SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қаржылық мониторинг агенттігі Шымкент қаласында өзін экономикалық тергеу қызметінің өкілі ретінде таныстырып, ірі көлемде ақша иеленген күдіктінің заңсыз әрекетін тоқтатты.
Ведомство мәліметінше, 2025 жылдың қыркүйегінде күдікті жергілікті компаниялардың бірінің басшысын алдап, одан 25 миллион теңге алған.
Тергеу нұсқасына сәйкес, ол өзін департаменттің қызметкері ретінде таныстырып, медициналық мекемені тексерілетін субъектілер тізімінен алып тастауға «көмектесемін» деп уәде берген.
Күдікті осы сылтаумен қомақты қаржыны иемденген.
Қазіргі уақытта ол ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.
Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейтінін хабарлады.
Сонымен қатар агенттік азаматтарды сақ болуға, кез келген ақпаратты тек ресми дереккөздер арқылы тексеруге шақырды.
Егер осындай жағдайларға тап болғандар болса, ведомствоның 1458 нөмірлі колл-орталығына немесе «AFM Insider» Telegram-боты арқылы хабарласуға болады.
RUS