1159

Тазы тағдыры: төрдегі «төресі» және түздегі талапай

Президент өз қамқорлығына алған ұлттық құндылық қалайша «қара нарықтың» жемтігіне айнала береді?

Тазы тағдыры: төрдегі «төресі» және түздегі талапай
ЖИ иллюстрациясы

Қазақ үшін иттің ішіндегі киелісі тазы. Оның жаратылысынан ақсүйектік, бітім-болмысынан тектілік еседі. Соңғы жылдары бұл асыл тұқым «Жаңа Қазақстанның» идеология нысанына, тіпті мемлекеттік деңгейдегі мақтаныш символына («фетишіне» десек артық болмас) айналғаны жасырын емес.

Билік тіпті қазақ тарихында болмаған мереке жариялады: күнтізбеге 3 қыркүйек «Тазы мен төбет күні» деген мейрамды да енгізіп жіберді. Ресми трибуналардан айтылған асқақ сөздер мен қағаз жүзіндегі қаулылар тазының мәртебесін аспандатқанымен, шынайы өмірдегі көрініс әлдеқайда қоңырқай, тұнжыраңқы тартып тұр.

Ұлттық жәдігерді ұлықтау тек мереке жариялаумен, байқау өткізумен шектелсе, ол рухани құндылық емес, кезекті саяси декорацияға айналмақ.

Дипломатиялық «сый-сияпат» нысаны

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың тікелей бастамасымен 2024 жылдың 3 қыркүйегінде Қазақстан кинологтар одағы Халықаралық кинология федерациясында (FCI) қазақ тазысының стандартын бекітіп, авторлық құқықты заңдастырып қайтты. Бұл тарихи жеңіс.

Президент 2023 жылы Димаш Құдайбергенге «Ғарышкер» атты күшік сыйласа, 2024 жылғы ақпанда Франция лидері Эммануэль Макронға Жюль мен Жанна атты тазыларды тарту етті. 2025 жылғы сәуірде француз басшысы Дания патшасымен кездесуі кезінде қазақ тазыларының Елисей сарайында тұрып жатқанын көрсетті (бірақ видеода иттердің Қазақстаннан екені, егжей-тегжейі айтылмады).


Сурет: Ақорда

Әрине, мұның бәрі мемлекеттік имидж үшін олжа шығар. Алайда, сыртқы жылтырдың артындағы ішкі мүшкіл хал көңілге кірбің ұялатады.

Экспортқа шыққан имиджіміз Елисей сарайында еркелегенімен, ел ішіндегі ессіздік тазының тектілігін қор қылып жатыр.

«Қара нарық» және қағазда қалған қасиет

Сарапшылардың айтуынша, тазы бүгінде кім көрінгеннің қанжығасында, әркімнің қолында кеткен сияқты. OLX.kz секілді тегін жарнама сайттарына көз жүгіртсеңіз, тазы күшіктерін көлденең көк аттылы өсіріп, «қара нарықта» сатуда.

Мониторинг жүргізсек, бұл нарықта тазы күшігінің бағасы 15 мың теңгеден 30 мың теңге аралығында. Бірақ сатушылар оның тазы екенін куәландыратын ешқандай құжат көрсете алмайды. Тек интернеттегі өзге тазылардың фотосымен салыстырып, «міне, қараңыз, бұл тазы емей немене?» деп дауласады.

Ересектері және үйретілгендері орта есеппен 200 мың теңгеден саудаға салынуда. Ал, түрлі ұйымнан мөрі басылған құжаттары бар (FCI, СКК, «Қансонар») және «элиталы», «таза тұқымды» иттерге алыпсатарлар 1 миллион теңгеге дейін сұрайды.

Мұндай былыққа өзге елдерде жол берілмейді: мысалы, іргедегі Түрікменстанда ақалтеке жылқы тұқымын тек мемлекет қана өсіріп, жеке қолға өткізе алады.

Қазақстанда баға иттің тегіне, қасиеттері мен қабілеттеріне, жасына, ата-анасының түрлі жарыстарда жеңіп алған атақтарына байланысты құбылады. Асыл тұқымды екеніне кепілдік беретін сертификатталған тұқымбақтардан сатып алсаңыз, миллионнан да қымбатқа түсуі мүмкін.

Осыған қарамастан, тазы жойылып бара жатқан тұқымға жатады екен. Экология министрлігінің мәліметінше, елде ресми тіркелген бұл ит тұқымының саны 3 мыңдай ғана. Онсыз да азшылықтың «қара базарда» құнсыз сатылуы мемлекеттік бақылаудың дәрменсіздігін айғақтағандай.

Теріс кеткендердің теріс ермегі ит төбелесі

Ең сорақысы, тазының аңшылық қасиеті мен төзімділігі қатыгездікке пайдаланылады. Итті сатып алушылар оны аңға салады. Әлеуметтік желіде тазының жемтік үшін түздегі бұралқылармен таласып жатқан видеосы да тарады.

Ресейлік doge.ru порталы қазақ тазысының көлеңкелі жолдармен көрші елге асырылып, сонда заңсыз ит төбелестеріне салынатынын ескертті. Дала еркесін торға қамап, қанды төбелеске салу хайуанға жасалған қиянат қана емес, ұлттық рухты қорлау емес пе?

Теріскейдегі көршіге жеткізілген бұл ит тұқымының әрбірінің бағасы 60 мыңнан 120 мың рублге (шамамен 800 мың теңгедей) баратыны көрсетілген.

«Қазақтың бұл иті 12-ден 16 жасқа дейін өмір сүреді. 5-тен 7-ге дейін күшік туады. Еркегінің бойы 6070 см, ұрғашысынікі 5565 см. Салмағы 1923 келі тартады. Төзімділігі мен ұзақ жүгіруге деген ерекше қабілетінің арқасында ол аттылы аңшылықта даланың жабайы аңдарын қуу (талау) үшін пайдаланылған. Бұл үй жануарлары аңшының үздік көмекшісі, сонымен қатар отбасы үшін тамаша серік. Тазы көру қабілеті, иіс сезуі және ұшқырлығы өте тұрақты, сымбатты. Ол мысырлық иттер мен салюкилердің ұрпағы саналады», деп жазды ресейлік мамандандырылған портал.

Оның дерегінше, тазылар сағатына 1215 км жылдамдықпен жүгіреді, олжасын қуғанда жылдамдығын 80 шақырымға дейін арттырады.

Ресейлік кинологтар қазақстандық тазыны «мықты күзетші» ретінде де жарнамалауда: «Шаруашылық иеліктерін мұқият қориды, жат адамдарға агрессия танытпайды, бірақ ішке ешкімді өткізбейді. Үй иесі ишара жасаса, оның қонақтарына ілтипат білдіреді. Балаларға тиіспейді», дейді ресейлік кинолог Алексей Даниленко.

Заңның көзбояушылығы және көлеңкедегі «мафия»

Алайда сарапшылар және экобелсенділер ит төбелесін ұйымдастырушылар Қазақстанда өз ермектерімен ашықтан-ашық мақтанатынына, бұл жануарлардың мемлекеттің қамқорлығында екеніне пысқырмайтынына назар аудартып жүр.

«Қазақстанда жануарларға қатыгездікпен қарауға тыйым салатын заңдардың қабылданғанына біраз уақыт болды. 2022 жылдан бастап «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заң күшінде. Бұдан бөлек, қатыгездікпен қарау туралы нормалар ҚР Қылмыстық кодексінде де (316-бапта) бекітілген. Дегенмен, жыл сайын көптеген аймақта ит төбелестері өткізіліп келеді. Әлеуметтік желілерден тіпті оны ұйымдастырушылардың парақшаларын табуға болады. Онда олар зардап шеккен, қан-жоса болған жануарлардың фотосуреттерін жариялап қояды», деп жазды The Village Казахстан басылымы.

Кейбір ұйымдастырушылар өздерінің жазасыз қалатынына толық сенімді. Мысалы, 2025 жылдың жазында Руслан есімді Астана тұрғыны әлеуметтік желілерде қанға бөккен жануарлардың суреттерін жариялап, «Бізге тыйым салып көріңідер!» деген сипаттама қалдырған.

«Мейірімді істер қоры» панажайының негізін қалаушы Ульяна Бакаеваның пікірінше, бұл қатыгездіктің жазасыз қалуына мүмкіндік беретін факторлардың бірі — құқық қолдану тәжірибесінің әлсіздігі.

«Төбелестің өтетін күні мен орнына дейінгі ақпарат әлеуметтік желілерде жиі шығып тұрады. Олар сөйтіп көрермен және ойынқұмарларды жинайды. Алайда құқық қорғау органдары мұндай жарияланымдарды сирек зерттейді. Салдарынан материалдар процессуалдық ден қоюсыз қалады. Зооқорғаушылардың арыздары тексеру сатысында тоқтап қалатынына бірнеше рет куә болды», дейді У.Бакаева.

«СтопОтлов» қорының жетекшісі Мария Гребёнкина бұл саланың үлкен ақша айналымы бар «мафияға» айналғанын, тіпті ықпалды тұлғалардың бұл «бизнеске» мүдделі екенін топшылады. Көшеде түкіргенді аңдыған құқық қорғау органдарының қанға бөгіп жатқан ит төбелестерін көрмеуін, істердің ілгерілемеуін басқа немен түсіндіруге болады?

Гребёнкина төбелеске арналған итті асырау оның арпалысынан түсетін пайдамен салыстырғанда бірнеше есе аз екенін атап өтті.

«Итті ең қымбат дегенде 150 мың теңгеге сатып алады. Ол иесіне кейін ит төбелестерінде бәс тігу арқылы көлік, ақша, пәтер сияқты сыйлықтар, табыстар әкеледі. Оны үнемі аш ұстайды. Аяусыз әрі қажытатын жаттығуларға жегеді. Өз тектестерін өлтіруге үйретіледі. Тез шаршап, кейін жүрегі немесе буындары сыр бергенде иесі одан теріс айналады.Жануар табыс әкелуді тоқтатқанда, оны жай ғана өлтіре салуы немесе ит аулау қызметіне өткізуі мүмкін», — деп түсіндірді зооқорғаушы.

Оның пікірінше, проблемаға тосқауыл қою үшін жаппай полицейлік рейдтер жүргізу, жазаны қатайту, айыптыларды көпшілік алдында жазалау сияқты қаталдау шаралар қажет.

Сарапшылар мұндай қанды қырғынға қатысқан иттердің психикасы бұзылатынын айтады.

«Менің панажайымда 150-ден астам алабай бар. Бұлар негізінен төбелестен кейін өткізілген жануарлар. Олар басқа жануардың жанына таяған бойда төбелесті бастайды. Бұл шексіз процесс. Өле-өлгенше солай болады. Оларда зооагрессия деген өте күшті. Сондықтан ит төбелесімен мемлекеттік деңгейде күресу, жазаны қатайту қажет», деді «СтопОтлов» қорының жетекшісі М.Гребёнкина.

Егер заңның үстемдігі қара нарықтың бетін қайтара алмаса, заңмен қорғалуға тиіс жануар «жеті қазынада» жай ғана қанды бизнестің құрбанына айналып қала бермек.

Материал авторы