SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, шоу-бизнес өкілдері Динара Сәтжан мен Баян Алагөзова әлеуметтік желідегі «емшіге» қарсы заң аясында шара қолдануға кірісті. Екі танымал тұлға да Ақтөбедегі блогер әйелдің әрекеттерін сынға алып, оның қызметіне құқықтық баға берілуі тиіс екенін мәлімдеді.
Динара Сәтжан Instagram-парақшасында өзін көпшілік алдында қорлап, жалған ақпарат таратқан интернет-емшіге қатысты Ақтөбе облыстық Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне сұрау жолдайтынын хабарлады. Тележүргізушінің айтуынша, блогер TikTok пен Instagram арқылы ақылы бата беріп, «қасиетті заттар» мен БАД өнімдерін сатып, емшілік қызмет көрсетеді.
Сәтжан әсіресе әлеуметтік желі арқылы жиналатын қаржының заңдылығына күмән келтірді.
«Ақылы бата үшін түскен миллиондар қайда кетіп жатыр? Бұл қандай «қасиетті заттар»? Мұндай қызмет ресми түрде тіркелген бе?» деген сауалдар қойды ол.
Баян Алагөзова да әріптесін қолдап, аталған блогердің эфирлерде ұзақ уақыттан бері қорлау мен жала жабумен айналысып жүргенін айтты. Продюсердің сөзінше, бұл мәселемен қазір заңгерлер айналысып жатыр.
«Әлеуметтік желі кей адамдарға ойына келгенді айтуға мүмкіндік берді. Егер біреу осылай хайп жасап, аудитория жинағысы келсе, оның соңы сотпен аяқталатынын түсінуі керек», – деді Баян Алагөзова.
Әлеуметтік желі қолданушылары сөз болып отырған адамның Ақтөбелік Бағдагүл есімді блогер екенін жазуда. Ол бірнеше TikTok және Instagram парақшасында өзін емші ретінде таныстырып, қызметін жарнамалап келеді.
Бұған дейін Бағдагүл есімді әйел TikTok-та Баян Алагөзова мен Динара Сәтжанға қатысты өткір пікір айтып, олардың жеке өмірі мен қызметін сынаған болатын.
«Қазақстанды ұстап тұрған екі қатын ғой. Біреуі - Баян-Шаян, екіншісі - Динара. Екеуі екі бай еркекті ұстап алған. Екеуінің жерге түкірігі түспей тұр. Бірақ қазақша сөйлеп елге жаны ашымайды. Динара Сәтжанның сән көрсетілімі масқара болып жатыр енді.
Жұрттар жазып жатыр қалай қарауға болады деп. Оған арнайы шақырту керек дейді. Арнайы шақырылғандарды көрдік, тек байдың қатындары. Арасында бір кедейі жоқ. Киімдердің дизайны жақсы енді, бірақ көбінің материалы арзан. Көрініп тұр сапасыз дүние екені», - деген еді сынықшы әйел.
RUS