Жазға қараған мезгіл болған соң су мәселесі жылдағыдай қайта айналып келетіні бар. Бұл проблема жалғыз Қазақстанға ғана емес, бүкіл адам баласына тән бас ауру болғаны қашан. Өйткені табиғи өзен-көлдердің суы адамдарға жетпейтін қиын ахуал пайда болған.
Азия Даму Банкі әлемдегі су проблемасына зерттеу жүргізген екен. Соның ішінде Орталық Азия елдеріндегі су мәселесінің жағдайына байланысты да қорытынды жасаған. Зерттеушілер 2050 жылға қарай Орталық Азиядағы су тапшылығы 37 пайызға жетуі мүмкін екенін айтады. Сол үшін осы бастан су инфрақұрылымын жаңғырту және қайта құру қажет деп жатыр. Себебі келе-келе су проблемасы азық-түлік тапшылығына, тіпті қақтығыстарға алып баруы мүмкін. Мұндай жағдайды тудыратын климаттық өзгерістер уақыт өткен сайын ауырлап барады. Азия Даму Банкі суды дұрыс бөліп, тиімді пайдалану үшін елдер ынтымақпен бірлесіп жұмыс істеуі керек деп ескертеді. Суды сақтауда қоршаған ортаны қорғаудың да маңызы үлкен. Өйткені климаттық өзгерістерді адам баласы қолдан жасап жатыр. Мысалы, ауаның газдармен және зиянды өндіріс қалдықтарымен ластануы, өзен-көлдердің айналасында карьерлердің көбеюі судың тартылуына әсер етеді.
Климаттың өзгеруі Орталық Азия, Моңғолия, Пәкістан, Қытай Халық Республикасы және Кавказда байқалатыны айтылады. Зерттеуге сәйкес, су тапшылығы, шөлейттену және құрғақшылық сияқты жағдайлар жиілеуі мүмкін.
Азия Даму Банкі климаттағы өзгерістерді азайтудың стратегиясын әзірлеуді, оған бейімделудің жобаларын жасап, жұмыстың механизмдерін қаржыландыруды ұсынады. Мысалы, бұл іске ғалымдарды жұмылдыру, жиі халықаралық конференциялар ұйымдастыру деген сияқты әрекеттер жасалуы айтылды. Жалпы, климатты жақсартуға және су көздерін сақтауға 2030 жылға дейін шамамен 100 миллиард доллар жұмсалуы мүмкін.
Су проблемасы алдынан шығып жүрген елдер көп болса, соның бірі – Қазақстан. Осы бірер жыл бұрын қуаңшылық болып, мал қырылды емес пе? Бұл да климаттың өзгеруінен және судың тапшылығынан болды. Орталық Азияда су ресурстары тиімді бөлінген емес. Құлақтың басында отырған Тәжікстан мен Қырғызстан соңғы жылдары өзге көрші елдерге суды беріп жарытпай келеді. Су саудаға салынуда. Ең қиын жағдай қазақтың басында, өйткені аймақтың солтүстігінде жатырмыз, ал Орталық Азиядағы өзендер бастауын оңтүстіктен алады.
Уақыт өтіп, су тапшылығы сезіліп келеді. Алдағы 5-10 жылда ол тапшылық арта түседі деп жатыр. Ал су – өмір, экономика, ауыл шаруашылығы. Су деген – мал, егін, тіршілік пен өсіп-өну. Қырғыздар мен тәжіктердің арасында жыл сайын жазғы мезгілде жанжал туындап жатады. Ал бұған себеп болған нәрсе өзендердің су екені белгілі. Яғни суға талас. Жалпы, адамзат келешекте су үшін бір-біріне соғыс ашады деген жорамал айтылып жүр. Ал оны болдырмау үшін проблеманы бірлесіп шешейік деген бастаманы Азия Даму Банкі көтеріп келеді.
Келе-келе Балқаш көлі Аралдың кебін киюі мүмкін. Себебі Балқашқа келіп құятын Іле өзені Қытайдан бері ағады, бастауында-ақ кеміп жатыр. Қытайдан бері астын Ертіс өзені де тарылып келеді. Себебі Қытайда суды пайдалану, экономикаға қолдану, кәсіпорындар ашуға су тарту жылдан-жылға артып барады. Ал мына жақта Ресей Каспийге құятын ірі өзендердің жолын бөгеп жатыр.
Беті аулақ, ауыз су тапшылығы келмесін. Зерттеушілер әлемде екі миллиардтай адам ішетін таза ауыз суға зәру екенін айтады. Соның салдарынан түрлі кикілжіңдер мен соғыстар орын алуда. Кейбір елдер су жүйелерінің нысандарын торуылдап, оның ағысын бұрып алуда. Сөйтіп суды қарсыластарына қарсы қару ретінде пайдаланып жатыр.
Су проблемасының шешімі біздің еліміздің оң жамбасына келмей тұр. Қазақстан су тапшылығын көру ықтималы жоғары елдердің біріне жатады. Судың жетіспеушілігі қуаңшылықа, тапшылыққа, жоқшылыққа алып баруы мүмкін. Сондықтан осы бастан әрекетті арттырып, тиімді жобаларды жүзеге асыра бастау керек екені жиі айтыла бастады. Бірінші кезекте көрші елдермен арадағы суға байланысты келісімдер өте ұзақмерзімді болуы маңызды.