Биыл көршіміз Өзбекстанда кезектен тыс президент сайлуы өтеді. Бұл туралы Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев ел Конституциясына енгізілген өзгерістер жөніндегі референдум қорытындысы бойынша үкіметтің кеңейтілген отырысында мәлімдеді. Кезектен тыс сайлаудың өтетіні туралы жарлыққа қол қойды. Ал референдумның қорытындысы бойынша Конституцияға өзгерістер енгізілді. Осылайша Өзбекстан президенті алдағы екі мерзімде 14 жыл елді басқарса өзі де қартайып қалады екен. Биыл 24-шілдеде 66 жасқа толады. Халқына жайлы болса өмір бойы президент болып отырса да ешкім қой демес. Ал келе-келе диктаторға айналып кетсе, үлкен өкініш сонда болады.
Қабылданған шешімнің оңдылығы жайлы айта отырып, Өзбекстан президенті Конституцияға енгізілген түзетулер биліктің барлық тармағын реформалайтынын және олардың арасындағы қатынастар мен тепе-теңдік өзгеретінін айтты. Жаңа Конституция билік тармақтарының әрқайсысына жаңа міндеттер қоятын көрінеді. Ал Өзбекстанның Сайлау кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, мерзімінен бұрын президент сайлауы жарияланғаннан кейін екі ай ішінде, яғни 2023 жылы 9 шілдеде өтуі керек.
Өзбекстан Конституциясының жаңа редакциясын халықтың 90,21 пайызы қолдады. Елдің 9,35 пайызы конституциялық заң жобасына қарсылық білдірген, бюллетеньдердің 0,49 пайызы жарамсыз деп танылған. Өзбекстандағы Конституция 1992 жылы қабылданған, содан бері республиканың басты заңына 15 рет өзгерту енгізілді. Конституция 65 пайызға жаңартылып, 27 жаңа бап енгізіліп, олардың жалпы саны 155-ке жетті.
Басқа өзгерістердің қатарында сенаторлар санын 45 пайызға қысқарту, парламенттің төменгі палатасының бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі өкілеттіктерін бекіту, өлім жазасына тыйым салу, ел азаматын шет мемлекетке беруге тыйым салу бар. Сонымен қатар Өзбекстанның негізгі заңында азаматтық қоғам институттары және олардың қызметінің кепілдіктері туралы тарау пайда болады. Өзбекстанда Референдум 30 сәуірде өтті.
Шавкат Мирзиеев билікті өзінің оң жамбасына ыңғайлап алды демесек, елдің өзге жағы жаман емес сияқты. Соңғы уақытта әр салада ілгерілеушілік бар. Мысалы, 2022 жылы Өзбекстанда 1 миллионнан астам тұрмысы төмен отбасының жағдайы түзеліпті. Яғни миллионнан аса адамның мойнынан кедейшіліктің қамыты сыпырылып түскен. Бұл туралы жақында Өзбекстан үкіметінде кедейшілікті жою және жұмыс орындарын көбейту шаралары жөніндегі жиналыста айтылды. Үкімет кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығына триллиондаған сум қаржы құйып жатыр. 2022 жылы осы мақсатқа 15 триллион сум бөлінген екен. Егін егемін дегендерге былтыр 200 мың гектар жер берілген. 20 кәсіпорынға мемлекет көмектесіп, өндіріс аясын ұлғайтыпты. Осы жиынға қатысқан Мирзиеев жұмыс орындарын бұдан да көбейте түсуді тапсырды. Ал бизнес өкілдері мен үкімет арасында білікті мамандарды даярлап шығару келісімінің жобасы жасалды. Жалпы, Өзбекстан үкіметі еңбек адамының мәртебесін өсіруде және оған әлеуметтік жағдайды жасауда айтарлықтай жетістікке жеткен.
Халықтың көбеюі үшін де жағдай керек және ынта да қажет. Биылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша Өзбекстан халқының саны 36 миллион 24 мың 946 адамға өсті. Халықтың тең жартысы ауылдық жерде тұрады. Бұл да өсімнің артуына ыңғайлы болса керек. Бұған қоса Өзбекстан ТМД бойынша халқы ең жас және тез өсіп келе жатқан ел болып есептеледі. Яғни Өзбекстанда жастар көп. Соған қарағанда халықтың өсімі таяу арда қазіргіден де шапшаңдауы мүмкін. Демографиялық болжам бойынша, туу көрсеткішінің жоғары екенін ескере отырып Өзбекстан халқының саны 2030 жылға қарай 41 миллион адамнан асады.
Өзбекстан Республикасының Болжау және макроэкономикалық зерттеулер институтының мәліметінше, көптеген елдерде халықтың қартаюының жаһандық проблемасы артып жатқанда Өзбекстанда демографиялық жағдайдың жасару процесі жүріп жатыр. Халықтың бұл өсімі, өлім-жітім көрсеткішінің төмен және туу көрсеткішінің салыстырмалы түрде жоғары болуына байланысты. Бала туудың күрт өсуі негізінен 25 пен 39 жас аралығындағы әйелдерде байқалды. Болжам бойынша 2030 жылға қарай 18 жасқа дейінгілердің саны қазіргіден 2,4 миллионға артады, ал еңбекке жарамды жастағы ерлердің саны 1,4 миллионға көбейеді.
Сарапшылар Өзбекстанның жедел өсіп-өнуінің бірнеше себебін айтады. Халық санының көбеюі экономика үшін тиімді болмақ. Экономикалық тұрақтылық артады, ауыл шаруашылығы өркендейді. Өзбектер әуел бастан ауыл шаруашылығына өте бейім халық. Сонымен қатар өзбектер сауда мен кәсіпке де біртабан жақын. Елде кезінде сатылып кетпей, таратылмай, осы күнге дейін жұмыс істеп тұрған өнеркәсіп орындары бар. Машина жасау өнеркәсібі, резина, тұрмыстық жабдықтар, автокөлік қосалқы бөлшектерін жасумен қоса көмір, табиғи газ, мұнай, уран сынды қазба байлықтар өндіреді. Өзбекстанның осы күнге дейін жабық саясат ұстануы – оның экономикасын сыртқа тәуелділіктен қорғап келді. Өзбекстанның саясаты елді біртұтас ұлттық мемлекетке айналдырды. Сырттан кіретін идеологиялық бөлшектеушілікке қарсы әрекет жасалды.
Міне, осындай артықшылықтар Өзбекстанның алдағы кезде жедел дамуына қозғаушы болатын көрінеді. Өзбектердің еңбекқорлығы тағы бар. Миллиондаған адам жыл сайын шет елдерге барып жұмыс істейді. Ондай жұмысқа жақсы маманданған Сол шет елдерге барып істейтіндер қыруар ақша тауып әкеліп, оны Өзбекстанның экономикасына құяды.
Біздегі «Жаңа Қазақстан» деген сияқты қадам өзбектерде де бар. Бұдан бірер жыл бұрын Өзбекстан президенті «Янги Узбекистон» газетіне берген сұхбатында былай деді:
«Жаңа Өзбекстан — демократия, адам құқығы мен еркіндігі барысында жалпы мойындалған норма. Принциптерге қатаң мойынсұнып, әлем қауымдастығымен достық ынтымақтастық қағидаттары негізінде дамитын, мақсаты халқымыз үшін еркін, абат және ізгі өмір жаратып беруден тұратын мемлекет. Біз — Өзбекстан азаматтары қоғамымыздың саяси-құқықтық, әлеуметтік-экономикалық ажары қарқынмен өзгеріп, өмірімізде жаңаша қатынастар, жаңа мүмкіндік пен құндылықтар қалыптасып жатқанын басқалардан көбірек сезінудеміз. Әсіресе, «адам құқығы мен еркіндігі», «заң үстемдігі», «ашықтық пен жариялылық», «сөз еркіндігі», «дін және наным еркіндігі», «қоғамдық бақылау», «гендерлік теңдік», «жеке меншікке қол сұқпау», «экономикалық қызмет еркіндігі» сияқты фундаменталды түсініктер және өмірлік дағдылар қазіргі күнде нақтылыққа айналып келе жатқанымен де маңызды».