80

«Әр сөзіңе жауап бересің»: Динара Сәтжан Бағдагүлге қатысты сот туралы айтты

Динара Сәтжан қорлау фактісі бойынша тағы бір сот отырысы өтіп жатқанын айтты.

«Әр сөзіңе жауап бересің»: Динара Сәтжан Бағдагүлге қатысты сот туралы айтты
әлеуметтік желіден

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, тележүргізуші Динара Сәтжан әлеуметтік желіде өзіне және басқа да танымал адамдарға қатысты айтылған ауыр айыптаулардан кейін өткен сот процесі туралы пікір білдірді. Оның айтуынша, ол дау-дамайды әлеуметтік желіде жалғастырмай, мәселені заң аясында шешуге тырысқан.

Динара Сәтжан бұл туралы Instagram парақшасындағы жазбасында айтты.

Оның сөзінше, бірнеше ай бұрын емші Бағдагүл Баянға, өзіне және бірқатар танымал тұлғаға қатысты былапыт сөздер айтып, ауыр айыптаулар жасаған. Сәтжан олардың әлеуметтік желіде жауап қайтармай, сотқа жүгінгенін жазды.

Тележүргізушінің мәліметінше, кеше Баян екеуі сотта жеңіске жеткен. Сот Бағдагүлге 1,5 миллион теңге айыппұл салған. Бұл қаражат жәбірленушілерге емес, мемлекетке төленеді.

Сәтжанның айтуынша, егер мұндай әрекет қайталанса, заң бойынша әкімшілік қамауға алу жазасы да қолданылуы мүмкін.

Тележүргізуші өз жазбасында сөз бостандығы мәселесіне де тоқталды. Ол адамның еркін пікір білдіру құқығы өзгелердің ар-намысы мен абыройына нұқсан келтіретін кез келген сөзді айтуға мүмкіндік бермейтінін атап өтті.

«Сөз бостандығы – аузыңа келгенді айту емес! Сөз бостандығы – өз сөзіңе жауапкершілік ала білу», – деп жазды Динара Сәтжан.

Ол іс бойынша адвокаты Рена Керимоваға кәсібилігі мен сабырлылығы үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ Актөбедегі судьяның сот процесін кәсіби әрі жүйелі өткізгенін атап өтті.

Динара Сәтжан алда тағы бір сот отырысы бар екенін хабарлады. Оның айтуынша, келесі процесс қорлау фактісіне қатысты өтеді.

Тележүргізуші жазбасын қазақтың «Өз үйім деме, үй артында кісі бар» деген мақалымен түйіндеп, әлеуметтік желідегі жеке парақша мен эфир адамның заң алдындағы жауапкершілігін жоққа шығармайтынын ескертті. 

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор