Бектеновтің айтуынша, сот қызметкерлері істі қарап жатқан сот алқасының құрамын атаудан бас тартқан. Бұдан бөлек, кәсіпкер тарапы сөйлескен сот хатшысы да өзін таныстырмай, деректерін айтпаған. Бұл жағдай процестің ашықтығына қатысты сұрақ туғызуда.
«Сот хатшысы судьялардың тегін атауды да, өзін таныстыруды да қажет деп таппады. Бірнеше мәрте жолданған өтініштерімізге де нақты жауап ала алмадық», — дейді Бектенов тарапы.
Сот процесінің ұйымдастырылуына қатысты да қосымша сұрақтар туындаған. Кәсіпкердің сөзінше, сот «хабарламалар спамға кетіп жатыр» деген сылтаумен ресми сот чатын ашпаған.
«Бұл енді ашық абсурдқа ұқсайды. Соның салдарынан сот чатын өзім ашуыма тура келді», — деді Бектенов.

Сурет: yandex.kz/maps
Негізгі шешімдердің хронологиясы
— 2025 жылғы 25 шілдеде Тараз қалалық соты Бектеновтің 2021 жылғы медиативтік келісім бойынша міндеттемелерін толық орындағанын мойындады (2022 жылы — 30 млн теңге, 2024 жылы — 300 мың теңге). 2025 жылғы 6 қарашада Жамбыл облыстық соты бұл шешімді күшінде қалдырды.
— 2025 жылғы 23 желтоқсанда Астананың Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты (судья Г.Ш. Сейпенова) жеке сот орындаушысы Ташқараевтың әрекеттерін заңсыз деп танып, 8,23 млн теңгені қайтаруды міндеттеді. Сот жеке сот орындаушысы сыйақыны тек нақты өндірілген 300 мың теңгеден ғана алуға құқылы екенін тікелей көрсетті.
— 2026 жылғы 2 наурызда Тараз қалалық соты Бектеновтің Алимовке қарсы талабын ішінара қанағаттандырып, төмендегіні өндіріп берді:
• 8 230 839 теңге — негізгі сома;
• 1 465 991 теңге — өсімпұл;
• 96 967 теңге — мемлекеттік баж;
• 969 683 теңге — өкіл шығындары.
Алимов апелляциялық шағым түсіріп, өндіріп алуды сот орындаушысы жүргізгендіктен, өзін тиісті жауапкер емес деп мәлімдеді.
Бектенов тарапының негізгі уәждері
Бектеновтің өкілі Аяна Молдыбаева апелляцияға берген қарсылығында Алимовтың уәждерін қатаң түрде жоққа шығарды:
— дәл Алимов жеке сот орындаушысы аударған 7,62 млн теңгені алған;
— Алимов міндеттемелердің орындалғанын 2022 жылдың өзінде білген, соған қарамастан 2024 жылы саналы түрде атқарушылық өндірісті бастаған. Бектенов тарапы мұны құқықты теріс пайдалану деп бағалайды;
— Астана сотының апелляциялық алқасы Бектеновтің құқықтарын қорғау үшін талап дәл өндіріп алушы — Алимовке қарсы берілуі тиіс екенін бұған дейін де көрсеткен;
— «тиісті емес жауапкер» және Бектенов өкілінің өкілеттігі жоқ деген уәждер бұған дейін айтылмаған әрі бірінші сатыдағы сотта зерттелмеген;
— Бектенов тарапының мәлімдеуінше, Алимов Бектеновке және өзге тұлғаларға қарсы жүйелі түрде негізсіз талап-арыздар беріп келеді.
Бектенов тарапы апелляциялық шағымды қанағаттандырусыз қалдырып, Тараз қалалық сотының шешімін өзгеріссіз қалдыруды сұрап отыр.
Жамбыл облыстық сотына қатысты жүйелі сұрақтар
Істі тарапты тиісті түрде хабардар етпей қарау, сот құрамын жариялаудан бас тарту және ресми сот чатының болмауы процестің ашықтығына қатысты елеулі сұрақтар туғызады. Мұның бәрі жарыспалылық пен тараптардың теңдігі қағидаттарының сақталуына күмән келтіреді.

Сурет: yandex.kz/maps
Қоғам әлі күнге дейін өзге де сұрақтарға жауап алған жоқ:
— «Оптимед» клиникасының директоры Ержан Алимовте «достық қарыздарға» ондаған миллион теңге қайдан пайда болды?
— бұл қаражат жер мәмілелерімен немесе ӘМСҚ мемлекеттік тендерлерімен байланысты ма?
Бектенов заңсыз өндірілген қаражаттың толық қайтарылуын, өсімпұл мен сот шығындарының өтелуін, сондай-ақ атқарушылық өндірісті бизнеске қысым көрсету құралы ретінде пайдалану тәжірибесін тоқтатуды талап етуде.
Smartnews.kz Жамбыл облыстық сотындағы оқиғаның өрбуін бақылауды жалғастырады.
RUS