Депутат Дәулет Тұрлыхановтың ұлы жазасын өтеп, бостандыққа шықты
Сот үкімі бірнеше рет өзгерген істе сотталған Нұрасыл Болат босатылды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болат жазасын толық өтеп, бостандыққа шықты. Бұл туралы Kazinform агенттігіне Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) растады.
Ведомствоның мәліметінше, сотталған азамат белгіленген жазаны толық өтегендіктен босатылған.
Еске сала кетейік, 2023 жылғы ақпанда Нұрасыл Болат Алматыда ерлі-зайыпты заңгерлерді соққыға жыққан. Оқиғадан кейін Дәулет Тұрлыханов ұлының әрекеті үшін кешірім сұраған болатын.
2023 жылдың қазан айында Алматы гарнизонының әскери соты Нұрасыл Болатты 500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 1 725 000 теңге айыппұл төлеуге міндеттеген.
Алайда 2024 жылғы мамырда Қазақстанның Жоғарғы соты істі қайта қарап, жазаны екі жылға бас бостандығын шектеумен алмастырды. Сонымен қатар моральдық зиян үшін өтемақы көлемі әрбір жәбірленушіге 1 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды.
Кейін, 2024 жылдың қазанында Алматы қаласы Медеу аудандық соты №2 шешімімен жазаның өтелмеген бөлігі — 1 жыл 5 ай 10 күн мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды.
Осылайша, сот үкімдері бірнеше рет өзгерген іс бойынша Нұрасыл Болат жазасын толық өтеп, бостандыққа шықты.
Материал авторы