498

Ақтөбеде 26 жастағы қыз балконнан құлап көз жұмды

Көпқабатты үйдің 7-ші қабатынан 26 жастағы ақтөбелік секіріп кетті. Ол оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды smartnews.kz сайты.

Ақтөбеде 26 жастағы қыз балконнан құлап көз жұмды
Ақтөбе облысы ПД баспасөз қызметі

Оқиға Ақтөбе қаласы ағайынды Жұбановтар көшесінде болды. Бүгін сағат 15:30-да Жедел басқару орталығының пультіне көпқабатты үйдің балконынан қыздың құлағаны туралы хабарлама келіп түсті.

«Полиция қызметкерлері 9 қабатты үйдің 7-қабатының балконынан секірген 26 жастағы қыздың мәйітін тапты. Қыз алған жарақаттарынан жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін қаза болды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр»,- деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Еске салсақ, Ақтөбеде биыл 168 адам өз-өзіне қол салды. Оның ішінде 47 адам көз жұмып, қалғаны құтқарылды.

Ақтөбе облыстық прокуратурасының мәліметінше, суицид жасайтындар саны артқан. Былтыр бес айда 128 дерек тіркелсе, биыл 168-ге жеткен. Орта есеппен күніне 2 адам суицид жасайды.

«Ақтөбе қаласында 143, Мұғалжарда 5, Шалқарда 4, Мәртөкте 3, Әйтеке би ауданында 3 жағдай тіркелді. Көпқабатты үйлерден секіру кезінде қоғамда ерекше резонанс туындайды. Биыл осындай 5 жағдай тіркелді. Сәуір айынды үш әйел көпқабатты үйден секірді. Оның біреуі 25 қабатты «Ақтөбе-Ажары» тұрғын үй кешенінде болса, екіншісі Ақтөбе қаласының орталығындағы тоғыз қабатты үйде анықталды. Қазір облыс прокуратурасы жергілікті атқарушы органның атына суицидтің алдын алу жөнінде шаралар қабылдау туралы хат жолдады», - деп хабарлады Ақтөбе облыстық прокуратура басқармасының прокуроры Асхат Макаев.