Жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қорғаудың қосымша деңгейі туралы айтсаңыз.
Қазақстан азаматтары әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде еңбек қызметін жүзеге асыру асырмауына қарамастан, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен базалық деңгейде әлеуметтік көмек алады.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру 2005 жылдан бастап әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қорғаудың қосымша деңгейі ретінде енгізілді.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қаржы ресурстары жұмыс берушілердің өз жұмыскерлері үшін, сондай-ақ дара кәсіпкерлердің және жеке практикамен айналысатын адамдардың өздері үшін төлейтін бір ең төменгі жалақыдан кем емес және жеті еселенген мөлшерінен аспайтын табыстың 3,5%-ы мөлшерінде төлейтін әлеуметтік аударымдары есебінен қалыптастырылады.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне шамамен 6,6 млн. жұмыс істейтін азамат қатысады және миллионнан аса адам Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (Қор) еңбекке қабілеттілігінен айырылу, асыраушысынан айырылу, жұмысынан айырылу, жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы асырап алуға байланысты кірісінен айырылу, сондай-ақ бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айырылу жағдайлары бойынша әлеуметтік төлемдерді алады.
Жауабыңызға рахмет, қазақстандықтар үшін әлеуметтік сақтандырудың артықшылықтары қандай?
Жұмыскер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы бола отырып, жұмыс істемейтін азаматтарға қарағанда айтарлықтай артықшылықтарға ие болады.
Әлеуметтік аударымдар міндетті зейнетақы жарналары сияқты жұмыскердің жалақысынан ұсталмай, жұмыс берушілердің қаражаты есебінен төленетінін атап өткім келеді.
Әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда Қор әлеуметтік төлемдерді жүзеге асыруды қамтамасыз етеді, соларға толығырақ тоқталайық.
Жұмыскер өзінің еңбекке қабілеттілігінен айырылған, сондай-ақ ол қайтыс болғанда - отбасына асыраушысынан айырылу жағдайларына екі ұзақ мерзімді әлеуметтік төлем жүргізіледі. Бұл төлемдер бюджеттен тағайындалатын мүгедектігі және асыраушысынан айырылу бойынша базалық мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларға қосымша жүзеге асырылады.
Бұл ретте, бюджеттік жәрдемақылар сияқты, Қордан тағайындалатын ұзақ мерзімді төлемдердің мөлшері жыл сайын арттырылып отырады, бұл инфляцияның әсерін өтеуге мүмкіндік береді. Ағымдағы жылы төлемдер 2023 жылдың 1 қаңтарынан және 1 шілдесінен бастап екі рет көтерілді, жылдық мәнде оның мөлшері 23%-ға арттырылды.
Келесі екі әлеуметтік төлем ана мен балаға байланысты. Сонымен, жұмыс істейтін әйел жүктіліктің отызыншы аптасынан бастап Қордан жүктілікке және босануға байланысты біржолғы әлеуметтік төлемді, ал бала туылғаннан кейін – бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша төлем алады. Ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап бала күтімі бойынша төлемнің ұзақтығы бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзартылды.
Жұмысынан айырылып, жұмыссыз ретінде тіркелген жағдайда Қордан жұмысынан айырылу бойынша тағайындалатын әлеуметтік төлем міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы үшін маңызды қолдау болып табылады. Жұмысынан айырылу жағдайына әлеуметтік төлем жұмыстан шығу себебіне қарамастан тағайындалады.
Ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енген Әлеуметтік кодексте қандай жаңалықтар көзделген?
Біздің жүйе үшін Әлеуметтік кодекстің қабылдануымен болған негізгі өзгеріс міндетті әлеуметтік сақтандыруға жататын адамдардың санаттарын, атап айтқанда, жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектігі бар тұлғаларды бірге алып жүретін жеке көмекшілермен, ал 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кірістер алатын жеке тұлғалармен кеңейту.
ҚР Әлеуметтік кодексі шеңберінде электрондық нысанда көрсетілген мемлекеттік қызметтерді көрсету мерзімі 4 жұмыс күніне дейін қысқартылды. Есепті кезеңде әлеуметтік төлемдерді тағайындау бойынша электрондық қызметтердің үлесі 57% деңгейіне жетті.
Өздеріңіз білетіндей, Қордан төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшері әр алушыға жеке есептеледі және әлеуметтік аударымдардың Қорға уақтылы және толық төленуіне тікелей байланысты болады. Осыған байланысты, өтініш беру кезеңінде ақпараттық жүйе өтініш берушінің атына келіп түскен әлеуметтік аударымдар туралы хабарламаны қалыптастыратын болады.
Жұмыс беруші Қорға әлеуметтік аударымдардың артық (қате) төленген сомаларын қайтармаған жағдайда, кейіннен төлеушіні кері қайтару мүмкіндігі туралы хабардар ете отырып, әлеуметтік аударымдарды түзету механизмі енгізілді.
Жалпы Кодексте төлемдерді тағайындаудың қолданыстағы тәртібі сақталған.
Қор үшін қандай міндеттер ең маңызды болып табылатынын айтып өтсеңіз?
Қордың негізгі міндеттері халықтың міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне деген қанағаттанушылығын арттыру және нәтижелі, әрі ресми жұмыспен қамталуын ынталандыру болып табылады.
Мен атап өткендей, біз қызмет көрсету сапасын жақсарту бағытында жұмыс істеуді жалғастырамыз.
Мемлекеттік органдарда цифрлық технологияларды одан әрі дамыту және әлеуметтік сала процестерін сәтті автоматтандыру осы міндеттерді іске асыру үшін барлық қажетті алғышарттарды жасайды.
Қордың облыстық деңгейде 20 филиалы бар. Мемлекеттік қызмет көрсетудің бизнес-процесі автоматтандырылған, атап айтқанда қалыптасқан электрондық іс макеті «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясынан филиалға түседі. Бұл Қор қызметкерлерінің халықпен тікелей байланысын болдырмайды.
Күн сайын филиалдың бір жұмыскері әлеуметтік төлемдерді тағайындауға арналған 47-ге жуық электрондық іс макеттерін қарайды. Әлеуметтік төлемдерді тағайындаумен қатар, филиал жұмыскерлері азаматтардың өтініштерін қарауды, сондай-ақ еңбек ұжымдарында және тұрғындармен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізуді жүзеге асырады.
Өткен жылдың қыркүйек айынан бастап Қазақстанда отбасының цифрлық картасы (ОЦК) енгізілді, ол отбасыларды әлеуметтік мәртебесі мен отбасылық әл ауқатының дәрежесіне қарай мемлекеттік қолдау түрлерін алуға құқықтары бар екенін хабардар ететін электрондық хабарламаның бір түрі болып табылады. Қор SMS-хабарламалардың көмегімен ОЦК арқылы анықталған 24 мыңға жуық әлеуетті алушыларға әлеуметтік төлемдерді тағайындады. ОЦК «адамға қызмет көрсету» қағидатына негізделген, азаматтарды қызметтермен проактивті форматта қамтуды кеңейтудің жаңа құралына айналды.
Қорытындылай келе, Қазақстанда қазан айының соңғы жексенбісі әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің мыңдаған әскері үшін кәсіби мереке болып табылатынын атап өткім келеді.
Әлеуметтік қызметкер мамандығы соншалықты танымал болмаса да, оларға өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға қамқорлық жасау жауапкершілігі жүктелген. Олар көзге көрінбейтін, аса еленбейтін қажырлы еңбек барысында, біреулері зейнетақы мен жәрдемақы тағайындауды жүзеге асырса, басқалары арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетеді, үшіншілері жүргізіліп жатқан реформаларға бақылау мен мониторингті қамтамасыз ете отырып, заңнамамен жұмыс істейді.
Олар үшін ең үлкен марапат — бұл қамқорлыққа алынғандардың алғысы, мұндай марапатқа әлеуметтік қолдау уақтылы, атаулы және сапалы көрсетілсе ғана лайық бола аласыз.
Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, әріптестерімді әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні мерекесімен құттықтап, оларға денсаулық, ұзақ және табысты мансап, бақыт пен амандық тілеймін.