүкті екенін сезген күннің өзінде, қорқыныш пен үрей қыз баланы үнсіздік қапасында ұстайды. Дәрігердің айтуынша, жас аналар баладан бас тартпайды: жасөспірімдер жүктілігінің 98%-ы босанумен аяқталған. Кейде жүктілік болашақ ана мен баланың денсаулығына байланысты әлеуметтік және медициналық көрсеткіштер бойынша үзіледі.

Жасөспірімдер жүктілігінің әрбір жағдайын құрамына акушер-гинекологтар, генетик, психолог және басқа да мамандар кіретін комиссия қадағалайды. Тубулбаева атап өткендей, қалай болғанда, жас ағза үшін бала көтеру — үлкен салмақ.

«Қыздар бұған физиологиялық тұрғыдан дайын емес. Қан айналымы жүйесі, тыныс алу жүйесі әлі қалыпты жұмыс істемейді. Ерте жүктілік плацентаның мерзімінен бұрын ажырауына, босанудан кейінгі қан кетуге әкеп соғуы мүмкін. Қыздар арасындағы асқынулар фертильді жастағы әйелдерге қарағанда үш есе жоғары. Олардың балалары аз салмақпен дүниеге келеді. Жүктілікке байланысты олар терең күйзеліске түседі — құрбы-құрдастары мен ересектер тарапынан айыптау мен буллингке ұшырайды. Олармен психолог жұмыс істейді, бірақ отбасының қолдауы да өте маңызды», — дейді гинеколог.

Оның мәліметі бойынша, қыздардың 9798%-ы балаларын өзі бағады. 2025 жылы босанған жасөспірімдердің ішінде тек біреуінің ғана сәбиі уақытша «Үміт» балалар үйінде болған.

Кейде бұл үнсіздіктің артында жақын туыстары тарапынан жасалған зорлық-зомбылықтың сұрқай бейнесі тұратыны тағы бар.  Балалар гинекологының пікірінше, сексуалды зорлық-зомбылық жағдайларында зорлаушылар негізінен жақын туыстары болып шығады және көбінесе зорлық-зомбылық үйде орын алады.

«Көбінесе қорлық көрсету үйде зорлық-зомбылық бар отбасыларда, мысалы, әкесі анасын ұратын жағдайларда орын алады. Бұл — менің 30 жылдық бақылауымның нәтижесі», — дейді маман.

КІМ КІНӘЛІ: медициналық тәуекел және тәрбие талбесігі

Жалпы, бұл тұрғыда мемлекеттің ісін де былық жайлағанға ұқсайды. Мысалы, Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы Ranking.kz агенттігіне сілтеп, жасөспірім қыздар арасында босану көрсеткіші керісінше, қарқынды өсіп жатқанын жазды: соңғы жылдары 15 пен 18 жас аралығындағы қыздардың босану көрсеткіші 50,5%-ға өскен-мыс.

Әлгінде ғана балалар гинекологы Салтанат Тубулбаева жас қыздардың көбі баласын аман қалдырады десе, мына агенттік «көбі алдыртып тастайды» дегенге келтірді:

«Кәмелетке толмаған қыздардың жүктілігін жасанды үзу статистикасы соңғы жылдары айтарлықтай өзгерген жоқ, 12 ай ішінде 1,11,2 мың жағдай төңірегінде тұрақталып тұр. Ерте жүктіліктің жағымсыз тұстарына жасөспірімдер арасындағы жүктіліктің 70%-ы жасанды түсікпен (аборт), тағы 15%-ы өздігінен түсік тастаумен (выкидыш) аяқталатынын жатқызуға болады», деп хабардар етті Ранкинг.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) дерегінше, 19 жасқа дейінгі жүктілік ана мен бала өлімінің негізгі себептерінің бірі. Жас ағза физиологиялық тұрғыдан мұндай жүктемеге дайын емес. Дені сау баланы дүниеге әкелу және өзіне зиян тигізбеу үшін әйел ағзасы толық қалыптасуы керек, сондай-ақ әйел бала көтеру туралы шешімді саналы түрде қабылдауға тиіс. Жүктілік үшін ең қолайлы жас — 20 жастан 40 жасқа дейінгі аралық.

ДДСҰ анықтамасы бойынша, 19 жасқа дейінгі қыздарда орын алған жүктілік ерте жүктілік болып саналады. Бұл ретте жасөспірімдер жүктілігінің ең жиі кездесетін жасы — 15-17 жас.

Қазақстандық дәрігерлер бойжеткеннің ағзасы 18 жасқа қарай бала көтеруге және босануға толық дайын болады деп есептейді. Бірақ жас кезіндегі жүктілік пен босанудың ана мен бала өмірі үшін қауіпті болуы мүмкін екендігімен келіседі.

Қазіргі уақытта ел жастарының 70%-ы алғашқы жыныстық қатынасқа 15 жасқа дейін түседі. Ақпарат құралдарының хабарлауынша,Қазақстанда жыныстық келісім жасы — 16 жас.

«Балалар жыныстық қатынас мәселелері туралы ақпаратты көшеден алмауға тиіс. Баланың жыныстық тәрбиесі тек ата-анасына, олардың жасөспіріммен тіл табыса білуіне, тыңдай және ести білуіне байланысты. Жасөспіріммен контрацепция және жыныстық қатынастың салдары туралы сөйлесуден ұялмау керек. Баланың жеке өміріндегі өзгерістерден хабардар болу және ақыл-кеңеспен немесе моральдық тұрғыдан қолдау көрсету үшін онымен әрқашан достық қарым-қатынаста болуға тырысқан жөн», — дейді Денсаулық сақтау министрлігі мамандары.

Психолог Бауыржан Ахметов бұл құбылысты шетелдік құндылықтардың кесірі, шектен тыс еркіндіктің салдары деп есептейді.

«Қазіргі қоғамда ата-аналардың жасөспірім балаларына ықпалы, құрметі қалмай барады. Бір шаңырақ астында тұрады, бірақ бала көбіне қоғамның ықпалында қалады. Меніңше, ерте жүктілік сияқты құбылыс шетелдік құндылықтармен, шектен тыс еркіндігімен байланысты. Егер ерте неке туралы айтсақ, имамдардың заңнама жүзінде неке қиюға құзыреті жоқ. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жас жұбайлар Неке қию туралыкуәлікті әкелгенде ғана діни неке рәсімін тіркейді, содан кейін ғана діни жора — неке қию рәсімін өткізеді», дейді Б.Ахметов

Ерте жүктілік — үзілген арман, мерзімінен бұрын есейген тағдыр. Баланың бала сүюі табиғат заңдылығына да, әлеуметтік ұғымға да қайшы. Бұл мәселені шешу үшін тек мемлекеттік бағдарламалар жеткіліксіз. Отбасындағы сенімділік, ана мен қыз арасындағы ашық диалог, қоғамдағы «ұят» пен «жауапкершілік» ұғымдарының аражігін ажырата білу маңызды.

Материал авторы