Ұйымдастырушылар негізгі тақырып ретінде «Жасанды интеллект дәуіріндегі адам капиталы» бағытын таңдап алды. Себебі, кез келген ұйымның жетістікке жетуі үшін адам капиталы маңызды фактор болып қала бермек. Адамзат автоматтандыру мен роботтандыру саласында айтарлықтай табыстарға қол жеткізіп жатқанымен, ақылды, дарынды адам жұмыс өнімділігін арттыру және бәсекеге қабілетті болу үшін басты ресурс болып қалады. Бұл философия Орталық Еуразия елдерінде қарқынды дамып келе жатқан стартап мәдениетіне де тән.
«2023 жыл жасанды интеллекті дамуында революциялық жыл болды. Жаңа технологиялар өмірімізді өзгертті, бірақ өзгерістер мұнымен тоқтап қалмайды. Сол себепті венчурлық нарық әрбір инвесторға болашақтың бір бөлшегі болуға және Еуразия аймағындағы құнды ой, стартап идеялар мен жобаларды жүзеге асыруға, оларды басқа дамыған ірі нарықтарға шығаруға мүмкіндік береді», - деп атап өтті шараның ұйымдастырушысы әрі MOST холдингінің басқарушы серіктесі Павел Коктышев.
«Жасанды интеллект таңғаларлық инновация әкеледі, көкжиекті кеңейтіп, жаңа мүмкіндіктер ашады. Ол 2030 жылға қарай әлемдік жалпы ішкі өнімге 15,7 триллион доллар табыс ретінде қосуы мүмкін. Бірақ талантты адамдар болмаса, технология түкке тұрғысыз. Адами капитал жасанды интеллект эволюциясын жасап, оған әлемді жақсы жаққа өзгертуге тырысып бағатын ақыл-ой мен кәсіпорындарға қызмет етуге мүмкіндік береді. CEVF форумында біз жарқын әрі жемісті болашақ үшін технология мен таланттарды біріктіреміз», - деп толықтырды ұйымдастырушылардың бірі және Investbanq негізін қалаушы Олжас Жиенқұл.
Форумға бизнес-періштелер, венчурлық инвесторлар мен қорлар, технологиялық стартаптар мен корпорациялар, сондай-ақ осы өңірдегі венчурлық индустрияға қызығушылық танытып жүрген барлық адамдар қатысады.
Форум аясында Astana Hub халықаралық технопаркі ғарыш технологиялары саласындағы IT-стартаптар жарысы - Space Tech Battle өткізеді. Байқаудың жүлде қоры – 15 мың АҚШ доллары. Оған қатысуға өтініш 20 мамырға дейін қабылданады.
2022 жылғы венчурлық форум Алматы қаласында өтті. Оған 800 адам қатысып, Орталық Азия технологиялық экожүйесіндегі ең ауқымды іс-шара болды. Форумға қатысқан стартап өкілдерінің сөзінше, командалар шынайы инвесторлармен қарапайым нетворк арқылы 5М доллар инвестиция табуға мүмкіндік алды. Ал инвесторлар қызықты стартаптар тауып, институционалдық ойыншылармен нетворкін кеңейтті.
Форумға Алматы қаласы әкімдігі мен Цифрландыру басқармасы, АҚШ Халықаралық даму агенттігі (USAID), Еуропа қайта құру және даму банкі (EBRD), Freedom Broker, Astana Hub халықаралық технопаркі, Цифрлық төлем индустриясының әлемдік көшбасшысы Visa компаниясы, Дүниежүзілік банк тобының мүшесі Халықаралық Қаржы корпорациясы (IFC) қолдау білдірді.
Central Eurasian Venture Forum Swissôtel Wellness Alatau Almaty қонақүйі (бұрынғы Алатау шипажайы) аумағында өтеді. Мекенжайы - Таусамалы көшесі, 50А. Форумға билет және стартап ретінде аллеядан орын алу үшін https://ventureforum.asia/ сайтына кіру керек.