«Человек в маске» 16 жастағы қызға пәтер мен жаңа өмір сыйлады
16 жастағы Нұрана ауыр жұмыстан құтылып, оқуына қайта оралатын болды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 16 жастағы Нұрана отбасын асырау үшін оқуын тастап, егістікте жүкші болып жұмыс істеуге мәжбүр болған. Енді оның өмірі күтпеген жерден өзгерді: белгісіз меценат отбасына пәтер сыйлап, анасының емі мен қыздың оқуына қаржы берді.
Нұрананың анасы онкологиялық аурумен күресіп жүр. Ал әкесі миға қан құйылуынан қайтыс болған. Анасы мен қызының жеке баспанасы болмағандықтан, олар сарайды паналауға мәжбүр болған.
Қыз отбасына көмектесу үшін егістікте ауыр жұмыс істеген. Ол картоп, бұршақ және құлпынай жинап, жүкші болып еңбек еткен. Нұрананың басты арманы — оқуын жалғастырып, бұл жұмыстан босау және анасының сауығып кетуіне жағдай жасау болған.
Оның айтуынша, өміріндегі қиындықтарға қарамастан, жақсы күннен үміт үзбеген.
Жасөспірімнің жағдайын білген маска киген қайырымды жан оның отбасының өмірін түбегейлі өзгертуге шешім қабылдаған. Ол Нұрана мен анасына пәтер сыйлап, анасының емделуіне және қыздың білім алуына қажетті қаражатты қамтамасыз еткен.
Осылайша, отбасын асырау үшін оқуын тастап, ауыр жұмысқа кіріскен Нұрана енді білімін жалғастырып, анасының емделуіне жағдай жасай алады.
Материал авторы