166

Қостанайда бұрынғы әйелін атып өлтірген ер адам 12 жылға сотталды

Әйелін атып өлтіріп, кейін полицияға өзі келген көрінеді.

Қостанайда бұрынғы әйелін атып өлтірген ер адам 12 жылға сотталды
ИА «Первое областное»

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қостанайда бұрынғы әйелін аңшылық карабинмен атып өлтірген ер адамға қатысты сот үкімі шықты. Ер адам қылмыс жасағаннан кейін бой тасалап, кейін полицияға өзі барып, кінәсін мойындаған. Бұл туралы Alau.kz сайты жазды.

Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот Қостанай тұрғынын адам өлтіргені үшін 12 жылға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.

Сот анықтағандай, оқиға биыл наурыз айында болған. Ер адам бұрынғы әйелімен қызғаныш салдарынан жанжалдасып, жанжал кезінде оған аңшылық карабиннен екі рет оқ атқан. Әйел алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмған.

Қылмыс жасалғаннан кейін сотталушы оқиға орнынан кетіп қалған. Алайда кейін полицияға өзі келіп, кінәсін мойындап, тиісті арыз жазған.

Сот отырысында ер адам өз кінәсін толық мойындады. Мемлекеттік айыптаушы оған 14 жыл бас бостандығынан айыруды сұраған. Ал жәбірленуші тарап ең қатаң жаза тағайындауды талап еткен.

Сот үкім шығару кезінде сотталушының полицияға өз еркімен келіп, кінәсін мойындағанын және шын жүректен өкінгенін жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді. Ал жазаны ауырлататын жағдайлар анықталмаған.

Ер адам ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігі бойынша, яғни адам өлтіргені үшін кінәлі деп танылды.

Сонымен қатар жәбірленуші тараптың азаматтық талап-арызы ішінара қанағаттандырылды. Сот марқұмның жақындарының пайдасына моральдық зиян өтемақысын өндіру туралы шешім қабылдады.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор