Нұрай Серікбайдың өлімі: Шерхан Аймахан өмір бойына бас бостандығынан айырылды
Шерхан Аймахан жазасын қауіпсіздігі жоғары түрмеде өтейді.
13 тамызда Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сот процесі аяқталды. Сот Шерхан Аймаханды аса қатыгездікпен адам өлтіргені, некеге тұруға мәжбүрлегені және аңдығаны үшін кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Айыпталушыға Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша үкім шықты:
-
125-1-бап — «Некеге тұруға мәжбүрлеу»;
-
115-1-бап — «Сталкинг»;
-
99-баптың 2-бөлігі 5-тармағы — «Аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру».
Прокурор өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұраған
Соттағы жарыссөз кезінде мемлекеттік айыптаушы Мадияр Абылқасымов айыпталушы Нұрай Серікбайды ұзақ уақыт бойы аңдып, қорқытып келгенін айтты. Прокурордың сөзінше, қысымнан кейін қыз телефон нөмірін бірнеше рет ауыстырып, тіпті Алматыға барып жасырынуға мәжбүр болған.
Мемлекеттік айыптау тарапы Нұрайды мәжбүрлі түрде алып кету эпизодына да тоқталды. Прокурордың айтуынша, қыздың Шерхан Аймаханға «өз еркімен» барғанын көрсететін видео шын мәнінде қысым жағдайында түсірілген. Ондағы мәтіннің алдын ала жаттатылғаны да айтылды.
Айыпталушы қылмысты аффект жағдайында жасағанын алға тартқан. Алайда сот-психиатриялық және психологиялық сараптамалар оның өз әрекетінің сипаты мен қауіптілігін түсінгенін көрсеткен.
Қылмыс 11 қаңтарда болған
Тергеу деректеріне сәйкес, Нұрай Серікбайдың өлімі 2026 жылғы 11 қаңтарда Шымкентте болған. Іс бойынша сот процесі шілде айында басталды.
Тергеу барысында қыздың бірнеше рет пышақ жарақатын алғаны анықталған. Шерхан Аймахан тағылған айыпты мойындамай, қылмыс кезінде аффект жағдайында болғанын айтқан. Алайда сараптама оның есі дұрыс екенін көрсеткен.
Сот ақырында айыптау тарапының ұстанымын қолдап, Аймаханды үш бап бойынша кінәлі деп таныды. Оған төтенше қауіпсіздік мекемесінде өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Нұрай Серікбайдың отбасы соттан айыпталушыдан 10 миллиард теңгеден астам материалдық және моральдық өтемақы өндіріп беруді талап еткен.
Материал авторы