106

Елде күштік құрылымдарда жұмыстан шығаруға мораторий енгізілді деген ақпарат жалған боп шықты

2026 жылдың қарашасынан бастап жұмыстан кетуге тыйым салынады деген ақпарат тараған.

Елде күштік құрылымдарда жұмыстан шығаруға мораторий енгізілді деген ақпарат жалған боп шықты

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда құқық қорғау органдары, арнайы мемлекеттік органдар мен Қарулы күштердегі қызметкерлерді жұмыстан шығаруға және кадрлық ауыс-түйістерге уақытша тыйым салынады деген ақпарат тарады. Алайда бұл мәліметтің шындыққа қатысы жоқ. Бұл туралы Президент жанындағы ОКҚ-ның Дезинформацияға қарсы күрес орталығы хабарлады.

Мессенджерлерде тараған хабарламада 2026 жылғы қарашадан 2027 жылғы ақпанға дейін күштік құрылымдарда толық кадрлық мораторий енгізілетіні айтылған. Яғни осы кезеңде қызметтен босату, басқа лауазымға ауыстыру және жаңа қызметке тағайындау сияқты кадрлық шешімдерге тыйым салынатыны жазылған.

Жалған ақпаратты таратушылар өз мәліметтерінің растығын дәлелдеу үшін 2026 жылғы 3 маусымдағы №295-VIII Қазақстан Республикасының заңына сілтеме жасаған.

Алайда Дезинформацияға қарсы күрес орталығы бұл заңның расымен қабылданғанын, бірақ онда күштік құрылымдардағы жұмыстан босату немесе кадрлық ауыс-түйістерге тыйым салатын норма жоқ екенін түсіндірді.

Сонымен қатар тараған хабарламаның жалған екенін көрсететін тағы бір белгі бар. Онда шешімді қай мемлекеттік орган қабылдағаны, құжаттың нақты күні мен нөмірі, қолданылатын құқықтық норма және оған жауапты лауазымды тұлға көрсетілмеген.

Осыған байланысты мамандар азаматтарды мессенджерлердегі күмәнді хабарламаларды тексермей таратпауға шақырды. Мұндай ақпаратты алдымен мемлекеттік органдардың ресми ресурстарынан тексерген жөн. 

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор